25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жаннат нығметтері

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Жаннат – иман еткендер мен тақуалардың отаны, ол – Алланың жомарттығы байқалатын орын, ол шексіз бақыт мекені.

Адамдар жаннатқа қызықсын деп, оған қол жеткізуге тырыссын деп Құран Кәрім жаннатты молынан сипаттаған, оның артықшылықтары мен шексіз нығметтеріне кең тоқталған. Құран жаннаттың дәрежелерін де, қақпаларын да, онда жаннат тұрғындары немен азықтанатынын да, сулары мен өзендерінің түрлерін де, киімдері мен әшекейлерін де түгелдей баяндаған.

Жаннат – нығметі еш таусылмас мекен екенінен хабардармыз, алайда онда кірудің құны қандай болмақ? Жаннаттың құны – құлдың Алла үшін нендей құрбандыққа барғанымен өлшенеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إن الله اشترى من المؤمنين أنفسهم وأموالهم بأن لهم الجنة يقاتلون في سبيل الله فيقتلون ويقتلون وعدا عليه حقا في التواراة والإنجيل والقرآن ومن أوفى بعهده من الله فاستبشروا ببيعكم الذي بايعتم به وذلك هو الفوز العظيم

«Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннәтпен айырбастап алды. Олар, Алла жолында соғысады, өледі және өлтіреді. Бұған байланысты хақ уәде Тәуратта, Інжілде және Құранда бар. Алладан артық уәдесін кім орындайды? Ендеше бұл саудаласқан саудаларыңа қуаныңдар! Міне осы ірі қол жетушілік» (Тәубе 111) дейді. Басқа аятта:

وسارعوا إلى مغفرة من ربكم وجنة عرضها السماوات والأرض أعدت للمتقين

«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар» (Әли Имран 133) дейді. Тағы бір аятта:

سابقوا إلى مغفرة من ربكم وجنة عرضها كعرض السماء والأرض أعدت للذين آمنوا بالله ورسله ذلك فضل الله يؤتيه من يشاء والله ذو الفضل العظيم

«Раббыларыңнан жарылқауға және кеңдігі жер мен көктің кеңдігіндей; Аллаға, Елшісіне иман келтіргендер үшін әзірленген жаннатқа жарысыңдар. Ол, Алла (Т.) ның мәрхаметі. Оны қалаған кісісіне береді. Алла (Т.) зор кеңшілік иесі» (Хадид 21) деген.

Алла Тағаланың жіберген елшілерінің әуелгісінен ең соңғысына (с.ғ.с) дейін жаннатқа жетелер жолдың біреу ғана екенін, ол – пенденің бойында иман мен салихалы амалдың бірге топталуы ененін бірауыздан айтып кеткен. Бұл ақиқат Құран Кәрімде

وأن هذا صراطي مستقيما فاتبعوه ولا تتبعوا السبل فتفرق بكم عن سبيله

«Күдіксіз Менің тура жолым осы. Осы жолға еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, әйтпесе сендерді Алланың жолынан айырады» (Әнғам 153) деп баяндалған. Ал тозаққа жетелер жолдар өте көп. Алла Тағала:

وعلى الله قصد السبيل ومنها جائر

«Тура жолды түсіндіру Аллаға тән. Алайда ол жолдың қисығы да бар...» (Нахл 9) дейді, яғни тура жолдың сыртында тура болмаған, қате жолдар бар. Ол жолдар күпірлік пен адасуға апарады. Алла Тағалаға жеткізетін жол осы ғана. Құран Кәрім бұны нақтылап:

هذا صراط علي مستقيم

«(Алла): “Маған келетін тура жол осы” деді» (Хижр 41) дейді.

Абдулла ибн Масғуд (р.а) айтты: «Алла Елшісі (с.ғ.с) бір сызық сызды да: «Бұл Алланың жолы» деді. Сосын оның оң жағы мен сол жақтарынан бірнеше сызықтар сызды да: «Бұл бөлінген жолдар, олардың әрбірінде онда шақыратын  шайтан бар» деді де:

وأن هذا صراطي مستقيما فاتبعوه ولا تتبعوا السبل فتفرق بكم عن سبيله

«Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады» (Әнғам 153) деген аятты оқыды» (Имам Ахмад және басқалары жеткізген). Міне, жаннатты қалаған адам үшін Алланың көрсетіп берген жолы осы.

Құранның баяндауы бойынша жаннат иман еткен жандар үшін жаратылған, олар үшін сәндендірілген, әрі солар үшін әзірленген. Алла Тағала:

وسارعوا إلى مغفرة من ربكم وجنة عرضها السماوات والأرض أعدت للمتقين

«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар» (Әли Имран 133), әрі:

سابقوا إلى مغفرة من ربكم وجنة عرضها كعرض السماء والأرض أعدت للذين آمنوا بالله ورسله

«Раббыларыңнан жарылқауға және кеңдігі жер мен көктің кеңдігіндей; Аллаға, Елшісіне иман келтіргендер үшін әзірленген жаннатқа жарысыңдар» (Хадид 21) дейді. Осы аяттарда көрсетілгендей жаннат әзірленген, әрі ол қазіргі уақытта да бар демек. Оған қос «Сахих» жинағында Абдулла ибн Аббастан жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «إني رأيت الجنة» яғни, «Мен жаннатты көрдім» деген сөзі де қуаттаушы дәлел болады.

Жаннаттың мұсылмандардың кіруі үшін арнайы қақпалары бар. Бұл жайында Алла Тағала:

وسيق الذين اتقوا ربهم إلى الجنة زمرا حتى إذا جاؤوها وفتحت أبوابها وقال لهم خزنتها سلام عليكم طبتم فادخلوها خالدين

«Ал Раббыларына қарсы келуден сақсынғандар, топ-топ жаннатқа жолданады. Сондай-ақ олар оған барғанда оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: “Сендерге сәлем. Қош келдіңдер, жаннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер” дейді» (Зумар 73) деген. Ал қос «Сахих» жинағында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «إن في الجنة ثمانية أبواب», яғни, «Расында жаннатта сегіз қақпа бар» дейді.

Жаннат тұрғындарының дәрежелері де болады. Алла Тағала айтты:

لا يستوي القاعدون من المؤمنين غير أولي الضرر والمجاهدون في سبيل الله بأموالهم وأنفسهم فضل الله المجاهدين بأموالهم وأنفسهم على القاعدين درجة وكلا وعد الله الحسنى وفضل الله المجاهدين على القاعدين أجرا عظيماً  درجات منه ومغفرة ورحمة وكان الله غفورا رحيما

«Мүміндерден себепсіз (соғысқа шықпай) отырушылармен Алла жолында малдары және жандарымен соғысушылар тең емес. Алла (Т.) малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырды. Сондай-ақ барлығына да игілік уәде етті. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшілікке бөлеп, ірі сыйлық берді. Алладан дәрежелер, жарылқау және мәрхамет бар. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Ниса 95-96). Қос «Сахих» жинақтарында Әбу Сағид әл-Худриден (р.а) жеткен хадисте «Алла елшісінің (с.ғ.с): «إن في الجنة مائة درجة، أعدها الله للمجاهدين في سبيله، ما بين كل درجتين كما بين السماء والأرض» деді», яғни «Расында жаннатта жүз дәреже бар. Алла оларды Өз жолында күресушілерге әзірледі. Әр екі дәреже арасы көк пен жердің арасындай» дегені жеткен.

Құран Кәрім жаннаттың аттарын атап көрсеткен. Ол атаулар сол жаннаттың сипаттарынан хабар береді, олар:

  • «Жаннат» (бақша) атауы. Құранда ол: { وتلك الجنة }, яғни «Сол жаннат» (Зухруф 72) аятында келгендей көп айтылған. Бұл атау ақыреттегі нығметке тола мекеннің бәріне жалпы аталатын атау.
  • «Дәрус-Сәләм» (бейбітшілік, тиыштық мекені). Құранда: { لهم دار السلام عند ربهم } «Оларға раббыларының қасында Дәрус-Сәләм бар» (Анғам 127) және: { والله يدعوا إلى دار السلام } «Алла болса сендерді Дәрус-Сәләмға шақыруда» деп келген.
  • «Дәрул-хулд» (мәңгілік қалатын мекен): { والذين آمنوا وعملوا الصالحات سندخلهم جنات تجري من تحتها الأنهار خالدين فيها أبدا } «Ал сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, оларды астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземіз. Олар онда мәңгі қалады» (Ниса 57).
  • «Мәуа» (тұрақтар орын): { عندها جنة المأوى } «Онда Мәуа жаннаты бар» (Нәжм 15). «Мәуа» сөзі тұрақтау, орналасу деген деген түбірден шығады. Яғни, ол мұсылмандардың тұрақтайтын, сонда мәңгі қалатын орын болмақ.
  • «Адн» (мәңгі өзгермейтін): { جنات عدن التي وعد الرحمن عباده بالغيب } «Ол, аса қамқор Алланың құпия түрде құлдарына уәде еткен Адн жаннаттары» (Мариам 61). Адн мәңгі қалатын, әрі өзгермейтін деген мағынаны, тұрақты қалыпта болу дегенді білдіреді. Мұсылмандар онда қанша қалса да ол өзгермейтін мекен болып қала береді.
  • «Фирдаус»: Құранда: { أولئك هم الوارثون * الذين يرثون الفردوس هم فيها خالدون } «Міне солар, мұрагерлер. Олар онда мәңгі қалатын Фирдауыс жаннатына мұрагер болады» (Муминун 10-11) және { إن الذين آمنوا وعملوا الصالحات كانت لهم جنات الفردوس نزلا } «Расында иман келтіріп, түзу іс істегендер үшін Фирдәуіс жаннаты қонақ үй болады» (Кәһф 107) делінген. Фирдаус деп араб тілінде жалпы бақшаларға айтылғанымен, бақша атаулының ең әдемісі меңзеледі.
  • «Нағим»: { إن الذين آمنوا وعملوا الصالحات لهم جنات النعيم } «Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендер, олар үшін Нағим бақшалары бар» (Лұқман 8). «Нағим» сөзі нығмет сөзінен шығады. Ол да жалпы бақшаларға қолданғанымен, ондағы бітпес ішіп-жейтін, киінетін, көркем иіс, кең сарайлар және тағы басқа жасырын да аян нығметтерге толы екеніне көңіл бұрады.

Жаннат тұрғындарына берілетін игіліктердің тағы бірі – оларға жаннат үстіне басқа да жаннаттың берілетіні: { ولمن خاف مقام ربه جنتان } «Ал кім Раббысынан шынайы қорқатын болса, оған екі жаннат беріледі» (Рахман 46) дейді Алла Тағала.

Жаннатта бірінің үстінебірі құрылған ғимараттар, үйлер, бөлмелер болады. Алла Тағала Құранда: {لكن الذين اتقوا ربهم لهم غرف من فوقها غرف مبنية } «Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлар бар» (Зумар 20); { وما أموالكم ولا أولادكم بالتي تقربكم عندنا زلفى إلا من آمن وعمل صالحا فأولئك لهم جزاء الضعف بما عملوا وهو في الغرفات آمنون } «Малдарың да, балаларың да сендерді жанымызға жақындастырмайды. Бірақ кім иман келтіріп, оң іс істесе, міне соларға істегендерінің салдарынан неше есе сыйлық бар. Сондай-ақ олар аман-есен жоғары бөлмелерде болады» (Сәбә 37) дейді. Имам Тирмизи Алидан (р.а) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с): «إن في الجنة غرفاً يرى ظهورها من بطونها، وبطونها من ظهورها، فقام أعرابي فقال: يا رسول الله لمن هي ؟ قال: لمن أطاب الكلام، وأطعم الطعام، وأدام الصيام، وصلى بالليل والناس نيام», яғни, «Расында жаннатта сондай бөлмелер бар. Оның ішінен сырты, сыртынан іші көрінеді» деді, сонда бір кісі: «Уа, Алла елшісі, ол бөлмелер кімдер үшін?» деп сұрады, оған Алла елшісі (с.ғ.с): «Жақсы сөз айтқанға, басқаларды тамақтандырғанға, оразасын үнемі ұстағанға және де адамдар ұйқыға кеткенде намаз оқығанға» деді» делінген.

Құран Кәрімнің баяндауы бойынша, жаннат дененің де, жанның да қалауын қамтамасыз етеді. Құран: { وفيها ما تشتهيه الأنفس وتلذ الأعين } «Сондай-ақ онда көңілдері қызығатын, көздері куанатын нәрселер бар» (Зухруф 71) дейді.

Және де жаннаттық тұрғындарға көрсетілетін нығметтердің бірі – кіші кезінде бақилық болып кеткен ұрпақтарымен жолығатындығы. Егер кімде-кімнің жаннаттағы дәрежесі бала-шағасынан биік болса, Алла Тағала оның қуанышын толықтыру үшін бала-шағасының дәрежесін оның дәрежесіне дейін өсіреді. Алла Тағала айтады:

والذين آمنوا واتبعتهم ذريتهم بإيمان ألحقنا بهم ذريتهم وما ألتناهم من عملهم من شيء كل امرئ بما كسب رهين

«Сондай иман келтіргендер, олардың ұрпақтары да иман келтіріп, өздеріне ілескен болса, оларды ол ұрпақтарына қосамыз. Сондай-ақ олардың амалдарынан еш нәрсе кемітпейміз. Әркім істегенінің бодауына ұсталады» (Тур 21).

Міне, бұл Алла Тағаланың қасиетті Құранында келтірген жаннаттың кей нығметтері мен игіліктері. Мақаламызды ұзаққа созбайық деп осымен ғана шектелдік. Жаннат – қайғы мен қасырет атаулыдан ада, қуаныш пен нығметке тола мекен. Ол мекен иманы кәміл, іс-әрекеті дұрыс адамдарға арналған. Алла Тағала баршамызды мейірімі мен кеңдігімен жаннатына орналастырғай...

Ummet.kz

Бөлісу: