26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Салиқалы әйелдің 5 сипаты

Салиқалы әйелдің 5 сипаты

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әлемдердің Раббысы – Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Ислам - пәк және асыл дін. Алла Тағала Мейрімді, Рақымды және күллі әлемді жаратқан. Алла Тағала Құран Кәрімде Тин сүресінде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» - деген. Ал, соның ішінде әйел кісіге ерекше сұлулық пен нәзіктік сыйлаған.

Әйел – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасының алтын діңгегі. Әйел - сұлулыққа тұнып тұр! Айналаңызға зер салып қарасаңыз, Ұлы Шеберлігі мен асқан Даналығын паш еткен сән көрмесінде жүргеніңізді аңғару қиын емес. Абай Құнанбаев «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деп кезiнде ер азаматтарымызға кеңес берген болатын.

Ислам дінінде әйелдердің орны ерекше. Исламда әйел біріншіден мұсылмандардың, мүминдердің тәрбиешісі. Ислам болашағы мумин аналардың алтын қолында.

Алла Тағала әйел адамдарды көркем етіп жаратқан. Тек әйел адамға жарасатын сипаттар бар етіп жаратқан. Әр әйел адамның тәнінде мейірімділік, нәзіктік, кішіпейілдік жене жылулық деген қасиеттер бар.

Тек қана әйел адам ана бола алады, өйткені әйел жүрегін Алла Тағала жұмсақ әрі нәзік етіп жаратқан.  Әйел адам әрдайым барлық адамдардың қамын ойлап жүреді. Тұрмыстағы әйел өз отбасын, ата-анасын, ата-енесін, балаларын және туған-туыстардың халін ойлап уайымдап жүреді.

Салиқалы әйел – осы дүниеде уақытша берілген нығметтердің ең жақсысы.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: (الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ) رواه مسلم

Абдулла ибн Амр, Алла оған разы болсын риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі былай деген: «Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы салиқалы, жақсы әйел».

Салиқалы әйелге тән қасиеттер:

1. Тақуалық;

Тақуа әйел – Раббысының алдындағы міндеттерін толық орындайды.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ ) رواه أحمد وغيره

Абу Хурайра, Алла оған разы болсын риуаят еткен хадисте Алла Елшісі былай деген: «Егер әйел кісі бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынатын болса, онда оған: «Жұмаққа қалаған қақпасынан кір», - деп айтылады

2. Күйеуіне мойынсұну;

«Ниса» сүресінің 34-аятында былай айтылған:

فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ ۚ

«Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей (ар-ұяттарын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар». Яғни ізгі, салиқалы әйел Жаратушысына бойсұнып, Оның бұйырған құлшылықтарын орындайды және күйеуіне бағынып, оны тыңдайды.

3. Ұқыптылық пен үнемшілдік;

Салиқалы әйелдің – өмірлік ұстанымы үнемшілдікке негізделіп, ысырапшылдыққа жол бермейді.

Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا

«Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!». Келесі басқа аятта Жаратушы Иеміз былай дейді:

Сондықтан мұсылман әйел үйіндегі тұрмыстық жағдайына қатысты кез-келген мәселеде күйеуінің қолынан келмейтінді емес, керісінше шамасы келетін нәрселерді талап еткені дұрыс болады. Себебі біздің өмір сүріп жатқан заманымызда адамдар қызыға қарайтын игіліктер мен қатты маңызды болмаған қымбат әрі арзан дүниелер өте көп. Алла Тағаланың құзырында адамның тұрмыстық жағдайының кемел болғандығы емес, имани құндылықтардың толық болғаны аса маңызды.

4. Сабырлық;

Ізгі әйел – әрдайым сабырлық танытады.

Әйел кісі тіпті өзінің қызғанышын тежеудегі сабырлығы үшін де үлкен сый алады. Муджаһид, Алла оған разы болсын, былай дейтін: «Алла жолындағы күрес еркектерге бұйырылды, ал қызғану әйелдерге бұйырылды. Сондай-ақ сабырлық танытатын әйел, Алла жолында күресуші кісі алатын сауаптың жартысына ие болады»

5. Көркем мінез;

Ізгі әйел – көркем мінезді болады.

Көркем мінез - адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын Алла Тағала көркем етіп жаратқан. 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ .رواه النسائي

Әбу Һурайра, Алла оған разы болсын риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын; ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді». Бұл хадистен түсінгеніміз, мұсылман әйел өзінің мал-мүлкін өз қалауы бойынша жаратуға толық қақысы бар. Сонымен қатар күйеуі әйелінің жеке мүлкіне иелік ете алмайтындығы да белгілі. Десе де, парасатты әрі салиқалы мұсылман әйел дүниесін қалай жарататындығы және не нәрсеге жұмсайтындығы жөнінде күйеуімен ақылдасқаны жөн. Себебі мұндай мінез тек жақсы әйелдің бойынан ғана табылатындығы ақиқат. Сондай-ақ мұндай әрекет, күйеуінің әйеліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсері анық.

Пайғамбарымыз да Алла оған риза болсын, әйелге тән қасиеттерді айтып шыққан: адалдық, қарапайымдылық, ізгілік, мойынсұну, әділдік, көркем мінез. Барша үмметің аналарында да осындай қасиеттер болған еді. Бізге де осы қасиеттерге сай болуға тырысу керек.

Осындай қасиеттерді бойлары сіңірген әйелдер қатарын Алла Тағала көбейтсін!

Әйгерім Қайратқызы

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы

Бөлісу: