25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз отырысында саусақты көтерудің жөн-жоралғысы

Намаз отырысында саусақты көтерудің жөн-жоралғысы

Намаз

Алланың бір, дара екендігіне ишарат ету барлық мәзһабтарда мұстахаб амалға жатады. Яғни, орындасаң сауап жазылады, орындамасаң – күнә емес. Ханафи мәзһабындағы айырмашылық мынау: сұқ саусақ «лә иләһа» деген кезде көтеріліп, «Иллалла» деген кезде түсіріледі. Сұқ саусақты көтеріп, ишарат ету «Алладан басқа тәңір жоқ» дегенді құптау үшін жасалады. Ал, намазда сұқ саусақты көтеріп, оны үздіксіз қимылдату мәкрүһ амалға жатады.

Шафиғи мәзһабының белді ғалымы Имам Мұхиддин ән-Науауи өзінің пәтуа жинағында «Тәшәһһүдте оң қол- дың сұқ саусағымен ишарат ету мұстахаб амал ма? Және қай уақытта ишарат етіледі? Және саусақты үздіксіз қимылдатады ма? Жоқ, әлде үздіксіз қимылдатудан намаз бұзылады ма? Сондай-ақ, оң қолмен қатар сол қолдың да сұқ саусағымен ишарат жасалады ма? Егер оң қолдың сұқ саусағы жоқ болса, сол қолдың сұқ саусағымен ишарат жасауға бола ма?» деген бірқатар сұраққа былайша жауап берген:
«(Әттәхият дұғасындағы) «Иллаллаһ» сөзінде бір рет оң қолдың сұқ саусағын көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат жасау – мұстахаб. Бірақ, оны дұға айтылып біткенше көтерудің қажеті жоқ. Егер бұлай істесе, намазы бұзылмағанымен мәкрүһ болады. Намазы бұзылады, деп те айтқандар бар. Оң қолдың сұқ саусағы бар болса да, жоқ болса да, сол қолдың сұқ саусағымен ишарат жасалмайды. Ал, егер жасайтын болса, намаз бұзылмағанмен, мәкрүһ болады».

Ал, Ханбали мәзһабының ғұламасы Ибн Құдама өзінің «әл-Мұғни» атты мәшһүр кітабында былай дейді: «Тәшәһһүдте (иллалла деп) Алланы айтқан кезде сұқ саусақты көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат жасайды. Өйткені, Абдуллаһ ибн Зүбайрдан Алла елшісінің саусағымен ишарат ететіні және оны дұға айтылып біткенше көтермейтіндігі риуаят етілген».
Сондай-ақ, Ханбали мәзһабының белді ғалымдары- ның бірі – Мансұр ибн Йунус ибн Идрис әл-Бәһути өзінің «әр-Раудул-мұрабба» атты кітабында былай дейді:
«Намаздың тәшәһһүдінде және дұғасында һәм басқа жердегі дұғаларда да (иллалла, деп) Алланың аты айтылған кезде Алланың бір екендігін білдіру мақсатында сұқ саусақпен ишарат жасайды. Бірақ, сұқ саусақты дұға айтылып біткенше көтермейтін еді».
Мәлики мәзһабындағы белгілі пәтуа бойынша сұқ саусақ дұға айтылып біткенше көтерілмейді, тек ишарат етіледі. Бұл жайлы Мәлік ғалымы Имам Ибнул-Хажиб та өзінің «Мұхтасарында» айтып өткен. Бұл айтылғандар сұқ саусақты дұға айтылып біткенше көтерудің мәкрүһ амал екендігіне байланысты мәзһаб ғұламаларының берген жауабы. Сұқ саусақты дұға айтылып біткенше көтерудің қажеті жоқтығына, тек Алланың бір екендігіне ишарат жасалатындығына байланысты сахих Мүслімде ибн Омардан мынандай хадис риуаят етілген:Әлі ибн Әбдіррахман әл-Муъауий былай деді: «Абдулла ибн Омар менің намазда ұсақ тастармен ойнап отырғанымды көрді. Намаз біткен соң ол мені бұл істен тыйды да: «Алла елшісінің істегеніндей істе!» – деді. Мен: Алла елшісі қалай жасайтын еді? – дедім. Ол былай деді: «Алла елшісі намазда отырған кезде оң алақанын оң санының үстіне қойып, саусақтарын жиып, сұқ саусағымен ишарат ететін. Ал, сол алақанын сол санының үстіне қоятын» Сондай-ақ, Абдуллаһ ибн Зубайрдан риуаят етілген хадисте дұға айтылып біткенше көтерілмейтіні анық айтылған.

Абдуллаһ ибн Зубайрдан риуаят етілді. Ол былай деді: «Алла елшісі дұға жасағанда (намазда «әттәхият» дұғасын оқыған кезде) саусағымен ишарат ететін, оны ұдайы көтермейтін».
Имам Мұхиддин ән-Науауи Насаиде және Әбу Дәуідте келген бұл хадисті «Сахих», деп, бағалаған. Сондай-ақ, бұл хадисті әл-Бәйһақи, ибн Хиббан, әз-Заһаби сынды хадис білгірлері де сахих, деп, бағалаған.
Ал, енді сұқ саусақты дұға айтылып біткенше көтеруді жақтайтындар мынандай хадиске сүйенеді:Уайл ибн Хужрдан риуаят етілді. Ол былай деді: «Алла елшісінің қалай намаз оқитынын көргім келді. Сөйтіп, ол кісінің былай оқығанын көрдім... Сосын бас бармақ пен ортаңғы теректі біріктіріп, дөңгелек пішінге келтірді. Одан кейін сұқ саусағын көтерді де ұдайы қимыл- датып, дұға ете бастағанын байқадым».Біріншіден, Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген бұл хадистің мәтініне «қимылдататын еді» деген етістіктің артынан қолданылғанын ескерейік. Себебі, Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген бұл хадисті оннан аса хадис ілімінің хафиздары риуаят еткен кезде «ишарат етеді» деген сөзбен ғана шектелген. Ешқайсысында «қимылдататын еді» делінбеген. Ал, хадис ілімінде белгілі бір хадисшінің жеткізген риуаяты өзінен де сенімді басқа хадисшінің жеткізген риуаятына қайшы келіп жатса, онда ол хадис «шәзз» болып есептеледі. Ал, хадистің сахих болуы үшін оның «шәзз» болмауы шарт. Бұған қоса, Абдулла ибн Зубайрдан риуаят етілген сахих хадисте саусақтың үздіксіз қимылдатылмайтындығы анық білдірілген. Сондай-ақ, Мүслімдегі хадисте десұқ саусақты қимылдату жөнінде айтылмаған. Хафиз Әбу Бәкір ибн Хузайма «қимылдататын еді» деген сөздің артық екендігін анық айтады. Ол өзінің «әс- Сахих» еңбегінде: «Бұл риуаяттан басқа ешбір риуаятта (қимылдататын еді) дегені айтылмаған. Осы риуаятта ғана артық айтылған» деген.

Ал, енді жоғарыдағы дәлел ретінде келтіріліп отырған хадистегі «саусағын қимылдататын еді» деген сөзді «артық», «шәзз», деп, қабылдамағанның өзінде оны Абдуллаһ ибн Зубайрдың «үздіксіз қимылдатпайтын еді» деген хадисімен тігісін жатқызып, бір-біріне қайшы келмейтіндей етіп түсіндіруге де болады. Яғни, «сұқ саусағын қимылдататын еді» дегенде оны үздіксіз қимылдату тұрғысынан емес, саусақты жоғары көтеріп, ишарат ету, деп, түсіну керек. Себебі, бір рет жоғары көтерудің өзі қимылдатуға жатады. Сонда Мүслімдегі және басқа да хадистердегі «саусағын көтеріп, ишарат ететін» еді деген хадистерге қайшы келмейді. Бұл жайлы Имам әл-Бәйһақи былай дейді:
«Уайл ибн Хужрдың риуаятындағы «қимылдататын еді» деген тіркестің мағынасы үздіксіз қимылдатуды емес, саусақты бір рет көтеріп, (Алланың бір екендігіне) ишарат етуді білдіруі ықтимал. Осылай түсінген жағдайда бұл риуаят Абдуллаһ ибн Зубайрдың «қимылдатпайтын еді» деген риуаятына сәйкес келеді»Ал, «саусақты қимылдату – шайтанға тоқпақ» деген түсінікке келер болсақ, біріншіден, бұл мағынада риуаят етілген хадистердің бәрі әлсіз. Екіншіден, бұл хадистегі «темірден де қатты» деген сөз тіркесін тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында түсіну керек. Мысалы, Ахмет ибн Ханбалдың «Мүснәдында» келтірілген Нафиътың риуаятын тарқатып түсіндіріп көрейік.«Нафиътан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар намазда отырғанда екі қолын тізесіне қоятын да саусағымен ишарат ететін. Көзін саусағына жүгіртетін. Сосын Алла елшісі: Бұл, яғни, сұқ саусақ шайтанға темірден де қатты», – деп, айтты, – деді».

Бұл хадис «Алладан басқа тәңір жоқ» деген мағынаны білдіретін «иллалла», деп, айтылған кезде сұқ саусақты көтеріп, Алланың бір, дара екендігіне ишарат ету – бейнебір шайтанды темірмен ұрғандай деген мағынаға саяды. Яғни, Алла бір, деп, саусағыңды көтеріп, ишарат етуің шайтанға ауыр соққы болып тиетін амал. Әйтпесе, қолдың астында шайтан тұр,саусақты үздіксіз қимылдатқан сайын шайтанның басынан ұрасың дегенді білдірмейді. Бірақ, хадистің астарына терең үңілмейтін, танымы таяз бәзбір жандар мұны осылай түсініп жүргені өкінішті-ақ.
Бұл жайлы Хафиз Әбу Бәкір Ибнул-Араби әл-Мәлики «Ъаридатул-ахуази» атты Тирмизиге жазған түсіндірмесінде былай дейді:
«Тәшәһһудта саусақтарыңды үздіксіз қимыл- датудан сақ болыңдар!... Сұқ саусақты үздіксіз қимыл- датсаң, шайтанға ол тоқпақ болады дейтіндерге таң қаламын. Біліп қойыңдар! Сендер шайтанға бір сау- сақтарыңды қимылдатсаңдар (бір рет ұрсаңдар), ол сендерге он рет қарсы қимылдатады (Яғни, намазда көңілдеріңді қажетсіз бос нерсеге бұру арқылы сендерді он рет ұрған болады). Шын мәнінде, шайтанды саусақтарыңды үздіксіз қимылдатумен емес, оны өздеріңнің ықыластарыңмен, Алла алдында шынайы берілулеріңмен (хушууъ), зікір-дұғаларыңмен, Аллаға сыйынуларың арқылы тоқпақтайсыңдар».

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: