25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аллаға қатысты الإتيان - المجيء «келу» сөзі

Күдікпен күрес
Жарнама

Бұл сөздердің тура мағынасы «келу» іс-қимыл ұғымын білдіреді.

Алла Тағала:

هَلْ يَنظُرُونَ إِلَّا أَن يَأْتِيَهُمُ اللَّهُ فِي ظُلَلٍ مِّنَ الْغَمَامِ وَالْمَلَائِكَةُ وَقُضِيَ الْأَمْرُ ۚ وَإِلَى اللَّهِ تُرْجَعُ الْأُمُورُ

«Олар, бұлттың көлеңкесінде Алла және періштелер келіп, істің бітіп кетуін ғана күте ме? Істер Аллаға қайтады», - деді[1].

         Қазы әбу Яъла әл-Ханбали Имам Ахмадтың (р.х.) аяттағы «келіп» деген сөзін «Мұндағы мақсат – құдіреті мен әмірінің келуі. Бұны:

         هَلْ يَنظُرُونَ إِلَّا أَن تَأْتِيَهُمُ الْمَلَائِكَةُ أَوْ يَأْتِيَ أَمْرُ رَبِّكَ

«Өздеріне періштелердің келуін немесе Раббыңның бұйрығы келуін ғана күте ме?»[2] деген аятында баяндаған. Құранда осы сияқты وَجَاءَ رَبُّكَ «Раббың келді»[3] деген де аят бар. Ондағы мақсаты – құдіреті», - деп анықтама берген[4].

Бұл мәселеде ибн Тәймия да «әл-фәтәуа» кітабында имам Ахмад ибн Ханбалдың (р.х.) ауыспалы астарлы мағына да түсіндіргенін жеткізеді[5].

Әнәстен (р.а.) жеткен құдси сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

عَنْ أَنَسٍ  عَنِ النَّبِيِّ  ف۪يمَا يَرْو۪يهِ عَنْ رَبِّهِ  قَالَ: إِذَا تَقَرَّبَ الْعَبْدُ إِلَيَّ شِبْرًا تَقَرَّبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا، وَإِذَا تَقَرَّبَ إِلَيَّ ذِرَاعًا تَقَرَّبْتُ مِنْهُ بَاعًا، وَإِذَا أَتَان۪ي يَمْش۪ي أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً

 «Алла Тағаланың: Егер құлым Маған бір сүйем жақындаса, Мен оған бір шынтақ бойы жақындаймын. Егер ол бір шынтақ бойы жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындай түсемін. Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін – деп айтқанын жеткізді»[6] – делінген.

Кейбір деструктивті діни ағым мүшелері жоғарыдағы аят-хадисті дəлел ретінде алға тартып, Алла Тағала өзіне тəн «жүреді, келеді» деп, тура сөзбе-сөз үстіртін мағынада түсінеді. Өздері секілді сенімде болмаған мұсылмандарды «бидғатшы» адасушы деп айыптайды. Арғы жағында: «Əрбір бидғат - адасушылық, əрбір адасушылық – тозақта» делінген хадиспен үкім шығара салады.

Имам Термизи өзінің «сүнән Термизи» 5/581 кітабында əуелгі буын ғалымы табиғин Əл-Əғмаш (61-148 һ.) жоғарыдағы хадисті:

«Құлым Мен əмір еткен істерде Маған мойынсұнса, Мен оны жарылқау жəне мейріміме бөлеуге асығамын» деп ауыспалы мағынада түсіндіргенін жеткізді. Бұд хадис Құдайдың затын талқылау үшін емес, бәлкім пенденің Құдайға жағатын істерді молынан жасап, жарылқауы мен мейіріміне бөлену үшін талпындыру мақсатында айтылған мүбәрак сөздер.

Міне, сахабалардан тəлім алып, олардың түсінігін жеткізген Əл-Əғмаш секілді табиғин ғалым хадистегі Аллаға қатысты «жүру, келу» сөздерін тура мағынасында түсінбеді. Себебі, Алла Тағала белгілі бір тарап қамтудан, өзгеруден, жаратылысқа тəн іс-қимылмен сипатталудан пəк əрі ұлық.

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы


[1] «Бақара» сүресі, 210 аят.

[2] «Нахл» сүресі, 33 аят.

[3] «Фәжр» сүресі, 22 аят.

[4] Ибн әл-Жаузидің «Дәфъ шубаһ әт-ташбиһ кітабы, 141.

[5] «Әл-Фәтәуа», 5/397-399.

[6] Бухари риуаят етті.

Бөлісу: