25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Үмметтің жетпіс үшке» бөлінуін қалай түсінеміз?

«Үмметтің жетпіс үшке» бөлінуін қалай түсінеміз?

Күдікпен күрес
Жарнама

Күллі адамзаттың өз әсемдігі, бір-біріне ұқсамайтын жаратылыс болмысы болғаны тәрізді өмірге деген көзқарастары да, таным-түсініктері де әр әлуан. Олар қара шаңырақ болған жер бетінде бір-бірімен етене жақын ғұмыр кешіп жатқанына қарамастан, өзара араздасып, топ-топқа бөлініп те жатады. Мұның басты себебінің бірі Хақ Тағала тарапынан түскен бұрынғы иләһи кітаптардің бұрмалануы және соңғы пайғамбарға түскен Құранды адамдардың дұрыс түсінбеуінен туындап отыр. Сондықтан, адамдар Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін дұрыс түсінуде ғұламалардың берген түсіндірмелеріне мұқтаж.

Әһлу сүнна уәл жәмаға ғалымдарының Хақ дінді түсіндіру жолында телегей теңіз еңбек еткені ақиқат. Өкінішке орай, тасадан тас атуды әдетке айналдырған теріс пиғылды кейбір ағымдардың да дінді бұрмалап, көңілге күдік ұялатуда қарап қалмайтыны анық. Сөзіміздің дәлелі, ғасырлар бойы әлем мұсылмандарының 90% пайызынан астамы ұстанып келе жатқан «Әһлу суннә уәл жәмаға»* доктриналық және құқықтық мәзһабымен қатар аздаған топтан құралған теріс ағымдардың да қатар өмір сүріп келуі әрі солардың сарқыншақтары бүгінде өз жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтуға болады. Мақаламыздың тұздығы ретінде үмметтің жетпіс үш топқа бөлінетіндігін білдіретін хадистер төңірегінде сөз қозғамақпыз.

«Үмметтің жетпіс үшке бөлінуі...» туралы кейбір хадистер және ғалымдардың көзқарасы

1. Алла елшісі (с.ғ.с): «Яһудилер жетпіс бір топқа бөлінді. Оның біреуі ғана жәннәттық, жетпісі тозақтық. Христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Оның біреуі жәннәттық, жетпіс бірі тозақтық. Мұхаммедтің жаны Оның құдіретінде болған Затқа ант етейін, әлбетте Менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның біреуі ғана жәннәттық, жетпіс екісі тозақтық» деген.

2. Муғауия ибн Әби Суфян жеткізген хадисте: «Сендерден бұрынғы Кітап иелері жетпіс екі топқа бөлінді емес пе?! Менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді. Жетпіс екісі тозақтық, біреуі жәннәттық. Ол, жәннәттық - жамағат» делінеді.

3. Әби Үмама (р.а) жеткізген хадисте: «Исрайыл ұрпақтары жетпіс бір топқа бөлінді. Менің үмметім бөлінуде одан біреу артық болады. Сауадул ғәзимнан (үлкен бір бөлігінен) басқасының барлығы тозақтық» делінеді.

4. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Яһудилер жетпіс бір топқа бөлінді, христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Менің үмметім жетпіс үш топқа бө¬лініп, олардың тек біреуінен басқасының бәрі тозаққа кіреді», - деген. Сонда сахабалар: «Уа, Расулулла! Ол қандай топ?» деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Олар менің және сахабаларымның жолы¬мен жүргендер», - деген.

Үмметтің жетпіс үш топқа бөлінуін білдіретін аталмыш хадистерден өзге де хадистер бар. Сол хадистердің арасында рауиі (жеткізген адамы) Шииттік, Мүғтазила, Зайдия және Ибадия сынды ағымдардың өкілі болған хадистер де кездеседі. Ол хадистердің мәтіндері де басқаша бұрмаланған деуге болады. Яғни, сол ағымдардың көзқарастарын қуаттау негізінде келеді. Біз бұл жерде, әһлу сүнна уәл жәмаға ғалымдары жеткізген хадистерге ғана тоқталып, соның төңірегінде ой бөліспекбіз.

Хадистің дәлелдік күші

Бір ғалымдар, «Үмметтің жетпіс үш топқа бөлінуін...» білдіретін хадистердің бірі, Абдулла ибн Амрден жеткен хадисті «ғариб хадис» десе, сүнән әт-Тирмизиге шарх жазған ғұлама Мұхаммад Абдурахман әл-Мүбаракфури осы хадистің сәнәдінде (тізбегінде) Абдурахман ибн Зияд әл-Ифриқи атты әлсіз рауидің бар екенін айтады . Алайда, «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді...» деген хадистің Мүслим мен Бұхариден басқа Тирмизи, Әбу Дәуіт және Ибн Мәжә сынды ғалымдардың еңбектерінде келуі себепті көптеген ғалымдар бұл хадисті дәлелдік күшке ие деп қараған. Тіпті, Тирмизидегі аталмыш хадиске Әбу Ғиса әт-Тирмизи «хасан сахих» деп баға берген . Хадистің иснәді (тізбек, яғни, хадис риуаят етуші адам) мен мәтініне қатысты кейбір ғалымдар хадисті әлсіз немесе ойдан тоқылған деп те баға берген. Мысалы, имам әш-Шаукани Ибн Хазмның көзқарасын қолдап, өзінің (1250/1834 ө) «Фатхул қадир» атты еңбегінде, үмметтің бөлінуі жайлы хадистің соңындағы «Бір тобы ғана жәннәттық. Қалғандарының барлығы тозақтық» деген тұсы артық дейді. Әрі осы негізде келген хадистерді әлсізге жатқызады . Cондай-ақ, Ибн Хазм «Үмметтің жетпіс үшке бөлінуін» білдіретін хадисті «Маудуғқа» (ойдан тоқылған жалғанға) шығарғаны жайлы көзқарасы айтылып, имам әш-Шаукани соны қолдағаны көрінгенімен аталмыш ғалымдар хадисті толығымен жоққа шығарды деуге келмейді. Себебі, Ибн Хазм «Үмметтің жетпіс үшке бөлінуіне» қатысты хадистердің ішіндегі Ауф ибн Мәлік жеткізген хадистің иснәді (тізбегі) ғана сахих деп қабылдап, өз еңбектерінде дәлел ретінде келтірген . Бұл хадистер имам Ахмад, Тирмизи, Әбу Дәуіт және Ибн Мәҗә еңбектерінде келіп, имам Тирмизи мен имам Хәким ол хадистердің дұрыстығын айтқан. Тіпті, имам Хәким бұл хадистің сенімділігін имам Мүслимнің хадис қабылдаудағы шарттарына сәйкес келеді деген . Зейнуддин әл-Ирақи (806/1404 ө)

«Үмметтің жетпіс үшке бөлінуі...» атты хадистегі құтылған топтың «Әһлу сүнна уәл жәмаға» екендігін ашық айтып, Әбу Ләйс әс-Самарқанди жеткізген: «Уа, Алла елшісі! Жәннәттық бір топ кімдер?» деген мағынадағы сұраққа: «Менің және асхабымның жолында болған әһлу сүнна уәл жәмәға», - деді» деген риуаятты дәлел ретінде келтіреді . Ал, Матуриди сенімдік мектептің белді ғалымдары Әбу Мути ән-Насәфидің «Китабур-Ред», Бағдадидің «Әл-Фарк», Әбу Музаффер Исфиранидің «Әт-Тәбсир» және Мухаммед Захид Кәусәри сынды кәләм саласының ғалымдары өз еңбектерінде үмметтің жетпіс үшке бөліну мәселесін жан-жақтылы талқылаған. Кәусари, «Жетпіс екісі жәһәннәмда, біреуі жәннәтта» деген хадистің мәшһур (танымал) болуына қарамастан, «Үмметтің жетпіс екісі жәннәтта, біреуі жәһәннәмда» деген хадисті иснад (тізбек) жағынан сенімдірек деп көрсетеді. Сонымен қатар хадистің сахих болуы және сахих еместігі ғалымдар арасында бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселенің бірі екендігін атап өтеді . Әрі «Үмметтің жетпіс үшке бөлінуі...» атты хадистерді бір бөлім ғалымдар әлсізге шығарғанымен, көпшілік ғұламалар тарапынан қолдау тапқандығын аталмыш хадистерге жасалған зерттеулер мен жазылған еңбектерден көре аламыз. Сондай-ақ, ғұламалар бұл хадистерді Алла елшісінің (с.ғ.с) ғайби әлем (болашақ) жайлы берген хабары әрі өмірде көрініс тапқан мұғжизасы ретінде де қарастырып, «Дәләйлун нұбууә» (Пайғамбарлық дәлелдер) атты тақырыптарға арқау еткен. Ескерту: хадистің мәтініндегі, «Яһудилер жетпіс бір топқа бөлінді. Христиандар жетпіс екі топқа бөлінеді. Ал менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді...» деген сөздер Ислам үмметінің өзге үмметтерге қарағанда көбірек топқа бөлінетінін көрсетіп тұр деген қате түсінікке барудан сақ болуымыз керек. Өйткені, ғалымдар он төрт ғасырдан бүгінге дейін пайда болған үлкенді-кішілі әртүрлі діни топтардың саны хадисте айтылған жетпіс үш топтан әлдеқайда көп екендігін алға тарта отырып, хадистегі сандар (жетпіс үш саны) түрлі топтардың көп болатындығын білдіреді деген. Зер салып қарайтын болсақ, хадистердің соңы «Менің және асхабымның жолында болғандар», «Әһлу суннә уәл жәмәға», «Жәмәғат» және «Сауадул ғизам (көпшілік мұсылман)» деген сөздер арқылы аяқталады. Бұл адамдардың түрлі ағымдардың алдауына түсіп кетпесін, туралық Исламдағы тек қана «Әһлу сүнна уәл жәмәға» жолы екендігін ескертіп тұр деуге болады.

Туралықта болған қандай топ?

Хадистегі «Үммет» сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Әуелгісі, «Үммату дәғуа» (Ислам дініне шақырылған күллі адамзат). Екіншісі, «Үммату ижәба» (Ислам дінін қабыл еткендер). Осы жерде, «Менің үмметім жетпіс үшке бөлінеді...» дегенде кімдер мұрат етіледі? деген сауал туындайды. Енді, осы мәселеге жауап іздеп көрелік. Еркінбек Алтай бір зерттеуінде, «Заманымыздың заңғар ғұламаларының бірі марқұм Рамазан әл-Бути (Алла оған рахым еткей), осы хадистерді зерттей келе мынадай керемет ой түйіндейді: «Біз ең әуелі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «үмметім бөлінеді» деген хадисіндегі «үммет» сөзінің мән-мағынасын айқындап алуымыз керек. Жалпы, Ислам ғұламалары үмметті екіге бөліп қарастырған. Бірі – дағуа үмметі, екіншісі – ижәбә үмметі (Исламды қабыл еткен). Дағуа үмметі – Алланың соңғы Пайғамбары жер бетінде дағуат жүргізгеннен бастап, қияметке дейінгі күллі адам баласын қамтитын ауқымды ұғым. Ал, ижәбә үмметі – Исламның ақиқат дін екенін мойындаған исі мұсылман қауымына ғана қаратылған. Демек, «үмметім бөлінеді» деген сөзден – ижәбә үмметін, яғни Исламның өз ішіндегі топтарды ұғынбай, бәлки Исламның сыртындағы ірілі-ұсақты діндер мен әртүрлі діни ағымдарды түсінеміз. Бір сөзбен айтқанда, дағуа үмметі меңзелген деп ұғынамыз. Себебі, хадистерде «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді...» делінеді, «Мұсылмандар жетпіс үшке бөлінеді» деп айтылмайды», – деді. Демек, әлем мұсылмандары ұйыған қадірлі имамымыз Рамазан әл-Бутидің осы кеңесін әрдайым есте ұстасақ, бірлігімізді бұзғысы келетін жар астындағы жаудан сақтануға өз септігін тигізер еді» деп тақырыбымызға қатысты хадистерді жалпы пайғамбарлық міндеттік негізде қарастырады.

Ал кейбір ғалымдар, пайғамбарымыздың «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді...» деген хадистерін Ислам тарихында пайда болған әртүрлі діни саяси топтар мен ақидалық (сенімдік) ағымдарға ишарат ететін дәлелдік негіз етіп қабылдап, зерттеулерінің кіріспесі ретінде келтіреді. Мысалы, Абдулфатих әш-Шәһристани өзнің «әл-Миләл уән-Нихал» еңбегінде осы хадисті негізге ала отырып, Ислам үмметінің үлкен жақтан Қадария, Сифатия, Хауариж, Шейіттер болып төрт топқа бөлінетіндігін, олардың әрқайсынан бөлініп шыққан ірілі-ұсақты топтарды қосқанда, хадисте айтылған жетпіс үш топқа жететінін алға тартса, атақты тарихшы Әбдулқаһир әл-Бағдадидың «әл-Фарқу бәйнал-Фирақ» кітабында аталмыш риуаяттарды келтіре отырып, Исламдағы адасқан топтың алғашқысы әрі бірегейі ретінде Муржия, Қадария және Хауариж топтарын атайды. Сондай-ақ, Муғтәзилә, Хауариж, Рафиза, Зәйдия сынды адасқан топтардың бидғаттары мен ой-пікірлеріне сәйкес адасушылар санатына кіретіндігін, ал Батния, Руафиз, Язидия қатарлы бірнеше топтың «Ислам үмметі» деген ұғымға мүлдем жатпайтындығын ескертеді . Ғалымдардың екі түрлі көзқараста болғанын көруге болады. Яғни, имам Рамазан әл-Бути, хадистегі «Үмметім» сөзін «Үммату дәғуа» (яғни, Ислам дініне шақырылған күллі адамзат) негізінде түсіндірсе, имам әш-Шәһристани және әл-Бағдади сынды ғалымдар «Үмметім» сөзіндегі мақсат «Үммату ижәба» (яғни, Ислам дінін қабыл еткендер) дейді. Немесе имам әш-Шәһристани және әл-Бағдади кейбір ағымдар өздерін мұсылман үмметі санатына жатқызғанымен әһлу сүнна уәл жәмәға көзқарасын мәнсұқтап, Ислам дінінің негіздерін бұрмалап түсіндіргендіктен, оларды адасқан топтың қатарына жатқызады.

Имам әш-Шәһристани мен имам әл-Бағдади, ой-пікірлері мен ұстанымдарына сәйкес адасқан топтардың қатарына жататын ағымдардың қателескен басты ұстанымдары қандай? Немесе әһлу сүнна уәл жәмәға мұсылмандық жүйеге қайшы келетін тұстары қайсы деген сұрақтар айналасында қысқаша тоқталып көрелік.

Мүғтазила ағымы: Мұғтазила ағымы Алла Тағаланың сипаттарын жоққа шығарады. Олар, Алла Тағаланың сипаттары қадим (ежелден болған) дейтін болсақ, онда Алла Тағаламен бірге сипаттары да ежелден бар болған болды. Бұл «ежелден Алла ғана бар» деген қағидаға қайшы. Яғни, Алла Тағалаға ортақтар қосқан боламыз. Ал, Оның сипаттары «худус» (кейіннен пайда болды) десек, Алла Тағаланың затында кейіннен пайда болған жаратылысқа орын бар дегендік. Бұл да дұрыс емес. Сөйтіп, олар әр екі жолмен Алла Тағаланың сипаты бар деудің дұрыс еместігін айтады . Имам Матуриди: «Үкім берілген жал¬пы әлем және ондағы әр¬бір нәр-се¬нің бір-бі¬рі¬мен ты¬ғыз бай¬ла¬ныс¬та бо¬луын білімімен игеріп, құдіретімен басқарып тұрған Құ¬ді¬рет, Ол – Алла Тағаланың сипаты. Сифатулла – Алла Тағаланың зәтия (затында) қадим болған, өзіндік мағынасы бар нәрсе. Оған Құран және басқа да сәмауй кітаптарда келген хабарлар мен елшілердің сөздері жеткілікті дәлел. Әрі Алла Тағаланың заты, ол сипаты емес, сипаты да заты емес. Оның сипаттарының барлығы қадим болғандықтан бірдей. Алайда, Оның есім-сипаттары мен жаратылыстың есім-сипаттары арасында еш ұқсастық жоқ» деп, Алланың сипаттарын толықтай мойындау мұсылмандық міндет екендігін айтады.

