1-3 қыркүйек күндері Қырғызстанның Бішкек қаласындағы сауда орталықтарының бірінде VII халал азық-түлік және қызмет түрлеріне арналған жәрмеңке өтеді, деп хабарлайды ҚР Сауда-саттық палатасы.
Жәрмеңке мұсылман халқының қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылады. «Шараға Қырғызстанда және өзге елдерде «халал» сертификатын алған белгілі сауда маркалары қатысады. Сонымен қатар, Малайзия, Ресей, Қазақстан республикаларынан әлемдік деңгейдегі сарапшылар шақырылып отыр» делінген мәлімдемеде. Еске сала кетсек, өткен жылы Қырғыз республикасында Құрбан айт мерекесі 12 қыркүйекке сәйкес келді. Осы күні айтулы мереке демалыс күнінде өткен.