25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда «бисмилләны» айту мәселесі

Намазда «бисмилләны» айту мәселесі

Намаз

Намазда «бисмилләны» айту мәселесі:

1. Ханафи мәзһабы бойынша Құранда келген барлық «бисмиллә» Құран аяты болып есептеледі. Өйткені, Құран парақтарында уахи ретінде жазылғанның бәрі – аят. Мұнда талас жоқ. Демек, «бисмиллә» Құран парақ- тарында жазылғандықтан, оны да аят деуіміз заңды. Сол себепті, ғұсылы жоқ кісі және хайызды, нифасты әйелдер «бисмилләны» Құран аяты ретінде оқымайды. Тек бір істі Алланың атымен бастау мақсатында немесе жәй дұға ретінде айтуларына рұқсат.

2. Ханафи мәзһабында «Бисмиллә» «Фатиха» сүресінің бір бөлігі емес (Шәфиғи мәзһабында фатиханың біраяты болып есептелінеді). Оған дәлел ретінде, Ибн Мәжәда келген бір хадисте Сахаба Әбу Һурайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Алла тағала былай дейді: «Мен намазды Өзіммен құлымның арасында екі бөлімге бөлдім. Бірінші бөлімі мен үшін, екінші бөлімі пендемнің тілектері үшін... Пенде «Әлхамдулиллаһи раббиль алямин» дегенде Алла тағала: «Құлым маған шүкір айтты, оған да сұрағаны беріледі», - дейді...».

Осы хадиске қарасақ, «Фатиха» сүресі «бисмилләсіз», «Әлхамдулиллаһи раббиль алямин» деп басталған.

Егер де «Фатиха» сүресінің бір аяты болғанда оны да міндетті түрде тілге алар еді. Демек, «бисмиллә» «Фатиха» аяттарының бірі емес. Ол өз алдына аят болғанымен, тек сүре араларын бөліп тұрушы рөлін ғана атқарады. Ешбір сүреге қатысы жоқ.

3. Әр рәкәғатта «Фатихадан» бұрын іштей «бисмиллә» айтылады. «Бисмилләны» «Фатиханың» бір аяты санаған риуаятты да назарға ала отырып, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад әр «Фатихадан» бұрын бисмилләны айту уәжіп деген96. Осыған қарап кей ғалымдарымыз: «Дұрысы әр рәкәғат басында «Фатихадан» бұрын бисмилләны айту керек. Егер «Фатиха» басында ұмытылып, айтылмай қалса намаз соңында сәһу сәждесін жасау керек»,– деген.

4. «Фатихадан» кейін оқылатын қосымша сүренің басында «бисмилланы» айтудың қажеті жоқ. Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф бойынша. Ал, Имам Мұхаммедтің тұжырымына қарағанда, іштей оқылатын намаздарда қосымша сүренің алдында да бисмилланы айту абзал.

5. Намазда «сәнә» дұғасы және «әғузу» мен «бисмиллә» үнемі іштей айтылуы тиіс. Өйткені, бізге Пайғамбарымыздан солай жеткен.Сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздың, Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның артында тұрып намаз оқыдым. Олардың ешқайсысынан «бисмилләны» жария етіп оқығанын естіген жоқпын».

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: