Баланы жақсы сөзіңмен қуант, үлгілі ісіңмен қуант. Сонда ғана жауақызын жүректегі ақылға сәуле түсіп, шуақты күндерге куә боламыз.
Баланың – бала сезіміне қуаныш сыйлауға амал еткен «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде жаңа 2023 жылдың алғашқы қайырымдылық шарасы өткізілді. Бұл жолы мешіт ұжымы елордалық елу балаға базарлық жасап, олардың құрметіне ақ дастархан жайылды.
Әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған бүлдіршіндердің көңілін сергіту, қуаныш, жылулық сыйлау мақсатында өткізілген ізгі шарада балаларға сый-сипаттар, кітаптар үлестірілді.
Балалардың танымын кеңейтіп, зеректігін дамыту үшін түрлі зияткерлік ойындар ойнатылды.
Сондай-ақ, балалардың ата-аналарына ет өнімдері мен азық-түлік алуға арналған арнайы сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, осындай сауапқа толы шараның өтуіне «Қарайлас» қайырымдылық қоры атсалысып, демеушілік жасады.
Қайырымды істің жылулығын сезінген отбасылар мешіт ұжымы мен демеуші азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
ummet.kz