26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ең салиқалы әйел

Ең салиқалы әйел

Исламдағы отбасы
Жарнама

Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді» (Бұхари) деп сүйіншіледі. Егер әйел басына келетін мына сынақтарды қонағыңыздай күліп қарсы алсаңыз, демек, сіз ең салиқалы әйелсіз.

►Басыңызға түскен сырқатқа сабыр сақтаудың соңы жақсылыққа ұласады!

Сөзсіз, ауру-сырқат – адамға қиындық тудырады, уайым-қайғы құштырады. Яғни, бұл – сынақ. Егер, әйел басына келген дертке сабыр сақтаса, кенет баласын күтіп жүріп, түсік жасаса, бірақ артынша Алла туралы жақсы ойласа, Одан келетін жазадан қорқып, онан сайын Аллаға жақындай түссе, мұның соңы адам үшін жақсылыққа ұласады. Алланың басқа салғанына разы күйде Оның Даналығына, Пәктігіне зәредей шүбә келтірмей, қиындықтың соңынан екі бірдей жеңілдікті күту, сыйды дәмету – мұсылманның ең қайырлы ісі. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шындығында үлкен сынаққа, үлкен сауап бар, Егер Алла Тағала адамдарды жақсы көрсе, Ол оларды сынақтарға салады да, одан кейін оларға ризалығы ретінде игілік жібереді, ал сол кезде наразылық білдіргендер Оның  ашуына ұшырайды» (Тирмизи) деп ескертті.

►Жүктіліктің ауыртпалығымен келген сынақ әйелді тазартады!

Жүктілік пен толғақ – Аллаға ұнамды істердің қатарында. Өйткені, ана өмірге бір Аллаға ғана құлшылық ететін, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетінің қатарын толықтыратын, отанына қызмет ететін жанды дүниеге әкеледі. Ықылым заманнан-ақ, әйелдің абыройы да өзі жарық дүние сыйлаған перзенттердің саны мен сапасы арқылы артып отырған. Жүктілік уақытындағы түрлі физикалық ауыртпашылықтар, ауру-сырқат, жайсыздық, Алла қаласа, әйелдер қауымын сансыз сауаптың, көл-көсір сыйдың астында қалдырмақ. Өзі нәзік жаратылыс бола тұра Алланың құрсағына бітірген аманатын аялау үшін әйел көптеген қиындықты өткермей ме? Ал хадистерде: «Мұсылманды қандай да бір шаршау, не ауру, не уайым, не қайғы шалсын, не зиян шегіп, мұң бассын, тіпті тікен кірсе де Алла онымен күнәларын кешіреді» (Бұхари, Муслим), «Қандай да бір мұсылманды зиян шалса – тікенектен бастап – Алла онымен оның жамандықтарын кешіреді және ағаш жапырақтарынан қалай арылса, ол да солай күнәларынан арылады»,  – делінген (Бұхари, Муслим).

Кім перзентінен айырылса, ол сабырлық сақтаса, оған пейіште «мадақ» атты бір үй құрылады!

Егер Алла Тағала сенен қандайда бір нәрсені алатын болса, с оған төзіп, сауап үміт етсең, Алла Тағала саған одан да жақсысын береді. Алла: «Кімнің екі көзін алған болсам, ол сабырлық қылса, олардың есесіне Жәннат беремін», «Кімнің дүниедегі сүйгенін алып қойсам, ол бұдан сауап үміт етсе, оған Жәннат беремін»,– дейді. Сондай-ақ кім перзентінен айырылса, ол сабырлық сақтаса, оған пейіште «мадақ» атты бір үй құрылады. Бұлар қарапайым мысал ғана, осыларға қарап басқа да нәрселерді салыстыра бер. Сондықтан саған жеткен қайғыға еш өкінбе. Өйткені, бұл қайғыны тағдыр еткеннің қасында Жәннат, үлкен сауап, қайтаратын есе бар. Бастарына қайғы жеткенде сабыр сақтай білген Алла Тағаланың достары «Фирдаус» жұмағында «Сабыр еткендерің үшін сендерге Алланың есендігі болсын! Бұл Ақырет жұрты нендей жақсы» – деп қарсы алады.

►Күйеуіңіздің кейбір қылықтарына сабырлық етсеңіз, дәрежеңіз өседі!

Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың. Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыры ғана. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады. Жеңіс сабырлылықпен келеді. Күйеуіңізбен болған кейбір кикілжіңде сіз-ақ төмендей салыңыз. Бұл да сынақ. Ал кез-келген сынақ – Алладан келетін қонақ. Оны күліп, қуанып қарсы алған сайын Алланың алдында дәрежеңіз өседі. Әйел – тек бір Аллаға құлшылық ету және ерінің тыныштық табуы үшін жаралғанын ұмытпаңыз.

►Аллаға  ғана тәуекел еткен әйел ұтылмайды!

«Алла Тағала: «Кімнің дене-мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам жақсы сабыр етсе, қияметте одан есеп сұрауға ұяламын» деген еді (Хаким). Жеті қат аспан мен жеті қатпар жерді жаратуға Алла Тағаланың қуаты қиналмай жеткенде, сіздің жыртық жүрегіңізді жамауға күші жетпейді деймісіз?! Санаңызды жаулаған уайым мен қайғының торын бұзу Оған ауырлық танытады деймісіз?! Бақытқа жеткізіп, шаттыққа бөлеу де Оған түкке тұрмайды. Ендеше, Жаратушыңызға сеніңіз, арқа сүйеңіз, тəуекел етіңіз!

Өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла Сізге де нәсіп етсін!

ummet.kz

Бөлісу: