24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Діни алауыздықтың (фитна) шығу себептері

Діни алауыздықтың (фитна) шығу себептері

Күдікпен күрес
Жарнама

Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі, бірінші кезекте экономикалық, табиғи рeсурстарына емес, ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты. Мемлекет кедей болуы мүмкін, алайда сүттей ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында барлық қиыншылықтарды жеңіп, өркениетті елдер санатына енеді.

«Байлық байлық емес, бірлік байлық» демекші, қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал жүз-жүзге, ру-руға, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа ұшырап, жау қолына оңай олжа болған. Алла тағала Құран кәрімде былай дейді: «Бүлік (фитна) кісі өлтіруден де ауыр».

Ақиқатында, бүлік (фитна) – Ислам үшін де, мұсылмандар үшін де көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да бүліктен Алла Елшісі (с.а.у.) және осы үмбеттің алдыңғы буын ізгілері (саләфтары) де алдын ала сақтанған. Алла тағала былай деген:

«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тимейтін фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар!». Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі жоғарыдағы аятты толықтыра түскендей:

«Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр нөсерлеткендей бүлік-фитна қаптағанын көріп тұрмын».

Қиямет жақындаған кезде фитналардың көбейетіні жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) да ескерткен:

«Қиямет жақындағанда ілім азайып, сараңдық көбейеді, бүліктер пайда болып, өлім кең етек алады».

Шынымен де, соңғы жүзжылдық бүлік пен кісі өліміне толы, соғыс жүзжылдығы деп атауға лайық. 1914 жылғы бірінші Дүниежүзілік соғыстан бастап, отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштық, қазақтың бетке ұстар тұлғалары: Сәкен, Ахмет, Бейімбеттердің нақақтан-нақақ атылуы, екінші дүниежүзілік соғыс, желтоқсан құрбандары – барлығы осы жүзжылдықтың еншісіндегі қазақ басына төнген кесапат. Бұл – еліміздің бостандығы, тәуелсіздігі жолында жасалған ерекше құрбандық. Аллаға шүкір, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз, тіліміз қайта оралды, бүкіл табиғи байлықтарымызды игеруге мүмкіншілік алдық. Кезінде КСРО-да аты беймәлім, көлеңкеде болған Қазақстан әлемге әйгілі болып, алпауыт мемлекеттер санасар дербес, өзіндік шекарасы бар, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын еліне айналды. Мұның барлығы, әрине, Алла тағаланың мейірімділігі мен бабаларымыздың дұғасының арқасында.

Бұрынғы КСРО мемлекеттерінің көпшілігінде соғыс алаулары тұтанып, ішкі тұрақтылыққа сызат түссе, жүзден аса ұлыс өкілдері орналасқан қазақ елінде тыныштық орнады. Сол кездегі кей сарапшылар Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына күмәнмен қарап, ол пікірлерін ашық білдірген де болатын. Дегенмен, сындарлы тоқсаныншы жылдардан сүрінбей өтіп, жарқын болашаққа нық қадам басты. Бұған негізгі себеп – Қазақстан қазба байлықтары және мемлекет басындағы тұлғалардың жүргізген ұтқыр саясаты.

Қазақстан тәуелсіздігімен бірге қол жеткізген діні, тілі жыл өте дамып, мұсылмандыққа бет бұрушылардың саны көбейіп, қазақ елі рухани жағынан да баи түсті. Әрине, бұл өз кезегінде қазақтың байлығына көз алартқан мемлекеттер үшін ой салды. Өйткені адамдар жаппай дінге бет бұратын болса, Алланың алдындағы, қоғамның алдындағы және жанұясының алдындағы міндетін түсінеді. Рухани байыған адам бойын әлбетте арақ-шарап ішуден, ойын-сауық орындарынан аулақ ұстайды, парақорлық, несие алу азаяды. Ислам діні үйреткендей еліне, жеріне деген құрметі оянады. Өйткені, халықты рухани аздырудың салдары көп ұзатпай аталған ұлтты дәрменсіз, әлжуаз етеді. Бұл тұста не істеу қажет?! Бұған қол жеткізу үшін жалғыз жол ол адамдарды бір-біріне қарама-қарсы қойып, арасына от салу.

Бұрынғы замандағыдай руаралық жанжал немесе халық арасында төре, қара халық деп бөлу мүлдем негізсіз. Ең тиімді жол мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлу, біреуінің сенгенін енді біреуі мойындамау, біреуді кәпірге шығарып, біреуді пасық қылу. Міне, осы тұста нағыз бүлік оты бастау алды. Біреуі бір ғалымды тыңдаса, енді біреуі жоқ ол адасуда, өйткені ол арнайы ғалымдардан дәріс алмаған деп шықты. Бұл тұста туындайтын сұрақ: бүлік қайдан басталды, оған не себеп болды және оның шешімі не?!

Өздеріңізге мәлім, қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде дін ілімін аңсаған жастар жан-жаққа ағыла бастады. Сауд Аравиясы, Ливан, Түркия, Ливия, Египет, Марокко, Сирия, Пакистан секілді Ислам мемлекеттеріне барып, Ислам дінін үйренді. Өз елінің дәстүрін, дінмен біте қайнаған әдет-ғұрыптарынан, ата-бабадан мирас болып қалған асыл дінінен хабарсыз жастар дінмен бірге сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін де бойына сіңіріп, елге оралған соң қоғамда қарама-қайшылықтар туғыза бастады. Мыңдаған жылдар қанға сіңген, сол қанмен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан Ислам дінін әп-сәтте жоққа шығарғандар шықты. Оларды ғасырлар бойы адасып келген деп пұтқа табынушы мүшріктердің деңгейіне апарып қойды. Осы тұста бір жанұяда бірінші ұлы сопы, екінші ұлы тәкфирші, үшінші ұлы таблиғ жамағатынан болған жағдайлар да ұшырасты. Еліміздегі мешіттерде бұрыш-бұрышта Исламды насихаттап, басқаның ұстанымымен санаспайтын топтар пайда болды. Кейбіреулер жоғарыдан мемлекетті түбегейлі Ислам мемлекетіне айналдыру керек десе, енді бірі жұпыны киініп, үйді-үйді аралап «кәлимә» айтқызды. Әрине, тәуелсіздік таңы атқан 90-жылдары діни білім алған имамдарымыз да аз еді. Рухани шөлдеген халықтың талабын толық қанағаттандыра алмады. Есесіне оның жауабын шетелден білім алған жастар беріп, өздеріне қаратып алды. Міне, осыдан халық арасында әртүрлі жамағаттар, ағымдар пайда болды. Ағымдар өз кезегінде материалдық тұрғыда өте қауқарлы, өйткені шетелде олардың қуатты демеушілері әркез жәрдем жасайды. Аузында Құраны бар әрбір азаматты періште санайтын біздің ұлт оның парқына терең үңілмеді, мұсылманшылыққа бет бұру басты мақсат болды. Ағымдардың жетегіне өздері ергеннен кейін өздерінің жақындарын да соған тартты. Өздері келіп «еті сенікі, сүйегі менікі» деп, сеніп тапсырған балалары кейін уақыт өте өздеріне қарсы шықты. 2010-жылдары жиырма жыл өтпей еліміз діни топтар мен секталардың ордасына айналды. Такфиршілер, уахабшылар, таблиғ жамағаты, хизбуттахрир, ахмадия жолын ұстанатындардың саны көбейді. Осылардан тәлім алған ізбасарлары елімізді біраз дүрбелеңге салып, оның соңы жарылыстар, кісі өліміне, шетел асып, соғыста жан тапсырумен аяқталды. Арамшөпті тамырымен жұлмасаң, қайта шығары мәлім. Бұл ағымдар елімізде нағыз бүліктің бастамасы болып отыр. Олармен күресудің жалғыз жолы – ол ілім.

Елімізде, Аллаға шүкір, қазіргі таңда діни білім алам деушілерге барлық жағдай жасалған. Шетел асудың қажеті шамалы. Осы уақытта елімізде 1 жоғары оқу орны, 10 медресе, 2 қарилар дайындайтын орталық бар. Аталмыш оқу орындарда еліміздің білікті діни мамандары ұстаздық етеді, сонымен қатар араб тілін меңгеру үшін араб мемлекеттерінен ұстаздар арнайы келіп, дәрістер жүргізеді. Бітірген дін мамандары еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттерде қызмет атқарады. Өзге елге барып, жатбүйрек болмаудың жалғыз жолы – алғашқы діни білімін еліміздің оқу орындарында қалыптастыру.

Кезінде медресе көрген, араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген Абай, Шәкәрімдер елде жүріп данышпан атанған. Қазақ даласында неше түрлі даулар болған: жер дауы, жесір, дауы, ру дауы.... алайда, діни алауыздық, дін дауы болған емес. Қазақтың тоз-тоз болып, шашырап кетпеуінің себебі де осы асыл дініміздің арқасы. Сол үшін дінімізді қастерлейік, көлденең келген көк аттының сөзіне ілеспей, ауызбіршілігімізді сақтайық, бірлігі жарасқан ел болайық.

материал «Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: