Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз бағзы заманнан-ақ неке мәселесіне аса мән беріп, байсалдылықпен қараған. Дәстүрімізде де, дінімізде де отбасын құруға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына алғаш қадам жасаушы баспалдақ деп түсінген.
Бүгінде үлкен өкінішке орай, түрлі себеппен шаңырағы ортасына түсіп, ажырасып жатқан отбасын көру үйреншікті жағдайға айналды. Ажырасудың факторлары әр түрлі болғанымен, ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылардың екеуіне де оңай тимесі анық. Өйткені әрбір отбасының жазылмаған қағидасы болады. Ажырасумен бірге барлық нәрсе күйрейді.
Алайда ең көп қасірет шегетін – балалары. Отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдырлауы, жиі-жиі белең алатын ұрыс-керістер, баласының көзінше шешесін әкесінің былапыт сөздермен балағаттауы, тіпті қол көтеруі нәтижесінде балада үнемі қорқақтық пен үркектік пайда болады. Өмірі бір бітпейтін ырың-жырың кикілжіңдермен әке-шешесінің түбінде ажырасып тынатындығын ойлау бала жанына жазылмас жара салып, оны іштей үлкен күйзеліске ұшыратады. Сөйтіп, ол баланың жаны оңбай жараланып, қамкөңіл, ызақор не тұйық болып өседі. Себебі, балаға шеше де, әке де керек. Әрқайсысының бала үшін өзіндік атқаратын қызметтері бар. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші балаңыз сізді өзінің өміріндегі идеалы ретінде қабылдап өсіп жатқан болуы мүмкін.
Олар ата-аналарының ажырасуына өзін кінәлі санайды: «әкем (анам) мен жаман болғасын, не мені жақсы көрмегендіктен, бізді тастап кетті» деп ойлап, қамығады, өзін кешіре алмай жүреді. Мұндай балалар кетіп қалған әкесін (анасын) іштей күтіп, көпке дейін ата-анасы қайта қосылса екен деп армандайды. Бірақ күткен адамы сол күйінше келмейді. Өзімен-өзі жалғыз қалып, жеке ойнап, қара бояумен сурет салып, түнде ұйқысы бөлініп, тәбеті қашқан, оқуға ынтасыз, тәрбиесі нашарлаған көріністер байқала бастайды. Бала бұл кезде маңайда болып жатқан құбылыстарды толықтай сезіне алады. Бұл дегеніңіз, балаға көрсетілер мейіріммен қатар ата-ананың өз арасындағы татулығы да айтарлықтай маңызға ие екендігін білдіреді. Ажырасуға шешім қабылдамас бұрын балаларыңыздың болашағына көз жүгіртіп шыққаныңыз дұрыс болар. Сіз өсіріп отырған ұл немесе қыз ертең елінің дамуына үлкен үлес қосатын жанашыр азамат немесе азаматша болуы мүмкін. Сондықтанда сіз өз балаңыздың болашағын ғана емес, отаныңыздың дамуына да нұқсан келтіріп жатқаныңызды сезінуіңіз керек.
Енді негізгі мәселеге көшсек – осы ажырасу факторын болдыртпау. Қарым-қатынасты осы шарықтау шегіне дейін алып келмеу. Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Шын мәнінде, себеп өте көп. Негізінен ажырасудың алдын-алу қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Психологтардың айтуынша, ажырасудың шектен тыс көбеюі адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады. Сонымен бірге, жастардың материалдық қиындық көріп, оған шыдамай жататындықтары да басты себептердің бірі. Демек, дайындық болуы керек. Осы орайда психологтар ерлі-зайыптыларға мынадай ұсыныстарды ұсынады:
- Бір-біріңізге ауыр сөздерді айтудан аулақ болыңыз. Себебі ондай сөздер, қылықтар кешіріледі, бірақ ұмытылмайды.
- Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден қашыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы сіздің құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулеріңізден тез жалығады, шаршайды.
- Компромиске келу. Түсіністік танытатын кезде барлығын ой елегінен өткізіп екеуіңізге де пайдалы болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңіз құрбандыққа бару керек болсаңыз, барыңыз. Ол сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.
- Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға білдіртіңіз, айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген бос иллюзия. Себебі, неке – ұзақ әңгімелесу.
Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.
Қорыта келгенде, дәстүрлі дініміз ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады. Демек, отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеуде, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етуде айрықша рөл ойнайтынын естен шығармағаныңыз абзал.
Айгүл Сауранқызы
«Нұр Астана» мешітінің қызметкері