26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сүйіспеншіліктің 5 тілі

Сүйіспеншіліктің 5 тілі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасылық өмірінде ұстанған принциптері, отбасы, бала тәрбиесіне арналған сүннеті бар. Психологтар көптеген отбасылардың бірін-бірі дұрыс түсінбеуі салдарынан шайқалып жатқанын айтады. Ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінбегеннен кейін бір-бірінің сүйіспеншілік тілін де түсінбейді. Сүйіспеншілік тілі деген не? Яғни бір-бірінен күтетін құрметті немесе қызметті аңғара алмайды. Психологтардың айтуынша, сүйіспеншілік, ымырашылдық, яғни отбасын бақытқа жетелейтін бес жол бар екен.

Біріншісі – жақсы сөз. Ағылшын жазушысы Марк Твен «Жақсы сөз мені екі ай асырайды» деген екен. Біздің қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Көптеген отбасылар осы сөз құдіретін түсінбей жатқаны шындық. Оның құдіреттілігі соншалықты, «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөз айтыңдар немесе үндемеңдер» деген. Көптеген әйелдерге жақсы сөз жетпей тұрады. Әйелге мың жерден жағдайын жасап, уақыт бөлсең де, оған жақсы сөз жетпейді. Әйелдерге көп сөздің қажеті де шамалы. Мысалы, «Дайындаған тамағың қандай тамаша болыпты» немесе әйелі күйеуіне «Қоқысты шығарғаның үшін рахмет», күйеуі әйеліне «Мына көйлек саған жарасады екен» деген сияқты жылы сөздерді жиі айтып тұруғаны дұрыс.

Екіншісі – уақыт бөлу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күні үш бөліктен тұрған. Бірінші бөлігін – халыққа, екінші бөлігін – отбасына, үшінші бөлігін Аллаға құлшылыққа арнаған. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кей кездері әйелі Айшамен күресетін немесе жарысатын болған. Қараңызшы, бір үмбеттің пайғамбары жұбайына қаншалықты көңіл бөліп, бірге уақыт өткізген.

Психологтардың айтуынша, көптеген отбасылар бірін-біріне жеткілікті деңгейде уақыт бөлмегеннен кейін ажырасуға барады екен. Рас, кейбір әйелдер болады, оларға барлық жағдайды жасайсың, бірақ ол күйеуінен еш разы болмайды. Ыдыс-аяқты сындырып, баланы жылатып, берекені алады. Сондағы оның қалаған сүйіспеншілік тілі – күйеуінің оған аз да болса уақыт бөлуі.

Үшіншісі – сыйлық беру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық сыйлаңдар, бұл араларыңдағы сүйіспеншілікті нығайтады» деген. Шынында адамдар сыйлық алғанды жақсы көреді. Алайда отбасында сыйлық беру мәдениеті қалыптаспаған адамдар да бар. Менің бір жолдасым болды. Ешқашан үйінде мереке тойлап, бір-біріне сыйлық жасамаған екен. Осындай адамның жұбайының сүйіспеншілік тілі сыйлық болса онда олар бір-бірін түсінбей өтеді.

Төртіншісі – көмектесу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз киімін өзі тігіп кигені жайлы хадистер бар. Хазіреті Айша (Алла разы болсын) анамыздан сахабалар Пайғамбарымыздың үйде не істейтінін сұрағанда басқалар сияқты үйдің барлық шаруасына араласатынын, өзіне қатысты жұмыстарды атқаратынын айтқан. Кейбір адамдардың сүйіспеншілік тілі аз да болса үй жұмысына көмектескенін қалайды.

Бесіншісі – қатынас. Отбасылық өмірде маңызды нәрсенің бірі – жұптардың төсек қатынасы. Өкінішке қарай көптеген жұптар төсек қатынасына дұрыс мән бермейді. Мысырлық бір психологтың айтуынша, мұсылман әлеміндегі көптеген отбасылық проблема осы төсек мәдениетін меңгермегеннен болады екен. Осыған орай Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ері төсекке шақырған уақытта оған келуден бас тартқан әйелге періштелер таң атқанға дейін лағынет айтады», – деген. Өйткені мұсылман баласы Алла жаратқан табиғи қажеттіліктерді неке қиып, отбасын құру арқылы халал жолмен өтейді. Егер ер адам өз әйелінен қажеттілігін өтей алмаса, харамға, яғни зинаға баруы мүмкін.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: