26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламдағы қыз тәрбиесі

Исламдағы қыз тәрбиесі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бала - Алланың адамзатқа берген аманаты. Ата-бабаларымыз баланы өмірінің мәні санаған. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеуді өз өмірінің басты қағидасына, міндетіне жатқызған.

Бала – отбасы дәнекері, ата-ананың ізін жалғастырар тұяғы. Халқымыздың ұрпаққа деген даналық сөздерінде  «Адамның бақыты – балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды» - деп тегін  айтпаса керек.  Алла Тағала былай деген « وَمَا بِكُم مِّن نِّعْمَةٍ فَمِنَ اللّهِ » «Сендердегі қандай да бір нығмет – Алладан» (Нахыл, 53).

Адами тұлғада әдепті де инабатты, имани адамгершілігі мол, сыпайы қыз тәрбиелеу қазіргі қоғамда ең өзекті мәселі десек те болар. Ислам діні қыз баланы тәрбиелеп өсірген адамға ерекше артықшылықтар береді. Жахилия дәуіріндегі адамдардың көзқарасына қарағанда, қыз баланы жек көріп, қыздар дүниеге келгенде қайғыратын болған еді. Ал  қазіргі кездегі кейбір білімсіз мұсылмандардың әрекеттері қоғам сол жахилия (надандық) заманынан арылмағандай күйге бөлейді.

Алла Тағала Құран Кәрімде осы надандықты былайша баян еткен:

« وَإِذَا بُشِّرَ أَحَدُهُم بِالْأُنثَىٰ ظَلَّ وَجْه مُسْوَدًّا وَهُوَ كَظِيمٌ ﴿٥٨﴾ يَتَوَارَىٰ مِنَ الْقَوْمِ مِن سُوءِ مَا بُشِّرَ بِهِ 

ۚ أَيُمْسِكُهُ ُهُ عَلَىٰ هُونٍ أَمْ يَدُسُّهُ فِي التُّرَابِ ۗ أَلَا سَاءَ مَا يَحْكُمُونَ ﴿٥٩﴾»

«Егер, олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қап-қара бола бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Ал, олар, нендей жаман үкім береді.» (Нахыл сүресі, 58-59 аяттары)

Адамзатқа рақым боп жіберілген Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) әкелген көптеген өзгерістерінің бірі қыздарға деген мұндай қарым-қатынастан бас тартқызу және олардың деңгейін көтермелеу болды. Мүмін ата-аналардың жүрегін қуанту үшін қыз тәрбиелеудің маңыздылығы туралы көптеген хадистер бар. Мысалы, «кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп).  Тағы бір хадисте «дүниеге қыз келген уақытта, Алла Тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын», - дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен).

Шындығында қыз тәрбиесінде абыройы мен ар-ұяттын сақталуы, келешек өміріне даярлығы ата-анаға оңай болмайтынының дәлелі. Қазағымыздың дана сөздерінде  «ұл тәрбиелесең әулетті тәрбиелегенің, қыз тәрбиелесең ұрпақты тәрбиелегенің» деп айтқан.

Халқымыздың өткеніне көз жүгіртсек, дара, батыр ана-қыздарымыз болғаны ақиқат. Имани тұлғалы бойына қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңірген Домалақ ана, Айша Бибі сияқты арулар нағыз ата-ана тәрбиесімен өсіп өнген емес пе?!

Ата-ананың бойында тазалық, имандылық болса, дүниеге келген ұрпақ та саналы болады. 

Тәрбие тек дүниеге келгенде емес, ана құрсағынан басталары анық, Бірде бір кісі жасқа толған баласын алып, данышпан кісінің алдына келеді де: «Баламды, қалай тәрбиелесем болады?» деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің» деген  екен. Ал тәй-тәй басқан баланың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруден кеш қалмауға тырысуымыз қажет. Қазағымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз дана Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжеміз,  дәретсіз баласына жоламаған анасы Ұлжанды қалайша ескеріп кетпеске. Жоғарғыдан көргеніміздей бала тәрбиесі соның ішіндегі қыз бала тәрбиесінің моральдық және тұлғалық тәрбиесі міне, ата-ананың нағыз атқаруы тиіс миссиясы. «Ұл бұзылса отбасының бұзылғаны, қыз бұзылса - ұлттың бұзылғаны» деп қыз бала тәрбиесінің салмақты екенін аңғартады.

Халқымыз «қыз – қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Шыбық кезінде ағашыңызды дұрыстап қарасаңыз ғана жемісің жерсіз, сонда ғана еңбегіңіз зая кетпесі анық. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деген бабаларымыз, «қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді, қыз баланың бойына асыл қасиеттерді сіңіру тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен ғана шектелмейді, үлгі - өнеге көрсету қажет.  Көргенділік, ізеттілік, сәби кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Үлкеннің жолын кеспеу, айқайлап сөйлемеу, қатты күлмеу, ыдыс аяқты салдырлатпау, үлкендерден жоғары отырмау тіпті қыз баланың жүріс-тұрысына, киіміне, дауыс ырғағына, қимыл-қозғалысына дейін қыз баланың тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді.

Заманауи талаптарына сай деген сылтаумен, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеу арқылы керексіз, қазаққа жат, әдебімізге жат дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмаймыз деп, орынды-орынсыз киініп, қазақилық, имандылықтан алыстататын нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Өз ана тілін қадырлемеген адамның салт-дәстүрінен хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет.

Әрбір ата-ана мынаны білуі керек. Неліктен Алла Елшісі (с.ғ.с.) біздің назарымызды қыз тәрбиесіне аударады? Бұл кездейсоқ емес. Неге? Себебі сіз қыз өсірсеңіз, ұрпақ өсірдіңіз. Егер сіз қызыңызды сеніммен, Алла Тағалаға мойынсұнумен нағыз тәрбие берсеңіз, бұл оның бүкіл бір ұрпақты иманды тәрбиелейтінін білдіреді. Қыз тәрбиелеу арқылы сіз бүкіл ұрпақ тәрбиесіне негіз қалап отырсыз.

Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, имандылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке  баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелесек, онда нұр үстіне нұр болар еді. Алла баршамызға Ислам дінімен өмір сүріп, салихалы ұрпақ тәрбиелеуімізді нәсіп еткей.

Қарлығаш Қажымәлікқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы.

Бөлісу: