25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жиһад сөзінің терроризммен байланысы бар ма?

Жиһад сөзінің терроризммен байланысы бар ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

«Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадтты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандық-тан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді.

«Жиһад» – адамның Алла Тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою. Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерге сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер жатады. Ендеше, «Жиһад» деп осы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шара, күреске айтылмақ.

Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-қарекет «жиһад» саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде аптап ми қайнатар ыстықта ораза ұстау, Алла Тағаланы өзге жандарға түсіндіру үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы кейбір керітартпа келеңсіздіктерді[1] түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы жиһад ұғымының аясына кіреді.
Жиһад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегің-ді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес. Себебі, әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кәміл адам болу жолына түспеген жан өзгені қалай түзетіп, тура жолға қалай шақырмақ.

Сыртқы күрестен бұрын ішкі күресті қолға алудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Себебі, адам өзінде жоқ нәрсені басқаға қалай бермек? Пайғамбарымыз бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад» деген не?»- деп, таң қала сауал қойды.

Пайғамбарымыз: «Ол – өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырды. Міне, көрдіңіз бе? Неге? Өйткені, нәпсімен күрес қолға қару алып дұшпаннан соғысқаннан да қиын. Олай дейтініміз, сыртқы дұшпанның кім екені, қайда екені, қашанға дейін болатындығы белгілі. Сондықтан онымен күресу оңай. Ал, нәпсің болса, олай емес. Ол сенің ішіңде. Қай жақтан, қалай келіп айласын асыратыны да белгісіз. Оның дұшпандығы белгілі бір уақытпен шектелмейді, әрдайым сенімен бірге. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз сыртқы дұшпанмен күресті «кіші жиһадқа» жатқызса, нәпсімен күресті «үлкен жиһадқа» балаған.
Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші» деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын тағы бір рет айшықтай түскен.

Жиһад ұғымы адамға, қоғамға, жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының мұсылмандардың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап, өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы; жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың бұл істері де Хақ жолындағы күреске – жиһадқа жатады.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жесірлер мен міскіндер үшін жұмыс істеуші кісі Алла жолында жиһад жасаушы адамға тең»[2] дейді.
Кейде нағыз сөз саптайтын ұрымтал тұста бір ғана кесімді сөз айту да, сөздің кері әсер ететін тұсында сабыр сақтап, тіліңді тістеу де жиһадқа саналады. Тіпті, кейде қажеттілігіне қарай тек қабағыңды шыту яки күлімсіреу-дің де жиһадқа саналуы ғажап емес. Қысқасы, істелетін әрбір істің Хақтың ризашылығына қарай реттелуіне «жиһад» делінеді.
Жиһад мәжбүр жағдайда қарумен де болады. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып жиһад жасауға рұқсат.
Пайғамбарымыздың дәуіріндегі жиһадқа, яғни мұсылмандардың Хақ жолындағы күрестеріне назар аударсақ, жоғарыда айтылған жиһадтың барлық түріне куә боламыз.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарлығының алғашқы үш жылында исламды жасырын насихаттады. Мұсылмандардың бұл кезеңдегі жиһадтары дұшпандардың көзіне түспестен, пайғамбарымызбен жасырын түрде кездесіп тұруы болатын.
Пайғамбарлықтың төртінші жылынан бастап, Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) елді жаңа дінге жария түрде шақыра бастады. Міне, осы кезде Мекке мүшріктері иман келтіріп, жаңа дінге кірген ат төбеліндей аз ғана мұсылмандарды келеке, мазақ етіп, сан-алуан қиыншылықтарға душар етті. Осы кезеңдегі мұсылмандарға тиесілі жиһад – мүшріктердің жан шыдатпас азаптарына сабыр етіп, жаңа дінді насихаттауды тоқтатпау болатын. Әз сахабалар мұны ең керемет түрде атқара білді.
Мүшріктердің жан түршігерлік азабына душар болған кейбір мұсылмандарға пайғамбарымыз (с.а.у.) Эфиопия еліне көшуді бұйырды. Жағфар және басқа да онымен бірге барған бірқатар ардақты сахабалар Эфиопия патшасы Нәжашиға жаңа дінді жеткізіп, оның иманға келуіне себеп болды. Осылайша бұл көш жай ғана көш емес, Жағфар сынды әз сахабалардың үлесіне тиген сол кездегі дін жолындағы жиһадтың нағыз өзі болатын.

Мүшріктер мұсылмандарды азаптаптауда жаңа бір айлаға көшті. Мұсылмандарды өзге халықтан бөлектеп, сауда-саттық секілді жалпы адами барлық қатынастарына тыйым салып, оларды қоғамнан оқшаулап, саяси-экономикалық байкот жариялады. Тоз-тоз болып, аш-жалаңаш күй кешкен мұсылмандар бұл қиын кезеңде де сабыр сақтап, жаңа діндерін тастамастан, өздеріне жасалған зұлымдықтарға табандылық танытты. Осындай қиын кезеңде Хадиша анамыз қолындағы бар дүниесін мұсылмандарға үлестіру арқылы өзіне тиесілі жиһад міндетін атқара білді. Исламнан бұрын Меккенің аса ірі байларының санатына жататын Хадиша анамыз бар байлығын Хақ жолына жұмсағандықтан, өзі қайтыс болған кезде ақыреттік кебініне бір орам бөз де табылмаған еді.
Сол қиын кезеңдерде Әбу Бәкір өз үйінде Құран оқитын. Бірақ Құранды ішкі бөлмелерінде емес, ел жүретін жаққа қарайтын сыртқы бөлмеде оқитын. Көшеден ары-бері өткен адамдар Әбу Бәкірдің тебіреніп оқыған Құранынан әсерлене бастады. Әбу Бәкір арқылы Құранмен табысқан көптеген адамдар мұсылмандықты қабылдап жатты. Міне, Әбу Бәкір қиын заманда өзінің бір ғана Құран оқуымен де жиһад міндетін атқара білді.

Мүшріктердің жан шыдатпас ауыр азаптары күн санап артып жатты. Осындан кейін мұсылмандар ғибадаттарын емін-еркін атқарып, жаңа діннің қанат жаюын қамтамасыз ету үшін Меккедегі туған жерлерін, бар дүние-мүлік, туған-туыстарын тастап, Мәдина қаласына хижрет етті (көшті). Сөйтіп мұсылмандар Мәдинада екі жылдай ғұмыр кешті. Мекке мүшріктері олардың Меккеде қалған бар мал-мүліктерін талан-таражға салып, өртейтінін өртеп, құртатынын құртты. Қалған дүниелерін үлкен керуендермен Шамға, Сирияға сатуға жіберді. Мұсылмандар бұлардың бәрінен хабардар еді. Енді олар Мәдина қаласының маңайынан өтіп бара жатқан мүшріктердің керуенінен өздерінің мал-мүліктерін қайтарып алуды ниет етті. Алайда, мұны білген Меккелік мүшріктер мұсылмандарға қарсы үлкен әскер жіберді. Яғни мұсылмандардың ниеттері соғыс емес, өздерінің талан-таражға түскен дүниелерін қайтарып алу болатын. Бірақ мүшріктер соғысты қалады. Міне, Алла Тағала осыдан кейін ғана мұсылдандардың рухын көтеріп, әлсіздер мен қорғансыздарға қорған болу мақсатында күн санап қиянат жасауда шектен шыққан кәпірлердің шамасын көздеріне көрсету үшін соғысқа алғашқы рет мына аят арқылы рұқсат берді. «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға (мүшріктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте, Алла Тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек «Раббымыз – Алла» дегендері үшін отандарынан қуылды…»

Демек, өздеріне ешбір себепсіз зұлымдық жасап, сан-алуан қиыншылықтарға душар етіп, елінен-жерінен кетуге мәжбүрлеп, мал-мүліктерін талан-таражға салған адамдарға қарсы соғысуға тек он бес жылдан кейін ғана рұқсат етілді.
Исламда негізгі ұстаным – бейбітшілік. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Егер олар сендерден аулақ тұрса, әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді».
Алла Тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешу-ді былай қойғанда, мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына қарсы еместігін білдірген.

«Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендер-ді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді».
Соғыс – дипломатиялық жолдар түгелдей іске аспаған жағдайларда ғана амалсыз барылатын ақырғы шара. Ал бейбітшілікке, келісімге қайтадан мүмкіншілік туған жерде соғысқа жол жоқ. Яғни, қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінулері абзал. «Егер олар келісөзге, бейбітшілікке (ниет білдірсе) жақындаса, сен де жақында».

Исламда қарулы соғысқа тек мынандай жағдайларда ғана рұқсат етіледі:
1. Қорғану мақсатында. Шабуыл жасаған жауға қарсы соғысу. Құранда: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Алла Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» - делінеді.
2. Өзіңе шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға соғыс тактикасы бойынша бірінші болып шабуыл жасауға рұқсат етіледі.
3. Жазалау мақсатында.
4. Түрлі зұлымдықтарға жол бермеу мақсатында.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) барлық соғыстарына көз жүгіртсек, тек осы айтылған себептерге ғана сүйенгеніне куә боламыз. Ендеше, соғыс – тек Алланың ризалығы үшін Оның рұқсат еткен жағдайларда ғана болуға тиіс.
Жай кезді былай қойғанда, соғыс жағдайында да Ислам озбырлық әрекеттерге жол бермейді. Айталық, соғыста әйелдерді, жас балаларды, соғысқа қатыспаған қарт кісілер мен ешкіммен шаруасы жоқ монахтарды өлтіруге қатаң тыйым салды. Өсіп тұрған ағаштар мен егін алқаптарын өртеуге, түйе, сиыр сияқты малдарды өлтіруге, әр түрлі өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермеді. Дұшпан әскерлерінің өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кесуге де қатаң тыйым салды. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер»

Пайғамбарымыз (с.а.у.) тіпті өзіне қарсы соғысып жатқандарды қарғауы былай тұрсын, оларға «Алла Тағалам, олар Сенің құлдарың, біз де Сенің құлдарыңбыз…», «Алла Тағалам, олар білмейді, Сен оларды кешіре гөр!» деген кең пейіл игі тілекте болған. Пайғамбарымыздың өмірбаянының атақты жазушысы Қади Мұхаммед Сүлеймен әл-Мансұрдың «Сирату рахматан лил-аламин» атты кітабындағы келтірген санақ бойынша һижри жыл санауымен ІІ-ІХ жылдар аралығында болған барлық соғыстарда дұшпан әрі мұсылман қатарынан бар болғаны 1018 кісінің ғана көз жұмғаны төңірегіндегі мәліметтерді ескерер болсақ, соғыс деп әй-шәй жоқ қан төге берудің де дұрыс емес екендігін аңғарамыз. Ал 1914-1918 жылы болған Бірінші дүниежүзілік соғыста 21 миллион адам жараланып, олардың 7 миллионы өмірмен қош айтысқаны белгілі.

Жоғарыда да айтылғандай, соғыс – тек бейбіт шешу жолы түгелдей таусылған кезде барылатын соңғы жол. Рұқсат етілген бұл соғыстың өзін жекелеген адамдар, яки белгілі бір топ бұйрық беріп бастата алмайды. Соғысқа қатысып-қатыспауды шешетін, «жиһад!» деп аттан салатын, «соғысыңдар!» деп бұйрық беретін тек қана мемлекет болуы тиіс. Әйтпесе, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды.

Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттермен Исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам сөзі «бейбітшілік, амандық-есендік» деген мағынаға саяды. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген Құдайлық соңғы дін. Міне, сондықтан әр мұсылман, тіпті, сәлем бергеннің өзінде қал-жағдай сұрап емес, «бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандардың сәлемдесуде айтатын «әссәламу алейкум» сөзі «сендерге Алланың бейбітшілігі мен есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді. «Ислам», «сәлам», «мұсылман» сөздерінің барлығының түбірі бір. Яғни, бейбітшілік пен тыныштықтың мағынасын қамтитын сөздер. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің отырып-тұруында, сәлемі мен сөйлеуінде, өзгелермен қарым-қатынасында, қысқасы, әрбір іс-әрекетінде іс жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.

«Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Олай болса, қаншама бейкүнә адамның, періштедей бүлдіршін сәбилердің жанын қиған лаңкестік әрекеттер исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жата ма? Тіпті, адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі Исламға теріс. Сойылатын малдың көзінше пышағын қайраған сахабасына Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.а.у.) қатты кейіп: «Сен малды неше рет өлтірмексің? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрамадың ба?»[11] деп ескерту жасаса, тағы бір хадисінде: «Қаруды қалжыңдап болса да өзгеге кезенбе!» деп, адамды өлтіру былай тұрсын, өзгенің көңіліне аз да болса үрей салудың өзі исламға, шынайы мұсылманға жат әрекет екенін түсіндірген.
Беліне бомба байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін оп-оңай нәрсе емес.

Өзін-өзі өлтіру – исламда үлкен күнә. Құранда «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!» делінген.
Біз дінімізді қасиетті кітап Құраннан әрі оны түсіндіруші соңғы пайғамбар Мұхаммедтен (с.а.у.) үйренеміз. Ал енді осы мұсылманшылық қағидаларының қайнар көзі саналған Құран мен Пайғамбарымыздың өмірінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандарды қыру бар ма? Тіпті, соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтіру – дінімізде харам саналып жатса, жай уақытта күнде құбылмалы саяси ойындар үшін жүздеген бейбіт жатқан күнәсіз жандардың жанын қиюдың қандай ауыр күнә екені айтпаса да түсінікті.
Қоғамның пайдасы үшін болса да исламда қандай да бір адамның құқы аяқ асты етілмейді. Жалғыз ғана адамның құқы – жалпы қоғамның құқындай қымбат.

Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза, ұлы болуы тиіс.
Террорлық әрекеттер арқылы ешбір проблема қазірге дейін шешілмеген әрі бұдан кейін де шешілмейді.
Барлық лаңкестік әрекеттер – ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше, исламға қарсы қиянат.
Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай қиын жағдайға душар болса да мұсылмандар исламның атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден аулақ болуы керек. Себебі, белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстаным, ереже-қағдилары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.

Қазіргі таңда болып жатқан барлық жарылыс, лаңкестік әрекеттерді ислам дініне жабу кең етек алды. Алайда, солардың барлығын істеп жатқан мұсылмандар ма? Бұған «иә» деп жауап беру, әрине, қиын. Мұсылмандықты бет-перде етіп, лаңкестік әрекеттерге барып жатқандар кімдер? Кей жағдайда олардың қатарында соғыстарда әке-шешесінен, туған-туыстарынан айырылған, немесе басқа да рухани күйзелістерге түскен адамдар да болады. Ондай адамдар кеудесін кернеген ішкі ыза-кек пен күйіктің салдарынан барлық іске баруы мүмкін. Мұндай адамдар психологиялық тұрғыдан алғанда, діннің рұқсат етпеген нәрселерін де жасауға бейім тұрады. Өз істеріне шариғаттан әлсіз болса да негіз іздей бастайды. Я болмаса кейбір өзгелердің ойыншығына айналып, бопса тұзағына іліккен мұсылмансымақ адамдар. Бұған қоса, мұсылманның атын жамылған әлдебір ұйымдар, тіпті алпауыт мемлекеттер саяси мақсаттары үшін шала сауат-ты кейбір дүмбілездерді арнайы дайындап, Құрандағы кейбір аяттардың бас-аяғын қырқып монтаждап, «шейіт болып, жұмаққа кіресің» деп лаңкестік әрекеттерге айдақтауы да мүмкін. Яғни, зомбиге айналған адамдар.

Бүгінде кейбір арнайы дәрілерді ішкен адамдардың өлімнен де қорықпай, өз жандарын қиып та жіберетіндігі белгілі болды. Мысалы, Шриланка аралында өсетін бір шөптің жойылуы үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) 110 миллион қаржы бөлді. Бұл шөпті жеген жастарда өлімнен қорқу сезімі жоғалып, өздеріне оп-оңай қол жұмсайды екен. Тіпті «Lsd» атты дәріні белгілі бір адамға арнайы лагерлерде күнде тамағына қосып беру арқылы миындағы өзіндік ойларын өшіріп, орнына қалаған пікіріңді құйғаннан кейін «ecstasy» секілді химикаттар арқылы 8-10 сағаттық лаңкестік әрекеттерді орындатуға болады. Мұндай дәрілер арқылы өлімнен қорқу деген сезімі өшірілген, тіпті өлімді аңсайтын мәңгүрт адамдар арқылы кез-келген лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыруға болады.
Осындай жолдардың түрлі-түрлісімен жасалып жатқан лаңкестік әрекеттерді Ислам дініне жауып, оны «террористтік дін» етіп көрсету – оған жасалған тарихта бұрын-соңды болмаған ауыр қиянат. Терроризмнің діні, ұлты болмайды. Жапонияның Токио қаласындағы метрода бірқатар адамның өліміне себеп болған «Аум Сенрике» сектасының жасаған лаңкестік әрекетін ешкім «Будда терроризмі» деген жоқ қой. 2000-2004 жылдар аралығында болған Испанияның Мадрид қаласында орын алған бірнеше лаңкестік әрекеттерді «Христиан терроризмі» деп тірі жан айыптаған жоқ. Ендеше, мұсылманның атын жамылған кейбір лаңшыл адамдардың жасаған террорлық әрекеттері неге бейбітшілікті уағыздайтын Ислам дініне жабылуы тиіс? Бұл тек күн санап көркейіп, өсіп келе жатқан дінімізге жаны қас дұшпандардың жапқан жаласы мен жаққан күйесі ғана.

Құрандағы: «Оларды (мүшріктерді) қайда көрсеңдер сол жерде өлтіріңдер» аятын лаңкестер өз істеріне ақтау ретінде қолдана алмайды. Себебі, бұл аят соғыстың қызып тұрған кезінде қолына қару алып, мұсылмандарды өлтіру ниетімен соғыс майданына шыққан дұшпан әскерін «сендер де өлтіріңдер» деген мағынаны білдіреді. Әйтпесе, бейбіт жатқан кез-келген өзге діндегілерді «қайда көрсеңдер, сол жерде өлтіріңдер!» деген мағынаны білдірмейді. Исламда мұсылман өлкесінде тұратын өзге дін өкілдерін өлтіру былай тұрсын, оларға мұсылман болмағанын желеу етіп, титтей де болса әділетсіздік жасау дұрыс емес. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Кім де кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», – делінген.

Басқа бір хадисте: «Кімде кім біздің қарамағымыздағы зиммиді өлтірсе, жәннаттың иісін де иіскемейді»,- деп, келісім бойынша мұсылман өлкесінде тұрып жатқан басқа дін өкілін өлтірген адам-ның жәннаттан мақұрым қалатындығын білдірген. Міне, дініміздің осы кеңшілігінің арқасында ғасырлар бойы мұсылман елдерінде христиандар бейбіт ғұмыр кешуде. Олардың діни рәсімдері мен жеке істеріне мұсылмандар араласпаған. Оларға пікір, және сенім бостандығы берілген. Қазірге дейін Мысыр, Түркия, Сирия сияқты мұсылман мемлекеттерінде шіркеулердің мешіттермен қатар терезелері тең тұр. Бұл исламның өзге дін өкілдеріне деген толеранттық көзқарасының айқын көрінісі. Исламда мұсылманшылықты қабылдамағаны үшін адам өлтіру деген ұғым жоқ. Исламға әркім өз еркімен саналы түрде кіруі тиіс. Алла Тағала Құранда бұл туралы «Дінде зорлық жоқ» деп кесіп айтады. Ғасырлар бойы мұсылмандардың Құранның осы бір өміршең қағидасы-нан айнымағанына тарих куә. Бұл ақиқатты батыстың өзі мойындайтындығына айғақ ретінде С. Арнольдтың мына сөздерін келтірейік: «Мұсылмандардың христиандарды жеңгеннен кейінгі жасаған толеранттық қарым-қатынастары ауыз толтырып айтуға тұрарлық жайт. Олардың бұл қарым-қатынастары кейінгі ұрпақтарда да жалғасын тапты. Шындығын айтар болсақ, хрис-тиан тайпалары кейіннен исламға кірген уақытта өздерінің дербес ерік-қалауларымен кірген еді. Бүгінге дейін мұсылмандардың арасында христиандардың ғұмыр кешуі – олардың осы толеранттық әрекеттерінің айқын көрінісі». Мысырдағы мұсылмандардың жеңісіне куә болған Никоу епископы Джон (694 жылда өмір сүрген) мұсылмандардың сол кездегі қолбасшысы Амр ибн Астың өзге дін өкілдеріне көрсеткен құрметін былай деп тілге тиек етеді: «Ол шіркеулерден еш нәрсе алмады. Талан-таражға салмады. Тіпті, шіркеулердің мүлкіне қол тигізбеді де».

Міне, осы сияқты тарихи дәлелдер кейбіреулердің айтқанындай исламның жер жүзіне қылыштың жүзімен емес, айдай анық ақиқаттары мен оны ұстанушы мұсылмандардың адамгершілігі мен толеранттық ұстанымдарының арқасында жайылғандығын білдірсе керек.
Мұсылмандар ғасырлар бойы қол астындағы өзге дін өкілдерін алаламастан оларға жақсылық жасап, қошемет көрсеткені соншалық, Рим императорлығы Сирияны қайтадан қайтарып алуға қалың әскер жинап келе жатқанда, сол жердегі христиандар шіркеулерге жиналып, мұсылмандар үшін қол жайып тілек тілеп, мінәжат еткен. Егер мұсылмандар қол астындағы өзге дін өкілдеріне қысастық жасап, исламға кірулері үшін күштегенде, олар жалына-жалбарына осылай мұсылмандардың тілеуін тілер ме еді?

Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Мұсылмандардың соңғы ғасырларда артта қалуларының, көптеген саяси ойындардың құрбанына айналуларының, экономикалық күйзеліске ұшырауының бірден-бір себебі – сауатсыздық, кедейлік пен ішкі алуыздық. Білім мен дін – бір-бірін толықтыратын егіз ұғым. Дінсіз ғылым ақсақтық болса, ғылымсыз дін соқырлыққа тең. Сондықтан мұсылмандар үшін ең қатерлі дұшпан – сауатсыздық, білім деңгейінің төмендігі, біліктіліктің аздығы, жаңа технологияны ойлап табуды былай қойғанның өзінде өзгелердің технологиясын да сауатты қолдана алмаулары. Осының бәрі – мұсылмандардың дамымай артта қалуларының негізгі себептері. Ендеше, бүгінгі таңдағы жиһад қылыштан гөрі қаламға, сойылдан гөрі ғылымға сүйенбек.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Махшар күні соғыста ағызылған шейіт қаны мен ғылымға жұмсалған ғалымдардың сиясы таразыға тартылған сәтте ғалымдардың сиясы басым түседі» делінеді.

Қазіргі өмір талабына сай озық құралдармен жабдықталған білім ордаларын ашып, ол жерде сауатты білім беру, үлкен зертханалар құрып, ғылыми жаңалықтар ашу, қысқасы, жүректері діни тағлыммен, ұлттық құндылықтармен тәрбиеленген, рухани біліммен нәрленген, ал ақыл-ойлары қазіргі озық ғылыммен сусындаған еңсесі биік ұрпақ жетілдіру – міне, қазіргі мұсылмандардың кезек күттірмей іске асыратын ең үлкен жиһады болмақ. Бұл жолда қолымыздағы бар мүмкіншілігімізді сарп етуіміз ләзім. Бай байлығын, мұғалім білімін, тәрбиеші тәлім-тәрбиесін берсе, лауазымды орындықта отырған кісілер де қолдарынан келген барлық қолдауларын көрсетсе, қысқасы, ел болып әркім өз үлесіне тиген міндетін, мүмкіншілігін Алла ризашылығы үшін атқарса, міне, сонда ғана мұсылмандар өз проблемаларын сауатты шеше алады. Әлдебіреулердің саяси ойыншығы болудан, пікір бодандығынан, экономикалық тәуелділіктен құтылады. Сонда ғана мұсылман әлемі күшейіп, әлемдегі барлық озбырлық әрекеттер мен әділетсіздіктерге батыл қарсы тұра алады. Сонда ғана мұсылман әлемі мемлекеттер арасындағы тепе-теңдіктің сақталуына, әлемде бейбітшіліктің орнығуына тарихтағы орны толмас өз үлестерін тағы да көрсете алмақ.

материал «Ислами гүл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: