26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздың отбасындағы бақыт пен берекеге әсері

Намаздың отбасындағы бақыт пен берекеге әсері

Намаз

«Отбасымнан татулық, тыныштық алыстап, проблемала көбейіп кетті, жұмысым оңға баспай қалды,  бала-шағаммен қарым-қатынасым нашарлап кетті, отбасыма деген мейірімім азайып бара жатқандай» деген шағыммен келетін жандарға ислам ғұламалары ортақ бір жауапты береді: «Намазыңды дұрыста, намазыңа бекем бол!».

Расында, намаз дүниенің де, ақыреттің де істерін дұрыстаушы құлшылық. Өйткені, намаз – сенің Алламен қарым-қатынасыңды ретке келтіруші. Ғалымдардың бірі: «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, Оның саған бұл дүниеде не істетіп қойғанына қара» деген екен.

«Бақара» сүресіндегі: «Намаздарға әрі ортаңғы намазға мұқият болыңдар және Аллаға беріле бойұсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят) деген аяттың алдында отбасылық мәселелер қамтылады. Тәпісір ғалымдары: «Ажырасу үкімдері, ер мен әйелдің құқықтары, қатынастарына қатысты мәселелерден кейін бірден намазға сақтық жасау керектігі турасындағы аяттардың келуінде үлкен астар бар» деген. Яғни, отбасындағы қиындықтар намазға сақтық жасаумен шешіледі екен. Хадисте: «Екінті намазын жіберіп алған отбасы мен мал-мүлкінен айырылғанмен тең» (Бұхари, Мусли) деп ескертіледі. Келтірілген мәтінге қатысты ғұламалар тарапынан: «Кімде-кім екінті намазына бекем болып, үнемі орындап жүрсе, отбасы мен мал-мүлкі амандықта болады» деген пікір айтылады.

 Құран қиссаларының қатарындағы Жүніс Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) туралы оқиға баршамызға мәлім. «Саффат» сүресінде Жүністің сабыр сақтамай, Алланың әмірінсіз өз елін тастап кеткендігі үшін алып киттің жұтып қойғандығы туралы айтылады да, артынан: «Егер ол (Алланы кемшіліктен) пәк деп дәріптеушілерден болмағанда, ол (киттің) ішінде  қайта тірілетін күнге дейін қалған болар еді» («Саффат» сүресі, 143-144-аяттар) деген аят келеді.Тәпсір ғалымдары «Тәсбих айтушылардан болмағанда» сөзі «намаз оқушылардан болмағанда» деп түсіндірген. Яғни, пенденің алдыңғы намазы оның бүгінгі қиыншылықтарынан құтылуына себеп болады.

«Қиналған кезде Құдайдың саған жәрдем бергенін қаласаң, жағдайың жақсы кезде Құдайыңды көп еске ал» деген даналық бұлағынан да көкейге тоқырымыз көп. Алланы еске алудың үлкені – намаз. Намазда дене мүшелері де, тіл де, жүрек те Алланы еске алып, бойұсынады. Тіпті, Құранда намаз оқуымыздың мақсаты анық баяндалған: «...Мені еске алу үшін намаз оқы!» («Та һа» сүресі, 14-аят).

Ең кереметі – бұл кезде Алла сені еске алады. «Бақара» сүресінің 152-аятында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» делінген. Аса ұлы Алланың Өз құлдарын еске алуы, құлдарының Оны еске алуынан үлкен. Ал әрдайым Раббысының есінде болған құлда қандай уайым болсын!?

ummet.kz

Бөлісу: