25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұма намазын мешітте оқыған Жамбыл ақын

Жұма намазын мешітте оқыған Жамбыл ақын

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Жыр алыбы Жамбылдың атасы Ыстыбай атағы алысқа кеткен, ел басқарған адам болыпты. Өз әкесі Жапа да үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдаған дәулетті адам болса керек. Халық кейін Жабай деп атап кеткен оны Кеңес үкіметі сол кездің саясатына сәйкес кедей, жұпыны тұрмысты адам ретінде көрсетіп келген. Жамбыл ақындық қуып, өлең жолын таңдаса, ағасы Тәйті әке дәулетіне ие боп қалған, Тәймөңке әулиенің мешітінде Әбдіқадыр молдадан діни сауатын ашқан, бес уақыт намазын қаза етпеген адам екен. Жамбыл атамыз осы Тәйті ағасын кейінге дейін жиі еске алып отырыпты. Жәкеңнің айтуынша, Тәйті екі рет қажылыққа барған.

Ағасы Тәйті секілді Жамбыл ақын да көзі тірісінде бес уақыт намазын қаза етпеген. Бал кезінде:

 Шып-шып етіп молданың,

 Қолындағы тобылғы.

 Қозғалтпайды жон жағым,

Талай дүре соғылды.

 Торсылдатып танадай,

Жыртар болды тонымды, – деп молданың оқуына бармай қойса да, кейін келе иманына берік  жанға айналған. Жамбылтанушы жазушы Нағашыбек Қамалбекұлынан ақынның діни көзқарасын  сұрағанымызда: «Жамбыл – ақтық демі таусылғанша бір Алланың хақ екеніне қапысыз сенген  адам. Мұсылман баласының имандылығына жат әдеттерді, әсіресе арақ ішіп, темекі тартқан, біреудің сыртынан ғайбат сөйлеген адамдарды жақтырмай отырады екен. Дүниенің шексіздігін, оны шебер ойластырып жаратқан ұлы Алланың ақиқат екенін әрдайым тамсанып айтып, айналасындағы діншіл адамдарды әспеттеп сөйлейтін көрінеді. Тіпті өзі қатты науқастанып жатқанда халін білуге келген Сәбит Мұқановқа үкіметтің ауруханасында иманын айттырып, аят оқытса керек. Ел ішінде Әбдіқадырдың «Жамбылдың молдасы», «ұйғыр молда» аталуы тегін емес. Оның білімдарлығы мен адалдығына көзі жеткен қарт жырау қауқары кеткенге дейін қасынан тастамай, қамқор болған, «мен өлсем, әлдекімге қор қылмай, жаназамды өзің шығар» деген», – деп жауап берді. Ал жыраудың немересі Әлімқұл ақсақалдың айтуынша Жамбыл ата әр жұма сайын Қарғалыға барып, жұма намазын Сәт мешітінде оқып қайтады екен. Ақынның ұрпағы Әлімқұл Жамбылов атасының атақ-даңқының аспандауын Алланы шын тануынан деген ой айтады: «Адамға бақ Алладан бұйыратыны рас. Қазір, кейде ойлаймын, егер Жамбыл өз таным-түсінігі арқылы Аллаға мойынұсынбаған адам болса, осындай абыройға жетер-жетпесі неғайбыл екен-ау деп. Алланың әрбір астарлы аятынан сусындап, ғибрат алған Абай мен Жамбыл қазір халықтың ақыл-ойы, қазақ жырының алыбы аталады. Қазақта әузімен құс тістеген қаншама дарынды ақындар болды, қаншама жыраулар өтті сол заманда? Солардың бәрінің арасынан Жамбылға Жаратқанның шапағат нұры неге ерекше жарқырады? Мұның бір сыры «бес уақыт намазын қаза етпеген діндарлығында жатқан шығар» деген ойды мен қазір жасым 90-ға қадам басқанда ғана түсіне бастадым. Титтейімнен атамның жайнамазын алып беріп, намаз оқығанда қасында бірге тұратынмын. Намаз оқыған кезде ерекше балбырап, балқып, беріліп оқитын. Нұрланып, көзінде нұр ойнап, құлпырып, жайнап шыға келетін».

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: