26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қыз бала өмірлік серігін қалай табады?

Қыз бала өмірлік серігін қалай табады?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Аллаға шүкір, біз мұсылманбыз! Ислам бізге ақылға қонымды, қалыпты және құндылықты өмір сыйлайды. Біздің дінімізде әйел табиғатына жат нәрсе жоқ.

Біз ислам дінінен күнделікті өмірімізге және моральдық денсаулығымызға әсер ететін қажеттіліктерді аламыз. Алла Тағала «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы» Құран Кәрімде айтылғандай, еркек пен әйелдің арасындағы неке бірлігі - бұл Құдайдың маңызды өсиеттерінің бірі, оны орындау адамға Алла Тағаланың мейірімі мен рақымын табуға, отбасылық өмірдің қуаныштары мен қадір-қасиеттерін білуге, Жаратқан Иенің адамзат баласын жалғастыру жоспарын орындауға мүмкіндік береді. Дініміз қашан да әйел баласының жаратылысын ескеріп, оған ерекше қамқорлық танытқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерді теңіне қосыңдар деп өсиет еткен.  Қызды ұзатпай тұрып күйеу жігіт пен қалыңдықтың бір-біріне тең, әлде тең еместігін анықтап алудың мәні зор.

Адамзаттың басты міндеті — отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Қазақ халқы қандай қиыншылық болса да ең бірінші баласын отау қылып, үйлендіруге, бойжеткен қызын  ұзатуға асыққан. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендерге діні мен мінез-құлқына разы болатын біреу құда түсіп келсе, оны үйлендіріңдер. Әйтпесе жер бетінде сынақ болып, үлкен бұзықтық орнайды» (Тирмизи риуаяты). Хатим әл-Асам деген ғалым былай деген: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығуға болады: келген қонаққа ас беруде, мәйітті аттандыруда, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуда, қарызды қайтаруда, істелінген күнәға тәубе жасауда. Бұлар Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінен».

Асылында, адамның басты құндылығы да осы болса керек. «Қыз өссе — елдің көркі», «Жақсы қыз — аспандағы жұлдыз» деп қызға ерекше көңіл бөлген, оған құрмет көрсеткен, аялап, үкілеп өсірген. Сонымен қатар, оның жатжұрттық екенін де еске салып, «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның болашақ ана екенін, бір үйдің түтінін түтететін келін болатынын үнемі ескеріп отырған. Қыз балаға жар таңдауда кейбір мұсылман халықтарының салт-дәстүрлеріне байланысты көп мәселе бар. Бұл жер ренжітпеу немесе жаман ой және әңгімелерді тудырмау маңызды. Болашақ күйеу мен қалыңдықтың танысу процесі іс жүзінде қалай болмақ? Бұл қамқоршысыз, бірақ бөгде адамның, үшінші адамның қатысуымен бола ма? Жалпы танысу ережелерін сипаттап беру өте қиын, өйткені олар әрбір нақты жағдай, жеке ортаға байланысты. Көп нәрсе отбасының ішкі тәрбиесіне, жергілікті және ұлттық дәстүрлерге байланысты.

Қызын қырық үйден тыйған қазақ халқына Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда мынадай қанатты сөздерді айтып кеткен:

Тәрбиесіз бала білім ұғар ма,

 

Олай болса, уысыңнан шығарма.

 

Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,

 

Тартар күйік, ет кескендей етінен.

Алдында айтылғандай жар таңдарда не болмаса тұрмысқа шығуға ұсыныс келгенде ислам дінінде қыздың келісімін алуда аса ұқыптылық танытқан. «Мына адамға тұрмысқа шығасың ба» деп сұрағанда, қыздың үндемей қалуы келісімнің белгісі болып табылғанын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен байқаймыз: «Қызды тұрмысқа берерде міндетті түрде олардың пікірін біліңіз. Жесір немесе ажырасқан әйел өз пікірін дауыстап айтқан, ал бірінші рет тұрмысқа шыққалы тұрған қыз өз келісімін үндемей білдірген» (Табарани).

Тағы бір хадисінде былай деген: «Қыздың неке қию кезіндегі үндемеуі – оның келіскенінің белгісі болып табылады» (Мүслім).

Ислам отбасында ер адамды жетекші рөлге ие етіп қойған, өйткені ол әйелден гөрі физикалық және эмоционалдық күшке, тұрақтылыққа ие. Осы себепті ер адамға тек әйелдер мен қыздарының ғана емес, сондай-ақ көмек пен қолдауды қажет ететін барлық туыстарды қолдау мен тұрақтылықты сақтау  үшін жауапкершілік жүктелген. Әйелі күйеуінің досы, отбасы ісіне, балаларды тәрбиелеуге жауапты көмекшісі болып табылады. Ол күйеуіне бағынуы керек. Әйел өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін және парасаттылығын, өзін тек күйеуі үшін сақтауға міндетті. Ислам қағидаларына сәйкес өз өмірін бақытты өмір сүруге болатын жақсы өмір серігін таңдау-оңай міндет емес. Әдетте адамдар сұлулық, байлық, атақ, отбасылық жағдай сияқты түрлі себептерге байланысты таңдайды.  Осыған байланысты әйел заты Құранмен сүннетке сай өмірлік серігін қалай таңдау қажет?

Пайғамбарымыз (с.ғ.у) «Кімде-кім мал-мүлкі немесе сұлулығы үшін бір қызға үйленсе, оның мал-мүлкінен және сұлулығынан мақрұм қалады» деген.

Тағы бір хадисінде «Кімде-кім, діні мен мінезі жақсы болған әйелге үйленсе, Хақ Тағала оның мал-мүлкі мен сұлулығын арттырады»-деген. Бұл хадис әйел адамға да тиесілі. Ниетіңіз қалай болса, ісіңіз солай болмақ.

Сондай-ақ Жаббар Иеміз Құран Кәрімде «Игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық» - деген. Сондықтан да, Құран Кәрімнің аяты өмірдегі серігін іздеудегі басты талғамыңыз оның ізгілігі болуы тиіс екенін білдіреді. Қыз бала өзінің тәжірибесіздігімен, діни білімімен аздық туралығында өмірлік серіктесті таңдауда бірқатар қателіктер жіберуі мүмкін. Бұл кезеңде жастарға өздерін Құдайдан қорқу маңыздылығымен салт-дәстүрге сүйене, Олар бір-бірін көргендеріне, үйленгеннен кейінгі өмірге қатысы жоқ,  үстірт бірнеше сұрақ қойғандарына қанағат етіп жатады. Сондықтан да болашақ жарымен кездесу барысында төмендегі жайттарға мән берген абзал.

  1. Мүмкін және қажет болған жағдайда махрамдармен кездесіп, оның жеке басына және өмір салтына қатысты барлық күмәнді сұрақтарды қоюға тырысыңыз
  2. Бұл кездесу жігітті қайта көру үшін емес, бірақ өтініш берушінің сізге сәйкес келетін-келмейтінін шешу үшін кездесу керек.
  3. Келіспес бұрын жігіт жайында, отбасы және туыстары жайында достарынан, әріптестерінен және жай таныстарынан сұрап білуі қажет. (Бұл дүние үшін емес, болашақ отбасы тұрақтылығы үшін қажет).
  4. Сөз айтып келген кісімен  бірге өмір сүрерде, бос уақытқа және жұмыс істеуге, нені киюге  және туыстарына қаншалықты жиі баруға қатысты барлық сұрақтар қойылуы керек.
  5. Әрбір мұсылман әйелдің күйеу жігітке арналған сұрақтарының жеке тізімі болуы керек, өйткені бұл оның өмірі және ол өзін басқалардан жақсы біледі.
  6. Ол өзі үшін не істей алатынын және аралас өмірде жат нәрсені таңдау қажеттілік туындау мәселесінде, соған сүйене отырып, өз сұрақтарын қоюы керек.
  7. Отбасын басқарудың бірде-бір үлгісі жоқ, өйткені біз бәріміз әртүрлі отбасында, тіпті мәдениеттерде өскенбіз, сондықтан біз некені жауапкершілікпен қабылдауға және практикада Құдайдан қорқуға тырысуымыз керек, бұл біздің отбасын құруда байыпты екенімізді көрсетеді.
  8. Кездесу кезеңінде серіктеспен нақты және жақсы іс-әрекеттермен қолдау көрсетілмейтін қатты сөздерден аулақ болу керек.
  9. Неғұрлым шынайы және шыншыл болу.
  10. Тізімдегі сұрақтарға жауаптар қарапайым және қысқа болуы керек.

Ислам өзінің тағдырын басқамен байланыстырғысы келетін адамға таңдау еркіндігін береді. Сұлулық, байлық және мәртебе өткінші құндылықтар, ал мейірімді жүрек – мәңгілік. Сондықтан өмір серігін таңдауда ең басты байыптылықпен талдап, өлшем жасаңыз.

Алла тағала әркімге өмірде өзіне лайықты, жақсы серігін табуға жар болсын.

Қарлығаш Қажымәлікқызы,

 «Нұр Астана» мешітінің ұстазы.

Бөлісу: