«Hajj Ride» ресми қайырымдылық велосапары Сириядағы соғыстан зардап шеккендерге қаржы жинау мақсатын құрылған. Оның құрамында сегіз британдық мұсылман бар.
Акцияны ұйымдастырушы Абдул Вахидтің айтуынша, Лондон қаласынан Мәдинаға сапарға шығу велошабандозшылар үшін қиын емес. «Соңғы жылдары біздер Қажылық сапарының негізгі мән-мағынасын ұмыта бастадық. Мұсылмандар осы сапар үшін үлкен қажыр-қайрат, уақыт жұмсаған. Тіптен, қажылыққа жаяу кетіп, айлап, жылдап жүріп жеткен. Бұл – рухани сапар, бұл біз үшін әртүрлі ұлттарды, халықтарды көруге, танысуға үлкен мүмкіндік. Біз олармен жақын әңгімелесіп, біздің мақсатымыз жайында айтатын боламыз» дейді ол.
Акция аясында белсенді мұсылмандар Сирияда соғыс зардабын шеккен тұрғындарға көмек беру үшін миллион фунт стерлинг жинауды жоспарлайды. Қажылық сапары сегіз елден өтеді, оған шамамен 3500 шақырымдық жол мен алты апта уақыт қажет етіледі.
Британ белсенділері сапар барысында Ұлыбритания, Франция, Германия, Швейцария, Италия, Грекия, Египет елдерін басып өтіп, Сауд Арабиясына тоқтайды. Сапар қажылық құлшылығымен аяқталады. Акцияға қатысушылар қайырымдылық сапары әлемге ислам дінінің шынайы бейнесін танытады деген сенімде.