Харижидтік ағым: Хариджиттік ағым «Мұсылман ауыр күнә жасасын немесе жеңіл күнә жасасын кәпір, тозақта мәңгі қалады» десе, мұғтазилиттер ағымы «Үлкен күнә жасаған мұсылман «Әл-мәнзилату бинәл мәнзилатайн» жәннәт пен тозақтың аралығындағы жәйда болады» деп ашық кәпірдің қатарына кіргізбесе де, сипайы түрде діннен шығарады. Мүржия ағымы болса, «Қандай ауыр күнә жасаса да, таза мүмін болып қала береді» деп есептейді . Ал, әһлу сүнна уәл жәмәға көзқарасының негізін қалаушы имам Әбу Ханифа: «Егер мұсылман ауыр күнәні халал деместен істесе, кәпір демейміз. Оны шынайы мүмін деп айтамыз. Ол кісі пасық мүмін болады» деп Алла Тағаланың харам еткенін халалға, халал еткенін харамға шығармаған, пенделікпен ауыр күнә жасаған мүмін-мұсылманды хариджиттерге ұқсас кәпір деп айтудың дұрыс еместігін және пасық (күнәкар) мүмін дей отырып, мүржилер сияқты еш кінәсіз деп те айтпайды. Яғни, мұсылмандық парыз міндеттерін орындамаған немесе шариғатта тиым салынған күнәлардан тыйылмаған мұсылман күнәкар болады. Діннен шықпайды.

Шииттік кейбір ағымдар: Шииттік ұстанымдағы кейбір ағымдар «Арақ ішу харам емес», - десе, Рауафид сынды ағымы «Мұтға некесі дұрыс», - дейді. Арақ ішуді халал дейдіндер болса, Құрандағы: «Иман келтіріп, игілікті іс істейтіндер пенделікпен істеген ішіп-жеген (харам нәрселері) үшін күнә арқаламайды...» (Мәйда сүресі, 93-аят) деген аятты өздеріне дәлел қылады. Алайда, бұл аят арақ ішу харам етілген соң үкімнен бейхабар бір бөлім адамдардың ісіне қатысты түскен. Сондай-ақ, білместікпен ішіп-жегені (харам нәрселері) үшін күнә арқаламайтындығы баяндалып, Алланың кеңшілігі білдірілген. Яғни, арақ ішу харам емес деген мағынаны білдірмейді . Әһлу сүнна уәл жәмәға ғалымдары, қасиетті Құрандағы: «Уа, иман еткендер! Расында, арақ, ұтыс ойындар, табыну үшін орнатылған пұттар және бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, бұлардан аулақ болыңдар» (Мәйда сүресі, 90-аят) деген аятқа және пайғамбарымыз Мхаммедтің (с.а.с): «Арақ аз болсын, көп болсын бәрі харам етілді. Және мас ететін басқа да ішімдіктер харам етілді» деген хадистеріне сүйене отырып, арақтың харам екендігіне бірауыздан келіскен. Енді, Рауафид ағымының «Мұтға некесін дұрыс» деген көзқарасынан бұрын «Мұтға некесін» түсіндіріп өтейік. «Никәхул мұтға» дегеніміз, некесінде болмаған бөгде бір әйелмен шәһуатын қандыру мақсатында белгілі бір мөлшердегі материалдық (ақшаға) нәрсеге өзара келісіп, жыныстық қатынаста болу. Бұл Ислам шариғатында харам болып табылады. Имам Матуриди, Құрандағы: «...Ал енді, сендерге махрам болған аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен, мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді. Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе, мәһір ақыларын беріңдер, бұл сендер үшін парыз...» (Ниса сүресі, 24-аят) деген аятты тәпсірлеу барысында, аяттағы: «мухсинин – ар тазалығын сақтау, ғайру мусафихин – зина жасамау» сөзінде Алла Тағала мәһірін беріп, некелесуді қалаған адамның ниеті «Ар тазалығын сақтайтын мәңгілік некеде болу, уақыттық шәһуатын қандыру (зина) мақсатында болмау» керектігін әмір етті. Кейбіреулер аяттағы: «Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» сөзінен «мұтға» некесінің дұрыстығын шығарады. Олар аятта: «Истимтәғ» (шәһуәт әуестігін қандыру) жасаған соң ақысын беру айтылды. Яғни, «Никах» (неке) сөзі айтылмады», -дейді. Олар, Құрандағы: «әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» деген аятты «...балаларыңды сендер үшін емізетін болса, сүт ақыларын төлеңдер» (Талақ сүресі, 5-аят) деген аяттың мағынасына ұқсатып, өздерінің кереғар көзқарастарына қарай икемдеп дәлелдегісі келеді. Біздің көзқарасымызда (Ханафи мәзһабында), Ниса сүресі, 24-аятындағы: «...Ал енді, (сендерге махрам болған) аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді» сөзі адал некеге дәлел. Ал, «Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» аятындағы «ақыларын беріңдер» сөзі «мәһірлерін беріңдер» мағынасын береді. Оған «Әйелдердің қожайындарының алдынан өтіп, мәһірлерін ғұрыпқа сай беру арқылы некелесіңдер» (Ниса сүресі, 25-аят), «Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді халал еттік» (Ахзаб сүресі, 50-аят) деген аяттар бұлтартпас дәлел болады. Және де мұтға некесін дұрыс дейтіндер аятта: «Уәжіп болған мәһір әуелі келісіммен бекітіліп, соның негізінде неке іске асады» деген сөздеріне келер болсақ, бұл шартты реттілікті білдірмейді. Құрандағы: «Әйелдеріңді талақ ететін кезде, олардың иддат (ажырасқаннан кейінгі күту) мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер» (Талақ сүресі, 1-аят) деген аятта әуелі иддат мерзімін күту айтылып тұр... Негізі, талақ айтылған соң иддәт мерізімі басталады. Яғни, мұндай мағынадағы аяттар көп кездеседі. Сондықтан, мұтға некесін дұрыс деушілердің бұл пікірлері дәйекті көзқарас емес. Әли (р.а) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с) Хайбар күні әйелдермен мұтға жасауға және есектің етін жеуге тыйым салды» десе, тағы бір риуаятта: «Алла елшісінің (с.ғ.с) Мекке азат етілген күні әйелдермен мұтға жасауға тыйым салды» делінген. Алла елшісі (с.ғ.с) Мақаму Ибраһимде (а.с) тұрып: «Расында, Мен сіздерге мұтғаға рұқсат берген едім. Кімнің қасында бірге ұстаған әйел болса, босатып жіберсін. Берген нәрселеріңнен ешнәрсе тартып қалмаңдар. Әлбетте, Алла Тағала мұтғаны қияметке дейін харам етті» десе, Абдулла ибн Омар (р.а) Омар ибн Хаттабтың (р.а): «Мұтғаны дұрыс деп істеп жүргендерді жолықтырсам, тас боран атып өлтіремін», - дегенін естідім», - дейді. Абдулладан жеткен тағы бір риуаятта: «Әйелдермен мұтға некесінде болу талақ, мәһір, иддәт күту, мұрагерлік және некедегі құқықтық мәселелерге қатысты аяттармен үкімі насих (жойылды) етілді», - деді» деген. Бұл жерде имам Матуриди, мұтға некесінің харам екендігіне аталмыш аятты дәлел қылады. Әрі ол аятты өзге аят, хадистер мен сахабалардың сөздерін, мәзһаб ғалымдарының пәтуасын келтіре отырып, Исламдағы қастерлі неке ұғымын түсіндіре келе түрлі кереғар ағымдардың шәрінен сақтандырады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, аталмыш ағымдағылар «Алла Тағаланың сипаттарын жоққа шығару, Исламдағы парыз амалдардың бірін орындамаған немесе пенделікпен күнә жасаған адамды мұсылмандықтан аластап, кәпір санатына кіргізу және Ислам шариғатында кейбір тыйым салынған харам істерді халал деп үкім беру» сынды көзқарастарын насихаттап, батыл орындап жүргендеріне қарамастан, оларды хадисте сүйіншіленген «Жәннәттық бір топтың» қатарында деп тану қаншалықты дұрыс?! Егер біз, олардың танымдары мен ұстанымдарын біле тұрып, олар да туралықта болғандар дейтін болсақ, онда олардың пікірлерін мәнсұқтаған әһлу сүнна уәл жәмәға ғалымдарымен келіспегеніміз бе?! Міне, осы тұрғыдан имам Рамадан әл-Бутидың көзқарасына талдау жасаған дұрыс. Яғни, имам Рамадан әл-Бути бүгінгі таңда әлемдік деңгейде көтеріліп жатқан «Діндераралық сьезд, толеранттылық, инкливизация» сынды дінаралық, ұлтаралық сыйластықты сақтауға хадистің кері әсер етпейтіндігін сөз етіп отыр деуге болады.

Ал, хадистің көпшілік ғалымдар тарапынан құп көрілген мәні болса, ол – доктриналық мәселе де болсын, құқықтық мәселе де болсын әһлу сүнна уәл жәмәға жолы. Яғни, хадистегі «Менің және асхабымның жолында болғандар», «Әһлу суннә уәл жәмәға» және «әс-Сауадул ғазим (көпшілік мұсылман)» деген сипаттарға лайық болған жол. Үй ішінен үй тігіп, бөлінгендердің жолы емес. Сондай-ақ, имам әш-Шаһристани мен имам әл-Бағдадидің, мәселені теологиялық қырынан қарастырып, хадистегі «Оның бір тобы жәннәттық» деген бөлігіне әһлу сүнна уәл жәмәға ұстанымындағы мұсылмандарды жатқызуы өте орынды. Өйткені, әһлу сүнна уәл жәмәға жолындағы мұсылмандармен бірге аталмыш ағымдарды да тура жолда болғандардың қатарына кіргізетін болсақ, онда қарапайым мұсылмандар арасында «Сол ағымдардың идеологиясын қолдап, солардың да артынан еру де дұрыс» екен деген қате түсінік қалыптасып, ол қоғамда практикалық тұрғыдан іске асуы мүмкін. Міне, осы тұрғыдан әһлу сүнна уәл жәмәға мектебі негізінде қалыптасқан доктриналық және құқықтық мәзһабтарды қызғыштай қорғап, оны сақтап қалудың орны бөлек. Ал өзге дін өкілдеріне, өзге ағым мүшелеріне құрметпен қарау бір бөлек нәрсе екендігін ажыратып алған жөн. Бұл дегеніміз, дінаралық сұхбат пен ұлтаралық сыйластықты жоққа шығаруды білдірмейді. «Толеранттылық» сөзі әркім өз дінін берік ұстана отырып, өзге дін өкілдеріне құрмет көрсетуді, өзара сыйластықты сақтай отырып, бейбіт қатар өмір сүрулерін білдіреді. Қорыта айтар болсақ, «Үмметтің жетпіс үшке бөлінуі...» атты хадистер төңірегінде туындаған екі түрлі көзқарастың әрбіріне өз деңгейлерінде амал етуге болады. Яғни, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқан біздер үшін құқықтық Ханафи мәзһабы мен доктриналық Матуриди ақидасын ұстана отырып, өзге дін өкілдеріне құрметпен қарау екі дүние бақытына қауыштыратын сара жол екендігін ұмытпау керек.

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

Бөлісу: