25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мына 6 амалды жасаңыз, сізді енеңіз қызындай көреді

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасының ең нәзік тұсы – ене мен келіннің қарым-қатынасы.  Бізді күндіз-түні аңдитын шайтан көп жағдайда осы есікті пайдаланып кетіп жатады. Сіз келінсіз, кішіпейілдік танытып, мына алты амалды жасасаңыз, енеңіз сізді өз қызындай көреді.

☺Енеңізбен сөзге келіп жатқан жағдайда тәрбиеңіздің тереңдігін көрсете біліңіз. Сол үйдің келіні екеніңізді, жасыңыздың кіші екенін есіңізге түсіріп, татулық шеңберінен шығып кетпеуді берік ұстаныңыз. Енеңізбен қарым-қатынас кезінде барынша артық сөз айтпауға, үндемеуге үйреніңіз. Осылайша, үндемей жанжалдан, түрлі жамандықтан құтыласыз. Әрі анасымен тату тұратын әйелге ер адам күн сайын ғашық болады.

☺«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» делінген хадисте (Бәйһақи). Енесін зерттеген келін оған қандай сыйлық ұнайтынын, қандай бұйым қажет екенін оңай тауып, амал жасайды. Қамқорлық таныту – келіннің басты қаруы. Кез-келген адам өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Мереке мен туған күнде де енеңізге сыйлық жасап, көңілін аулауды әдетке айналдыра біліңіз.

☺Енесінің кемшілігін көрген келін өзінің туыстарына, жат адамдарға айтудан алыс болғаны абзал.  Жалпы үйдегі әңгімені сыртқа айту ешкімге абырой әкелмеген. Жеке өміріңізде орын алған жақсылық пен жамандықты сыртқа жаюдан аулақ болғаныңыз абзал. Келеңсіздік тудырған жайттарды жасырып үйреніңіз. Келін – екі елдің ортасындағы көпір. Оның сәл ағат кеткен әңгімесі құдалардың арасына кірбің салады. Қашан да екі елді жарастыратын елші өзіңіз екенін есіңізге салып тұрыңыз.

☺ Енеңізді екінші анам, қамқоршым деп есептеңіз. Келін үшін енеден артық ақылшы жоқ. Бала күтімі мәселесінде де ене сізге ең жақсы ұстаз бола алады. Балаңызға таптырмайтын «бақташы» болады. Онымен барлық істе ақылдасып отыруды әдетке айналдырыңыз. Тіпті, тамақ дайындау, киім, сыйлық сатып алу секілді ұсақ-түйек істер кезінде де пікірін сұрап тұрыңыз. Себебі, үлкен кісілер кішілердің өзінен пікір алмасып, ақыл сұрағанын жақсы көреді.

☺ Келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Енеңіздің кейбір кемшіліктері мен теріс қылықтарына сабырлық танытып, түсінушілікпен қараңыз. Сіз де жасыңыз келіп, сіз де қартаясыз, келін түсіріп, ене атанасыз. Жақсылықтың болуына ниет еткен адам түбінде жеңіске жетеді.

☺ Енеңіздің ескертпелерін жылы қабылдап, түсіністік танытыңыз. Тұрмысқа шықпай тұрып сізге өз анаңыз да түрлі ескертулер жасайтын еді ғой. Сол секілді енеңіз де сізге жамандық ойлағаннан ескерту жасамайды. Ең бастысы, ескертулерінен қорытынды шығарып, өзіңіздің кішіпейіл келін екеніңізді ұмытып кетпесеңіз болды. Міне, осы алты амалды жасай алсаңыз, енеңіз сізді де өз қызынан кем көрмейді. Тек «енем мені өз қызындай көреді» деп қатты босаңсып кетпеңіз.

Салтанат Қожа

ummet.kz

Бөлісу: