25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бабалар рухына Құран бағыштауға, әулие-әнбиелердің басын зиярат етіп, Алладан тілек тілеу орынды ма

Бабалар рухына Құран бағыштауға, әулие-әнбиелердің басын зиярат етіп, Алладан тілек тілеу орынды ма

Күдікпен күрес
Жарнама

Рухани жердің тарихымен танысу, өлілерге бағыштап Құран оқу, Алладан олардың игілігіне дұға тілеу – мұстахаб, яғни сауапты амалға жатады.

Шариғатымыз Ислам ғұламалары мен әулие құлдардың, тіпті жалпы мұсылман қабірлерін зиярат етуге рұқсат етеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендерді қабірге зиярат етуден тыйған едім, енді зиярат етіңдер. Өйткені, ол ақыретті естеріңе түсіреді» деген хадисі бар.

Бірақ қандай да бір топ адамдарды бабалардың басына апарып шариғатқа қайшы әрекеттер жасатса, дұрыс емес. Мәселен, алдына келген адамдарға пәленше бабаңның басына баруың керек, бағың байлаулы, ата-бабалардан бата алып жолыңды ашып береміз, пәленшенің басында қой соясың, түгеншенің басында түнейсің, ата-бабалардан бала сұрайсың деген секілді іс-әрекеттер шариғатымызға қайшы. Осылардың қатарына «Ақ Ана», «Ата жолы» сияқтыларды жатқызуға болады. Олардың бұл әрекеттері  халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып өз мүдделеріне жету үшін ғана жасалынып отыр. Ал, шариғатта рұқсат етілгені – әулие-әнбиелердің құрметі үшін деп Алладан тілек сұрау.

Тәуәссул дегенді қалай түсінуге болады

Тәуәссулдің сөздік мағынасы «белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін қандай да бір себеп, құрал қолдану» дегенді білдіреді. Мысалы, бір жерге бару үшін көлік қолдану да тәуәссулге жатады. Ал, шариғатта тәуассул деп: «Дұғаның қабыл болуы үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немесе басқа бір аса тақуа адамның құрметін себепкер етуге айтылады. Мысалы, «Уа, Алла Тағалам, соңғы пайғамбар әрі сенің сүйікті құлың Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құрметіне менің мына дұға-мінәжаттарымды қабыл ала гөр» деп тілек тілеу секілді.

Шариғатта тәуассулдің басқа да түрлері бар. Оны төменде арнайы түсіндіреміз. Бұл тақырыпқа кірмес бұрын тәуассулға байланысты мынаны біліп алғанымыз жөн. Тәуассул – дұға жасаудың, Алла Тағалаға жалбарынудың бір түрі. Негізгі тілекті қабыл алушы да, сұрағаныңды орындаушы да – еш күмәнсіз Алла Тағала. Ал тілекте «құрметі үшін» деп тәуассул жасалған кісі тек себепкер ғана. Яғни, тәуассул жасаған кісі – тәуассул жасалған тұлғаның тікелей ешкімге пайда яки зиян келтіре алмайтынын білуге тиіс. Кімде-кім мұны басқаша ойласа, Алла Тағала серік қосқан болады.

Тәуассулдің түрлері

Ғалымдар тәуассулдың мына түрлерінің шариғатқа қайшы емес екенін бірауыздан білдірген:

  1. Алла Тағаланың көркем есімдерін себепкер ету. Мысалы: «Рахман есіміңнің құрметіне» деп тәуассул жасау. Бұл жайлы Құранда: «Ең көркем есімдер Алла Тағалаға тән. Ендеше, Оның есімдерімен дұға етіңдер»(Ағраф сүресі-80) делінеді.
  2. Басқа бір салиқалы кісіден өзі үшін дұға етуін өтіну. Қазақтағы бата сұрау үрдісі де тәуассулдың осы түріне жатады. Мысалы, сахабалар құрғақшылықта жаңбыр жаууы үшін пайғамбарымыздың дұға етуін өтінген. Сондай-ақ, кейбір сахабалар тәніндегі кейбір ауруларынан айығу үшін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дұға етуін сұрағаны жайлы көптеген сахих хадистер бар. Айша анамыз күнәсінің кешірілуі үшін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Алла Тағалаға дұға етуін өтінген. Тіпті, Құранда мұсылмандарға жасаған күнәларының кешірілуі үшін пайғамбарымызға келіп, одан Алла Тағалаға дұға етуін өтінудің абзалдығы жайлы айтылады.(Ниса сүресі-64)
  3. Салиқалы ізгі істерді себепкер етіп дұға жасау. әл-Бухари және Мүслимде келген сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш кісінің жолаушылай бір үңгірге кіріп, кейіннен ол үңгірдің аузына үлкен тас құлап, үңгірді жауып қалғанын айтады. Бұл үш кісі үңгірдің аузындағы тастың ашылуы үшін өздерінің өмірлерінде істеген ең ізгі істерін айтып: «Уа, Алла Тағалам, егер менің істеген осы ісім тек Сенің разылығың үшін болса, бізді осы мүшкіл жағдайдан құтқар» деп жалбарынады. Біріншісі өзінің тек Алланың разылығы үшін әке-шешесіне жасаған ерекше жақсылығын айтып дұға еткеннен кейін үңгірдің аузындағы тас азғантай ашылады, екіншісі де өзінің өмірдегі салиқалы бір ісін айтып жалбарынғаннан кейін үңгірдегі тас адамның денесі сыймайтындай көлемде ашылады. Ақыры үшіншісі де өзінің ғұмырындағы тек Хақтың разылығы үшін атқарған бір ісін айтып дұға ет- кен сәтте үңгірдің аузындағы тас ашылып, үшеуі сыртқа шығады [1].

Кез келген адам өзінің өмірде жасаған ізгі амалын себепкер етіп: «Осы ісімді тек Сенің разылығың үшін жасап едім, соның құрметіне тілегімді қабыл ала гөр» деп дұға жасауына болады.

Ал, енді кейбір ғалымдардың ғана қарсы шыққан тәуассул түрі мынандай: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немесе аса тақуа бір кісінің Ұлы Иеміздің алдындағы мәртебесі мен Алла Тағалаға деген жақындығын себепкер ету арқылы «Сүйікті пайғамбарың Мұхаммедтің құрметі немесе пәленше құлыңның мәртебесі үшін» деп тілек тілеу түрі. Шынтуайтында, тәуассулдың бұл түріне байланысты айтылған қайшы пікір – сөзде ғана болып отыр. Себебі, барлық айтылған уәждер мен дәлелдердің арғы астары – бір пікірде тоғысады. Олай дейтініміз, бұл түрдің де негізгі астарына үңілсеңіз, жоғарыда барлық ғалымдар бірауыздан қабылдаған «ізгі істерді себепкер етіп тәуассул жасау» түрінің аясына кіретіндігін байқаймыз. Себебі, бір кісі «Пәленше құлыңның құрметі үшін» деп тәуассул жасап дұға еткенде, «ол кісінің ерекше тақуа» екендігін себепкер етеді. Ал, ол тақуалыққа ізгі амалдарымен жетіп отыр. Ендеше, «құрметі үшін» деу арқылы тәуассул жасау – тақуа кісінің ізгі амалдарының жиынтығын себепкер етіп тәуассул жасау деген сөз. Ал, ізгі амалдарды себепкер етіп дұға жасауға барлық ғалымдардың келісетіндігі сөзсіз. Бұған қоса, «Пайғамбардың құрметі үшін» деп тәуассул жасауды – кісінің пайғамбарына деген сүйіспеншілігін, Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген шынайы иманын себепкер етіп дұға жасауы деп түсінгеніміз жөн.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі Алла Тағаланы және Оның елшісін (с.ғ.с.) барлық нәрседен артық жақсы көрмейінше толық иманға жетпейді» деген. Ендеше, пайғамбарды шынайы сүю – ізгі амалға жатады. Сондықтан «Менің Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігім мен иманымның құрметі үшін дұғамды қабыл ала гөр!» деп тілек тілеуге барлық ғалымдар бірауыздан келісіп отыр. Имам Шәукани өзінің «әд-Дуррун-надид фи ихласи кәлиматит-таухит» атты еңбегінде: «Пәленше құлыңның құрметі үшін» деп дұға етудің – аса тақуа адамның ізгі амалдарының жиынтығын себепкер ету арқылы жасалған тәуассулге жататындығын білдірген.

Тәуассулдің бұл түрінің шариғатқа қайшы емес екенін көптеген хадис саласының мәшһүр хафиз ғалымдары һәм фиқһ ғылымының майталман мамандары мен үлкен тәпсір ғұламалары өздері тәуассул жасау арқылы яки дұрыстығын тікелей баяндау арқылы білдірген. Мысалы, Сахих Муслимге «әл-Минһәж» аты 18-томдық көлемді түсіндірме жазған, жұртқа «Риадус- салихин» (Салиқалы құлдардың бақшалары), «әл-Әзкар» сынды кітаптарымен танымал хадис әрі фиқһ ілімінің үлкен білгірі Мухиддин ән-Нәуауий өзінің «әл-Әзкар» атты дұға кітабында және «әл-Мәжмууғ» атты фиқһ кітабының қажылық бөлімінің Пайғамбар мешітіне зиярат тарауында: «Өзі үшін оның (с.ғ.с.) құрметімен тәуассул жасайды әрі оны (с.ғ.с.) себепкер етіп Раббысынан тілек тілейді»[2] - деген.

Ал, күллі мұсылмандарға аты әйгілі Шиһабуддин Махмуд Әлуси өзінің «Рухул-мағани» атты 30 томдық тәпсір кітабының бірқатар жерінде тәуассул жасаған. Мысалы, «Фатиха» сүресін тәпсірлеу барысында: «Уа, Алла Тағалам, бізді адамзат пен жындардың мырзасы пайғамбарымыздың құрметіне екі дүниеде де бақытты ет!» десе, басқа бір жерінде «Ұлы Құранның әрі ардақты елшінің (с.ғ.с.) құрметіне бізді жамандардың кесірінен сақта!» деп тәуассул жасаған.[3] Хадис ілімінің атақты хафызы, үлкен тәпсір ғұламасы Ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уән-ниһая» атты тарих кітабында: «Мұхаммед (с.ғ.с.) пен оның пәк әулетінің құрметі үшін» деп тәуассул жасаған.[4]

Тәбәрік те тәуассулдың бір түрі

Халид ибн Уәлид «Ярмук» соғысында басындағы сәлдесін жоғалтып алды. «Іздеңдер» деп сұраған еді, жанындағылар оны таба алмады. Сосын қайтадан «Іздеңдер» деді. Жанындағылар сәлдені тауып алған кезде ескі сәлде екенін байқады. Сонда Халид ибн Уәлид былай деді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) умра жасаған кезде шашын алдырып еді. Сахабалар самайының шашын алуға ұмтылды. Мен олардан бұрын маңдайының шашын алып үлгердім де, осы сәлдемнің ішіне қойып қойдым. Осы шаш жанымда болған барлық соғыста Алла Тағала маған тек жеңіс сыйлады».[5] Абдул-Хамид ибн Жағфар әкесінен риуаят етті. Риуаятты мәшһүр хадис ғалымы Али ибн Әби Бәкір әл-Һәйсами сахих деп бағалаған.[6]

Маған Әсма (р.а.) жібек жамауы бар әрі шеттері жібекпен бүрілген кисралық тайалиса бір шапанды шығарып: «Бұл – пайғамбарымыздың шапаны», – деді. Бұл шапан Айшада (р.а.) болатын. Айша (р.а.) қайтыс болған кезде мен алдым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы шапанды киетін еді. Міне сондықтан біз қазір бұл шапанды ауру адамдарымыз үшін жуып, сол (шапан) арқылы Алла Тағаладан шипа тілейміз - деді. Имам ән-Нәуауий бұл хадисті түсіндіру барысында: «Бұл хадис салиқалы кісілердің киімдерімен және басқа да артында қалған нәрселерімен тәбәрік жасауға болатындығына дәлел», – деді.

Тәуассул бір нәрсені себепкер ету дедік. Олай болса, тәбәрік те тәуассулдің бір түрі. Олай дейтініміз, тәбәрік бір нәрсе арқылы береке тілеу, құт күту деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыздың шаш-сақалын себепкер етіп Жаратқаннан жеңіс тілеу, яки, ауруға шипа тілеу немесе шапанын себепкер етіп ауруларға дауа сұрау сахабаларымыздың заманында бар болатын. Ал енді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артында қалған шапаны мен сақал-шашын себепкер етіп тілек тілеуді дұрыс санап, әз елші Хақ Тағала сүйіктісінің (с.ғ.с.) өзін, яғни жаны мен тәнін, рухани деңгейін себепкер етіп тілек тілеуге қарсы шығудың қайшылық туғызары сөзсіз. Олай болса, жоғарыдағы әл-Бухари мен Муслимдегі тәбәріктің дұрыстығын білдіретін сахих хадистер де тәуассулдің бар екенін басқа бір қырынан дәлелдейді.

Ақыретте шапағат ету де тәуассулдің бір түрі

 «Шапағат» сөзінің тілдегі мағынасы: бір адамның қатесінің кешірілуі үшін себепкер болу, бір адамнан үшінші бір тұлға үшін жақсылық жасауын өтіну дегенге саяды. Құранда: «Ол күні Рахманның шапағат етуге рұқсат етіп, сөзіне риза болғандардан басқаларының шапағаты пайда бермейді»[7]-делінеді. Бірқатар сахих хадистерде пайғамбарымыздың үмметінің ішіндегі кейбір күнәһар пенделерге Алла Тағаланың рұқсатымен шапағат ететіндігі білдірілген. Ал енді ақыреттегі ең ауыр есеп күні Алла мен құлдың арасында себепкер болу рұқсат етілсе, қисын тұрғысынан мына дүниеде кейбір салиқалы да тақуа кісілердің құрметіне дұға жасау неліктен болмасын? Екеуінің арасында негіз тұрғысынан қандай айырмашылық бар? Шапағатты да дұғаны да қабыл алып, алмайтын да Алланың өзі емес пе?

Қорытынды: Тәуәссулге «Аллаға серік қосу» деп те қарайтындар кездесіп жатады. Алайда тақуа адамның құрметіне Ұлы Жаратушыдан мұқтаждығыңды сұраудың Аллаға серік қосумен ешқандай байланысы жоқ. Себебі, тәуәссулда сұралатын нәрсе басқадан емес, тек Алладан сұралады, оған қоса сұралған нәрсені беруші себепкер етілген адам емес, Алла Тағаланың жалғыз өзі.

Әлжуаз адамның біреудің мұқтаждығын өтей алмайтындығы айтпаса да түсінікті. Кез-келген адам ешкімнің себепкерлігін қолданбастан қалаған нәрсесін Алладан тікелей сұрауына болады. Яғни, тәуассул ету парыз яки дұғаның қабыл болуының бірден бір шарты емес. Алла Тағала «Ғафир» сүресінде: «Маған дұға етіңдер! Дұғаларыңа жауап беремін» десе, «Фатиха» сүресіндегі «Сенен ғана жәрдем тілейміз» деген аят арқылы құлдарының тек қана Өзінен жәрдем тілеуін үйреткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдуллаһ ибн Аббасқа: «...Бір нәрсе сұрайтын болсаң, тек қана Алладан сұра. Жәрдем сұрайтын болсаң да тек қана Жаратқаннан сұра»[8] деп насихат еткен. Тәуәссул арқылы дұға еткен жандар жоғарыдағы аяттар мен хадистерде айтылған жалғыз Алла Тағаладан ғана жәрдем тілеу керектігіне қайшы іс жасамауда. Себебі, тәууәссулде сұралатын нәрсе тікелей Алла Тағаладан сұралуда. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әз сахабалары Мәдинада құрғақшылық болған кездерде жаңбыр жаууы үшін Пайғамбарымыздан Алла Тағалаға дұға оқуын өтінетінін жоғарыда келтірген болатынбыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың өтінішін жерге тастамай дұға ететін, артынша нөсерлетіп жаңбыр жауатын. Иә, сахабалардың жаңбырдың жаууы үшін Алланың сүйікті құлы Мұхаммед пайғамбарымыздың дұға етуін өтінулері де тәуәссулға жатады. Және тек қана Алла Тағаладан тілеу керек деген қағидаға да қайшы емес.

Демек, кейбір адамдардың Алла жанындағы мәртебелері мен дәрежелері дұғаның қабыл болуына себеп болғандықтан сахабалар осылай істеген. Сахабалардың бұл ісін ешкім Аллаға серік қосу деп қараламаған. Кейбір адамдардың тәуәссулға қарсы шығулары – олардың Ұлы Жаратушыға серік қосып алмау үшін жасаған аса сақтықтарынан туындаған. Бұған қоса, кейбір адамдардың тәуәссул жасаудағы шариғи өлшемдерді сақтай алмай шектен шығып, Алладан емес, тікелей басқадан сұрап, серік қосулары олардың исламдағы тәуәссулді жоққа шығаруларына себеп болған. Бірақ жоғарыда айтылған хадистер мен сахабалардың жасаған істерінен тәуәссулдың Аллаға серік қосу еместігін түсінеміз. Ал астамшылдық жасап, шариғаттан алыс кеткендерге дұрыс тәуассулдің шарттарын түсіндіруіміз ләзім. Тәуәссулді жоққа шығаратын кейбір жандар «Зүмәр» сүресіндегі мүшріктердің «Біз оларға (пұттарға) тек бізді Аллаға жақындатулары үшін ғана ғибадат етеміз» деп айтатындықтарын дәлел көрсетіп, тәуәссул де Аллаға жақындау үшін жасалатын болғандықтан, ол да Аллаға серік қосу болып саналады деуде. Алайда аятта қолданылған сөздерге үңілсек, оның тәуәссулмен ешқандай байланысының жоқ екенін аңғарамыз. Аятта мүшріктердің Аллаға жақындау үшін пұттарға тікелей табынып, ғибадат ететіндіктері баяндалған. Яғни, пұттардың ризалығы үшін құрбан шалып, олардың алдында тағзым ететіндіктері білдірілген.

Ал, шариғаттағы рұқсат етілген тәуәссулде салиқалы адамға ешқандай табыну да, оған құлшылық ұрып ғибадат жасау да жоқ. Бар болғаны, оның Алла алдындағы құрметі мен мәртебесін шапағатшы етіп Ұлы Жаратушыдан қалағаныңды тілеу ғана. Сондықтан Құрандағы мүшріктерге қаратылып айтылған аятты бір Жаратушыға иман етіп, көмек пен жәрдемді тек сол бір Алла Тағаладан күткен мұсылман жандарға қолдану мүлдем дұрыс емес. Біз бұл жерде сұрақ қоюшының сауалына жауап ретінде тәуәссулдің дініміздегі орнын түсіндіруге тырыстық. Әйтпесе, тілек-мінәжаттарымызда тәуәссул жасау парыз яки қабыл болуының бірден-бір шарты демедік. Қалаған адам тәуәссулсіз тікелей тілек, мінәжатын атқара алады. Тағы бір ескерте кететін жайт, тәуәссулді Алла Тағалаға серік қосуға апарар жол ретінде қарайтын ғалымдар да кездеседі. Әрине, қазіргі таңда осындай тармақ мәселелерді алға тартып, тәуәссулді мойындамайтын адамдар мен оны қабылдайтын адамдардың бір-біріне ала көзбен қарап, қызыл кеңірдек болуы әсте дұрыс емес. Тәуассулді тармақ мәселеге жатқызып отырмыз. Себебі тәуассул ақида мәселесіне емес, дұға жасаудың бір түрі болғандықтан, фиқһ мәселесіне жатады. Себебі, бұл жерде сұралатын нәрсе Алла Тағаладан тікелей сұралып тұрғандықтан тәуассул сенім мәселесіне кірмейді. Тіпті, бұл жайлы салиқалы кісінің құрметімен тәуассул жасауды қабылдамайтын Насурддин Әлбани де «Тахауи» ақидасының кіріспе сөзінде тәуассулдің ақида мәселесіне жатпайтындығын, оның тікелей фиқһ мәселесі екендігін айтқан. Ал Мұхаммед ибн Абдулуәһһаб болса, өзінің пәтуалар жинағының 68-69 беттерінде (Мәжмуғату фатауа) тәуассул жайлы сөз қозғап, оның ақида мәселесі емес, фиқһ мәселесі екенін әрі ғұламалар арасында үлкен тартысқа ие тақырып екенін айтады. Әрі тәуассул жасаудың көпшілік ғұламалар бойынша харам емес, мәкрүһ екенін білдіреді де егер біреу тәуассул жасап жатса, оны «инкар» ете алмаймыз деген.[9] «Инкар» ете алмаймыз дегені – тәуассул жасаған адамға сенікі дұрыс емес, адасып жүрсің дегендей сөздермен қарсы шыға алмаймыз дегені. Мұхаммед ибн Абдулуәһһабтың тәуассулге байланысты ұстанымы мынау: «Жаратылғандардан жәрдем тіленбейді» деген сөздеріне қарамастан кейбір ғалымдардың жаңбыр дұғасына байланысты түсіндірме берген кезде «Салиқалы құлдардың құрметіне тәуассул жасаудың сөкеттігі жоқ» деулері әрі Ахмад ибн Ханбалдың «Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) тәуассул жасаудың ағаттығы жоқ» деген сөздері жайлы Мұхаммед ибн Абдилуаһһабтан адамдар сұраған еді. Ол бұл сұраққа былай деп жауап берген: «Екеуінің (жаратылғаннан жәрдем тілеу мен тәуассул жасаудың) арасындағы айырмашылық өте анық. Мұның біз қозғап отырған тақырыппен мүлде қатысы жоқ. Кейбір ғалымдардың салиқалы құлдармен тәуассул жасауға, ал бағзыларының тек пайғамбарымызбен ғана тәуассул жасауға рұқсат берулері және көпшілік ғалымдардың тәуассулды мәкрүһ санаулары, бұлардың бәрі фиқһ іліміне қатысты болғандықтан, тақырыбымыздан тыс болмақ. Біздің таңдауымыз көпшілік ғұламалардың мәкрүһ деген көзқарасы болса да[10], тәуассул жасаған адамға қарсы шыға алмаймыз. Себебі, ижтиһади мәселелерде қарсы шығу дұрыс емес. Ал біздің қарсы шыққан нәрсеміз ол – жаратылғанға (адамға) Аллаға етілетін дұғадан да артық түрде жалбарыну. Шейх Абдулқадир немесе басқа біреудің қабіріне барып, қиыншылықтарынан құтылып, тілектерінің орындалуын жалбарына отырып олардың жанында (тікелей солардан) сұрау. Бұл жерде қане бір Алладан ғана сұрап, Алламен қоса басқа біреуге дұға етпеу? Біздің айтып отырған тақырыбымыз қайда, бұл қайда? Бірақ Алладан ғана сұрап дұға еткен жан: «Уа, Алла Тағалам! Мен сенен пайғамбарың яки әнбиелеріңнің немесе салиқалы құлдарыңның құрметіне (мынаны, мынаны) сұраймын» деп тілек тілесе, тек Алладан ғана сұрағаннан кейін белгілі бір қабірдің немесе басқаға арнайы барып, оның басында бұлай дұға еткен болса да, бұл біздің көтеріп отырған тақырыбымызға қатысы жоқ (жоғарыдағы қарсы шықан нәрсемізге жатпайды)». Ибн Тәймия «Пәтуалар жинағы» атты кітабында салиқалы адамның құрметін себепкер етіп тәуассул жасауды қабылдамағанымен, тәуассул жасаған адамның кәпір яки мүшрік болмайтындығын айта келе: «Өйткені бұл мәселенің өзі де анық емес әрі дәлелдері де айқын емес....» деген. Яғни дәлелдер нақты болмағандықтан әртүрлі түсінуге болатын тартысты мәселелерге жатады дегені. Тіпті, Ибн Тәймия: «Мұндай мәселелерде белгілі бір кісіні кәпір деген адамның өзі қатты жазалануға лайық» деген.[11] Суфиянус-Сәури былай деген: «Ғұламалар арасында тартысты мәселеде әлдебір кісі сенің таңдаған көзқарасыңа қайшы пікірмен амал етіп жатқанын көрсең, онда оны ол істен тыйма!».[12] Ендеше, мұндай талас туғызар тармақ мәселелерде бір-бірімізге түсіністікпен қарап, мұсылман үмбетін бірлікке шақыруымыз керек. Себебі, ислам ғұламалары мұндай тармақ мәселелерде: «Шариғатта тартысы жоқ – ортақ пікірдегі мәселелерде бір-бірімізге көмектесеміз, ал әртүрлі пікірге ие тартысты мәселелерде бір-бірімізге кешіріммен қараймыз»[13] деген қағиданы ұстанған.

Иә, шынтуайтында, бүгінгі мұсылмандар мұндай тармақ мәселелерді бір-біріне дәлелдеп, дауласу емес, араларындағы бірлікті күшейтуге анағұрлым мұқтаж. Бұл жерде айтылған шариғат өлшемдері мен талапта-рына сай тәуәссулге байланысты келтірілген дәлелдерді қазіргі таңда «халықты емдейміз» деп алаяқтықпен айналысып жүрген кейбір топтар өздерінің қате істеріне айғақ ретінде қолдана алмайды. Себебі, шариғаттың өлшемдерін аяққа таптап, түрлі мүрде, бейіттердің басына барып мұң-мұқтаждықтарын Алладан емес, сол бейітте жатқан адамдардан тікелей сұрап, серік қосудың бұл жерде айтылған тәуәссулмен ешқандай байланысын жоқ екенін ескерте кетейік.

 

Материал «Дін мен діл» кітабынан алынды.

Ummet.kz


 

[1] Бухари, Китабул-әнбия, Муслим, Китабур-риқақ

[2] Мухиддин ән-Науауий, әл-Мәжмууғ, 8-том, 202 бет. «Дәрул- фикр» баспасы, Бәйрут, 1997 ж. Әл-Әзкаар, 307-бет. «Дәрул-фикр баспасы, Бәйрут

[3] Шиһабуддин Махмуд Әлуси, Рухул-Мағани, 14-том, 262-бет. 246 Исмағил ибн Омар ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 13-том, 192- бет. Мәктабутул-мағариф, Бәйрут.

[4] Исмағил ибн Омар ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 13-том, 192- бет. Мәктабутул-мағариф, Бәйрут.

[5] Сулеймен ибн Ахмад ибн Аюуб әл-Қасим әт-Табарани, Муғжамул-Кәбир, 4-том, 104 бет. «Макатабуз-Зәһра» баспасы, 2-басылым, Маусил, 1987 ж. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким

[6] Али ибн Әби Бәкр әл-Һәйсами, Мажмаъуз-зауайд уа манбаъул- фауайд, 9-том, 349-бет. «Дарул-Раййан» баспасы, Каир, 1986 ж.

[7] «Таха» сүресі, 109-аят.

[8] Мухаммад ибн Абдиллаһ Әбу Абдиллаһ әл-Хаким ән-Найсубури (321-405 ж), әл-Мустадрак алас-сахихайн, 3-том, 624-бет. «Дарул- кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.

[9] 2 Юсуф әл-Қардауи, фусулун фил-ақидати байнас-сәлафи уәл- халаф, 265-бет. «Мәктабату уәһба» баспасы, Каир қаласы, 2006ж.

[10] Мұхаммед ибн Абдилуаһһабтың «тәуассул – көпшілік ғұламалар бойынша «мәкрүһ»» деген пікіріне келіспейміз.

[11] Мәжмууғу фатаауа Ибн Тәймия, 1-том.

[12] Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 2337-бет. «Дәрул- мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж

[13] Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 2337-бет. «Дәрул- мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж. Және қараңыз, Юсуф әл-Қардауи, Фатауа Муғасира, 2-том, 141-бет, «әл-Мактабул- ислами» баспасы, 2000ж.

Бөлісу: