Еліміз бойынша ауа райының күрт төмендеп, азық-түлік пен таксидің бағасы көтерілгені, ең бастысы адамдар арасында мейірім мен қайырымдылықты насихаттау мақсатымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМДБ) «Суық күнде жылу сыйла!», «Қолдан келсе, қолғабыс бол!» қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.
Ізгі шара аясында Елорда мешіттерінің қызметкерлері мен жамағаты «Тегін такси» қызметін ұсынып, жолда қалған жүргіншілерді тегін тасымалдауға кірісті.
Қайырымдылық акциясына «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұжымы да атсалысты. Мешіт ұжымы «Тегін такси» қызметі арқылы жолаушыларды тасымалдап, ет өнімдері салынған қайырымдылық сөмкелерін «Астана тазалық» ұжымының 20 қызметкеріне табыс етті.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең игі істер: мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлау – оның қарызын өтеу, оны тамақтандыру» деген еді (Байһақи). Осы өнегелі сөзге амал еткен мешіт ұжымы «Астана тазалық» қызметкерлеріне ыстық тамақ ұсынып, арнайы жайылған дастарханнан ас берді.
Сауапты іс жасап, бір-бірімізге мейірімділік танытуға ауа-райының салқындығы да кедергі келтірмейтінін осындай игі істерімен көрсете білген мешіт ұжымына қала тазалықшылары өз алғыстарын білдірді.
ummet.kz