26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жәннатта әйелдерге берілетін төрт сый

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жақсылық пен жамандық адамның екі қанаты. Жақсылық жасаушылар әлбетте, тек жақсы сыйлармен ғана сүйіншіленеді. Ізгі амалдар жасаушы салиқалы әйелдер қауымының Жәннаттағы жағдайы қандай болады? Оларға берілетін ең таңдаулы төрт сый қандай? Ол туралы қасиетті Құранда бірнеше сүрелер бар.  

 

Олар хор қыздарынан да сұлу болады

►Бұл өмірде уақыт өткен сайын қартайып, қауқарымыз кетіп, жүзімізден әр тая беретін болса, ал Жәннатта керісінше, күн өткен сайын сұлулық та арта бермек! Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жер бетінде жақсы, ізгі амал істегендері үшін жәннатқа кірген әйелдер, хор қыздарынан да сұлу болады»; «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады», – делінеді (Хаббан ибн Хабладан ибн әл-Мубарак риуаят еткен). Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Жәннатта бір базар бар (мұнда «базар» деп, олар жиналатын мәжіліс орны меңзелген). Оған (Жәннаттықтар) әр жұмада келеді (яғни, олар бұл орынға әр жұманың, яғни аптаның шамасында жиналады. Өйткені, Жәннатта күн және түн мен күндіз болмағандықтан, апта есебі де болмайды).Сонда солтүстіктің самалы есіп, олардың жүзі мен киімдеріне шашады (яғни, бұл жел жәннаттықтардың жүзі мен киімдеріне жаннаттың жеріндегі мискті және т.б. игіліктерді шашады) да, олардың көркі мен сұлулығы артады. Сөйтіп олардың көркі мен сұлулығы артып, үйлеріне қайтқанда, оларға әйелдері: «Алламен ант етейік, бізден (кеткендеріңнен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты ғой!» – дейді. (Еркектер де оларға): «Сендер де, Алламен ант етейік, біз (кеткеннен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты!» – деп айтады», – деген. (Муслим)

Олар тәтті тіршілікте болады

►Иманды әйелдер үшін Алла Тағала мәңгіліктің бақытын Уәде етеді: «Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік, күйеулеріне сүйікті, құрбылас еттік» («Уақиға» сүресі, 35-37-аяттар). Бұл аятты тәпсірлеген ғұламалар: «Олар жердегі өмірде қартайып, көріксіз болып қалғанмен, Алла Тағала ол әйелдерді қыздық пәктігімен, махаббатқа тұнған күйінде жаңадан қайта жаратады (Ибн Касир). «Бұл ‒ түрлі жаста дүниеде қайтыс болып, Жәннаттық болған барлық иманды әйелдерге қатысты. Олар өте сымбатты, сұлу болып, күйеулеріне құрбылас, жастары бірдей болады. Олар бір-бірінен разы болып, тәтті тіршілікте болады. А.Саъди» ‒ деп түсіндіреді.

Оларға ең дәмді жемістер мен сусындар ұсынылады

►Ізгі амалдары үшін және жарының разылығын алған әйелдер қауымы Жәннатқа кіргенде оларға шәрбат дәмді түрлі сусындар мен жемістер ұсынылады. «Олар (Алланың жазасынан қорқып, сақтанғандар) саялар мен бұлақтарда, көңілдері қалаған жемістер арасында болады. Оларға: «Жасаған амалдарың үшін рахаттанып жеңдер, ішіңдер!» делінеді» («Мурсәләт» сүресі, 41-43-аяттар). «Олар мөрленген шәрбаттан сусындайды. Оның сарқыны – жұпар. Талпынушылар, міне осыған ұмтылсын. Әрі оған Тәсним суы қосылған. Ол – жақындатылғандар ішетін бір бастау» («Мұттафифун» сүресі, 25-28-аят). «Әрі Біз оларға өздері қалаған жемістер мен еттерді (ет тағамдарын) қосамыз. Ол жерде олар (сусын) толы кеселерді бір-біріне ұзатады, онда бос сөз сөйлеу де, күнә жасау да болмайды» («Тур» сүресі, 22-23-аяттар).  «Олар ол жерде амандықта болып, кез келген жемісті алдыра алады» («Дұхан» сүресі, 55-аят). «Оларды мәңгі бозбалалар айналып, қызмет етіп жүреді, қайнар бұлақтан (толтырылған) көзе, құмыралар және кеселермен одан олардың бастары ауырмайды әрі ақыл-естерін жоғалтпайды – әрі олар таңдаған жемістермен және қалаған құс етімен...» («Уақиға» сүресі, 17-21-аяттар).

Олар ол жерде мәңгіге қалады

►«Оларға алтыннан жасалған табақтар және кеселер ұсынылады. Ол жерде көңілдер қалайтын және көздер рахаттанатын нәрселер бар. Әрі сендер онда мәңгі қаласыңдар» («Зухруф» сүресі, 71-аят). «Әрі оларға зәнжәбил (сусыны) араластырылған кеседен ішкізіледі, «Сәлсәбил» деп аталатын бұлақтан...» («Инсан» сүресі, 17-18-аяттар). «(Ей, Мұхаммед!) Иманға келген және ізгі амал жасағандарды сүйіншіле: оларға астынан өзендер ағып жататын (Жәннаттағы) бақтар бар. Оларға оның жемісінен бір ризық берілген сайын олар: «Бұл бізге бұрын да берілген еді» дейді. Оларға (Жәннатта) оның ұқсасы беріледі. Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 25-аят).    «Міне, сендерге істеген амалдарың үшін мұра етіліп берілген Жәннат – осы» («Әл-Зухруф» сүресі, 72-сүре).

ummet.kz

Бөлісу: