26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Анаға құрмет – баршаға міндет

Анаға құрмет – баршаға міндет

Исламдағы отбасы
Жарнама

Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!
Мына дүниеде Ұлы Жаратушыны қоспағанда ананың мейірімнен асатын мейірім жоқ деуге болады. Сондықтан ананың орны әрқашан ерекше.

Ана – дүниедегі ең ардақты жан. Ана – ардақты есім. Ол – әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші. Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетудің маңыздылығын баяндайтын мынадай аят бар: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір қылды. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (Кейіс білдірме.) Сондай-ақ, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!», – де» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). Яғни, бұл аятта Алла Тағала өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеумен қатар ата-анаға қызмет пен құрмет көрсетуді бұйырады.

Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбардан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ең сүйікті іс қайсы?» – деп сұрадым. Сонда ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз», – деді. Мен: «Сосын қайсы?» – дедім. Ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ата-анаға жақсылық қылу», – деді. Мен: «Сосын қайсы?» – дедім. Ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла жолындағы жиһад», – деді» (Имам Бұхари, Имам Мүслім риуаят еткен).
Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) былай деген: «Бірде Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкен күнәлардың бірі адамның өзінің әке-шешесін балағаттауы», – деді.  Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Адам өз әке-шешесін сөге ме екен?» – деп сұрады. Сонда ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, ол бір адамның әкесін сөгуі арқылы өзінің әкесін сөгеді, шешесін сөгуі арқылы өзінің шешесін сөгеді», – деп жауап берді» (Бұхари, Мүслім, Ахмет, Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Танауын шаң қапты, танауын шаң қапты, сосын танауын шаң қапты!», – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Мүслім риуаят еткен. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.
Осы орайда, мына оқиғаға мән берсек. Бірде бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?», – деп сұрады. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Әлгі кісі: «Одан кейін ше?», – деп сауалын жалғастырды. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз. Үшінші рет: «Одан кейін ше?», – деп сұрады әлгі адам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да: «Анаңмен», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?», – деп қайта сұрақ қойған кісіге пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкеңмен», – деп жауап қатты.
Осы хадистен тағы да анамен көркем қарым-қатынас жасау қажеттігін әрі әкеден гөрі ананың хақысы биік екендігін түсінеміз. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда жоғары болады. Бұл жайында хадис шәріптерде былай делінеді: «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады» (И. Ғазали); «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!» (Имам Нәсаи); «Уәйіс әл-Қарани бүкіл ихсандары мен дәрежелеріне анасына жасаған жақсылықтарының себебімен қол жеткізді» (Р. Насихин).

Ардақты аналар бар өмірін перзенті үшін арнады, біздер үшін көптеген мехнат етті, мәпелеп өсірді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Осы тұста, әрбір перзент мына міндеттерді біліп жүруі тиіс:
 -    Ата-анаға ешқашан қатты сөйлемеу, тіпті «уф» деп айтпау;
 -  Қандай жағдайда болса да, ана-анадан  рұқсат сұрау. Олардың рұқсатынсыз ешбір істі бастамау;
 -     Сый-сыяпат жасап тұру;
 -     Мереке күндері баршадан бұрын алдымен құттықтау;
 -     Батасын алу;
 -     Бала ата-ана үшін қанша жаста болса да сәби болып қала береді. Сондықтан олардың бізді кішкентай баладай көруіне түсіністікпен қарау;
 -     Біз үйге келгенше тосып отыратынын естен шығармай, қоңырау шалып жағдайыңызды айтып қою;
 -     Барынша көңілдерін аулап, жылы сөздеріңізді аямау;
 -     Ауырып қалса, төсек тартып жатқан жағдайда күтім жасау;
 -     Олар қайтыс болған соң үнемі дұға бағыштап, еске алып тұру, зиярат ету.

Алла Тағала баршамыздың дұға тілектеріміз қабыл болсын.

Бақдаулет Абдурахманов,
Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана»
мешітінің найб имамы

 

 

Бөлісу: