25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пендені көтеретін жалғыз «жығылу»

Пендені көтеретін жалғыз «жығылу»

Намаз

Пендені көтеретін жалғыз «жығылу» – ол оның сәждеге бас қойған кезі. Және адамның ең бақытты кезі намазда, намаздағы сəжде.

Намаз – кәлимадан кейін парыз болған ұлы ғибадат. Сондықтан да, Алласын танып, иман келтірген әрбір пенденің жүрегінде намазға деген құлшыныс бар. Құлшыныспен бірге күдікті ойлар қатар жүреді. Бұл сөзсіз – діннің емес, жынның ісі.


Ислам – сіздің, біздің ойымыздан, көңіл қалауымыздан тұрмайды. Бұл әлемдердің Раббысының діні болғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін Иесі ғана шешеді. Бізге ұнамаған нәрсе дін бойынша дұрыс деген сөз емес. Құлшылық Аллаға ұнамды ма, ұнамсыз ба деген сауалдың жауабы арқылы анықталады: «Алланың тура жолынсыз көңіл құмарлығына ергеннен өткен адасушы бар ма?» («Қасас» сүресі, 50-аят). Сол себепті, намазды өз уақытда оқудың өз сауабы бар. Құран мен сүннетте Алла Тағалаға ең ұнамды амалдардың саусақпен санарлығы ғана көрсетілген. Соның негізгісі – уақытысында оқылған намаз. Алланың разылығын іздеген адам осыны әрдайым есте ұстауы қажет.


Сол себепті, құлшылықтағы ықыласты, тақуалықты, ихсан дәрежесін (сен Алланы көріп тұрғандай немесе Алла сені көріп тұрғандай құлшылық ету) Алла Тағаладан сұраңыз. Жүректердің Иесі – Алла. Алла жеңілдік бермесе, Алла қаламаса, ешкімнің шарасы жоқ. Иманы ең кәміл, ең тақуа болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр!» деп дұға жасайтын болған. Ал Жаратушымыздың иман келтіргендерге үйреткен дұғасы мындай: «Раббымыз! Бізді тура жолға түсіргеннен кейін жүректерімізді ауытқытпа және бізге Өзіңнен бір мейірім сыйла. Ақиқатында, Сен – Сый берушісің». («Әли Имран» сүресі, 8-аят). Әр нәрсеге Күші жетуші Алладан ісіңізге жеңілдік сұраңыз. Дұғасы дұрыс, тырысуы, амалы шынайы әрі орнымен болса, мұндай адамды намаздың тастап кетуі мүмкін емес.

 

ummet.kz

Бөлісу: