25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тақуалық туралы түсінік

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Бірде бір шәкірт ұстазына өмірлік сабақ болып қалатын өсиет сұраған екен, сонда ұстазы оған: «Ендеше саған дүниең мен ақыретіңе бірдей пайдалы, алғашқыларға де кейінгілерге де айтылған өсиетті айтайын» деп Алла Тағаланың мына аятын оқып берген екен:

 

وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللَّهَ

«...Сендерден бұрыңғы кітап берілгендерге де, сендерге де: “Алладан қорқыңдар!”,- деп өсиет еткенбіз...» (Ниса 131)

Ия, әсілінде тақуалыққа ие болу, яғни Алладан шынайы түрде қорқу асыл қазына, кімде-кім оған иелік етсе көптеген жақсылықтарға, мол ризыққа қол жеткізген демек.

«Тақуа» сөзі араб тілінде – бір нәрсемен екінші нәрседен қорғану деген мағынаны білдіреді. Яғни, зиянды нәрсенің зияны тимесі үшін араға бір нәрсені салу. Ал терминдегі мағынасы – Аллаға тақуа болу, Алладан қорқу дегенді білдіреді. Бұл тақуалықтың нәтижесінде адам жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылады.

«Тақуа» сөзі Құранда 258 жерде қайталанады. Оның 182-сі етістік түрінде келген, мысалға:

فَاتَّقُوا النَّارَ الَّتِي وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ

«...Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорқыңдар!..» (Бақара 24)

Есім сөз түрінде 76 жерде келген, мысалға:

وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَىٰ

«...Және азықтаныңдар, негізінде азық атаулының ең жақсысы тақуалық...» (Бақара 197)

Жалпы, «тақуа» сөзі Құранда бес түрлі мағынады келген, олар:

  • Таухид мен сенім мағынасында:

وَأَلْزَمَهُمْ كَلِمَةَ التَّقْوَىٰ

«...Оларға тақуа сөзін жүктеді...» (Фатх 26)

Имам Табари осы аятты тәпсірлеп, мұндағы «тақуа» сөзінің мағынасы «Лә иләһә иллалла Мухаммад расулулла» деген.

  • Ықылас мағынасында:

وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ

«...Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» (Хаж 32)

Кімде-кім Алланың белгілерін (әмірлерін, шариғатын) орындап, оны шынайы түрде құрметтесе, әрі кемел түрде жүзеге асырса, бұл оның шынайы ықыласының белгісі.

  • Ғибадат және Аллаға мойынсұну:

إِذْ قَالَ لَهُمْ أَخُوهُمْ نُوحٌ أَلَا تَتَّقُونَ

«Сол уақытта, олардың туысы Нұх (Ғ.С.): “Қорықпайсыңдар ма?”,- деді» (Шуғара 106)

Имам Шаукани аяттағы «қорықпайсыңдар ма?» деген сөзді: «Алла Тағаланың жазалауынан қорықпай ма? Алланың жазасынан Оған мойынсұну арқылы өздерін құтқармай ма?» деп тәпсірледі.

  • Жүрегі тітіркеп қорқу мағынасы:

وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللَّهَ

«...Сендерден бұрыңғы кітап берілгендерге де, сендерге де: “Алладан қорқыңдар!”,- деп өсиет еткенбіз...» (Ниса 131)

Имам Табари: «Аллаға қарсы келіп, Оның әміріне қарсы шығып, тыйым салғанын нақақтан жасаудан жүректерің тітіркеп қорқыңдар!» деп ашықтады.

  • Кей ілім иелері шынайы «тақуалық» деген жүректі де, денені де (тіл, қол т.б.) күнә атаулыдан сақтау деп түсіндірді. Себебі Құранда:

وَمَن يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَيَخْشَ اللَّهَ وَيَتَّقْهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْفَائِزُونَ

«Кімде-кім Аллаға, Пайғамбарына бойұсынса, сондай-ақ Алладан қорқып, тақуа болса, міне солар жеңіске жеткендер» (Нұр 52)

Алла Тағала алдымен «бойұсынуды» және «қорқуды» айтты, кейіннен «тақуа болуды» қосты. Демек «тақуа болу» деген бойұсыну мен қорқудан бөлек нәрсе екенін аңғарамыз. Демек ол– күнә атаулының бәрінен алыс болу демек.

Алайда осы бес негізгі мағынасынан тыс тақуа сөзінің «тәубе» деген де мағынасы бар. Бұл көзқарас тек Фахруддин Разидің сөзінде келген. Пайдасы үшін оны да ескеруді жөн көрдік:

وَلَوْ أَنَّ أَهْلَ الْقُرَىٰ آمَنُوا وَاتَّقَوْا لَفَتَحْنَا عَلَيْهِم

«Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, тақуалық танытса еді, әрине оларға (берекетті) ашып жіберер едік...» (Ағраф 96)

Мұндағы «тақуалық ету» сөзін Фахруддин Рази тәубе ету, тәубеге келу деп тәпсірлеген.

Бұл мағыналар Құран Кәрімнің аясынан алынған. Ал Али ибн Аби Талиб (р.а) болса, осы мағыналарды топтаған:

هي الخوفُ من الجَليل، والعملُ بما في التنزيل والقناعة بالقليل، والاستعدادُ ليوم الرَّحيل

«Ол (яғни тақуалық) – Ұлы Алладан қорқу, Құранмен амал ету, азға қанағат ету, қайтар күнге дайын болу» деген.

Ummet.kz

Бөлісу: