Ерлі-зайыптылар талақ етуді арнайы ниеттеніп емес, жай ғана «мен талақ еттім» деген сөздерді бір-біріне әзілдеп айтуы мүмкін. Егер отбасылы ер мен әйел бір-біріне ойнап болса да, осы сөздерді айтатын болса, Әбу Ханифа мен Имам Шафиғи мазхабы бойынша, талақ іске асып, екеуі сол сәтте-ақ ажырасып кетеді.
Бұған қасиетті Құрандағы: «Алланың аяттарымен ойнамаңдар» – деген аят дәлел («Бақара» сүресі, 231-аят). Имам Мұхаммед бізге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады (яғни шындыққа есептеледі): талақ, азат ету және неке», – дегені жеткен дейді. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, талақ етудің ойыны мен шындығы бірдей болғанындай неке қиюдың да қалжыңы мен расы пара-пар (есептеледі)», – дейді.
Әл-Хасан риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ойнап, не қалжыңдап талақ қылса немесе ойнап неке қиса, ол оған рұқсат етіледі (яғни жүзеге асады)», – дейді. Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын): «Кімде-кім ойнап талақ қылса, неке қиса немесе (құлды) азат етсе, ол оған рұқсат етіледі (ол шынайы жүзеге асқаны)», – деп айтқан.
Әбу Дарда (оған алла разы болсын): «Үш нәрседе: некеде, талақта және құл азат етуде қалжыңдаушы рас айтушы (есептеледі)», – деп жеткізеді. Сондықтан, ойнап болса да «ажырасам» деген сөзді айтпауымыз керек екен.
ummet.kz