25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеті

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Әрбір мұсылман адамның өзі сияқты мұсылмандарға қарсы міндеттері бар, ақылары бар. Ислам діні ізбасарларына өз міндеттерін орындауларын бұйырып, оған ерекше көңіл бөлулеріне әмір етеді. Мұсылман адам өзгелердің ақыларына жауапкерлікпен қарауы керек. Бұл міндеттер мұсылманның жеке басымен, не өзге мұсылман бауырымен де байланысты болуы мүмкін.

 

Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттерінің үкімі кейде парыз (мысалға, аманатын қайтару, қиянат жасамау сияқты), кейде сүннет (сәлем беру, жылы шырай таныту т.б), ал кейде жақсы көріліп, құпталған мубах амал болады (шаруада серіктес болу т.б). Бұл туралы Құран мен хадистердің баяндамасынан көре аламыз, мысалға, Алла Тағала Құранда:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Хужурат 10) – дейді.

Бұл аяттан байқалып тұрғанындай Алла Тағала мұсылмандар өзара бауыр екенін айтып тұр, демек, мұсылмандар арасында бауырлық міндет бар. Ол міндеттің не екенін Пайғамбарымыздың мына хадисынан байқай аламыз:

لاَ تَحَاسَدُوا، وَلاَ تَنَاجَشُوا، وَلاَ تَبَاغَضُوا، وَلاَ تَدَابَرُوا وَلاَ يَبِعْ بَعْضُكُم عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ، وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا، المُسْلِمُ أَخُو المُسْلِمِ لاَ يَظْلِمُهُ، وَلاَ يَخْذُلُهُ، وَلاَ يَحْقِرُهُ. التَّقوَى هَهُنَا وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِه ثَلاَثَ مَرَّاتٍ بِحَسْبِ امْرِئٍ مِنَ الشَّرِّ أنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ المُسْلِمَ، كُلُّ المُسْلِمِ عَلَى المُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وعِرْضُهُ

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Араларыңда қызғаныш отының кеулеуіне жол бермеңдер. Затты шынайы бағасынан асырып сату үшін алдын-ала сатушымен ауыз жаласып, былайғы жұртқа көз қылып, өздерің сатып алатындай болып, елді еліктірмеңдер. Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер. Сондай-ақ, араздасып, бір-бірлеріңді енді көрместей болып теріс айналмаңдар. Біреудің саудасына килігіп, сауда келісімін бұзбаңдар. Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді. Сондай-ақ, қысылтаяң шақта жалғыз тастап кетпейді», – деген соң, кеудесін қолымен үш рет нұсқап: «Міне, тақуалық мына жерде. Мұсылман үшін мұсылман бауырын өзінен төмен санаудан асқан жамандық (жаман мінез) жоқ. Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам», – деп айтты» – делінген. (Мүслим)

Сонымен қатар мұсылман адам адеттегі мұсылман сипатынан бөлек тағы бір сипаттарға ие болуы мүмкін, олар туралы Алла Тағала Құранда:

وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالاً فَخُورًا

«Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса 36) – дейді.

Бұл аятта мұсылмандардың барлығы бірдей сипатта болмайтынын, сипаттарына қарай міндеттердің де өзгеретінін білдіруде. Себебі «жақсылық қылу» кең мағынаға ие. Ол жағдайға қарай өзгереді. Мысалға:

Әке-шешеге жақсылық жасау – оларға қартайған шақтарында қызметтеріне жарау, қалың қарттыққа жеткенде сабырлық сақтау, «уф» деп болса да наразы болмау, әрқашан олар үшін дұға жасау т.б.

Жақындарға жақсылық – олармен үнемі қарым-қатынаста болу, жағдайы қиындаса қол ұшын созу т.б.

Жетімдерге жақсылық – оларға балиғатқа жеткенше бас-көз болу, басынан сипау, оң-солын танығанша малдарына ие болу т.б.

Міскін, пақырларға жақсылық – материялдық көмек көрсету т.б.

Жақын көршіге жақсылық – оның үйіне, иелігіне қарайласу, жақсы қарым-қатынас жасап, шығысу, құрмет көрсету т.б.

Бөгде көршіге жақсылық – ауқымды ісшараларда жырақ қалдырмау.

Жан жолдасқа жақсылық – насихат айту, сыртынан ол үшін дұға жасау, қиындыққа ұшыраса жанынан табылу т.б.

Жолда қалғандарға жақсылық – жолын көрсету, қарнын тойғызу, қаражатпен, мүмкін болса транспортпен көмектесу т.б.

Қол астындағыларға жақсылық – маңдайларынан терісі кеппестен жалақысын беру, шамасынан тыс нәрсені жүктемеу, жүктеген жағдайда көмек тесу т.б.

Бұл осы аяттағы топтарға қатысты жақсылық жасаудың бірер мысалы ғана. Ал егер адам осы жақсылықтарды істеуге мүмкіндігі бола тұра одан бас тартып, Алланың берген нығметін дұрыс қолданбаса, онда ол адам міндетінен жалтыраған демек, ол кемел мұсылман емес, Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді.

Пайғамбар (с.ғ.с) жалпы мұсылмандарға ортақ бірер міндеттерді атап айтқан. Мысалға Абу Хурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ

«Мұсылманның мұсылманға қатысты бес міндеті бар: сәлеміне жауап беру, ауырса зиярат ету, жаназасына бару, қонаққа шақырса бару, түшкірсе тәшмит жасау (ярхамукалла, шәфакалла деп дұға ету)» (Бухари, Муслим)

Бұларға жеке-жеке тоқталсақ:

Сәлемге жауап беру – егер сәлем жеке адамға айтылса, оған жауап қайтару парыз айн болады. Ал егер көпшілікке айтылса, бір адам ғана жауап берсе де жеткілікті, себебі бұл жағдайда парыз кифая болады. Пайғамбар (с.ғ.с) өзге хадисінде «Араларыңда сәлемді жайыңдар» деген (Муслим). Сәлем үш түрлі болады, ең қарапайымы «әссалам алейкум», орташасы « әссалам алейкум уа рахматулла», ал ең үстемі «әссалам алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ». Сүннет бойынша бірінші болып аяқтағы адам отырғанға, азы көпке, көліктегі жаяуға сәлем береді.

Ауырғанға зиярат ету – ауырған адамды зиярат етіп, қал-жағдайын біліп, көмек керек болса қол ұшын созуы керек. Себебі ауру адамның дұғасы жылдам қабыл болатын дұғалардан. Сонымен қатар хадистерде айтылғанындай зиярат етуші адам аурудың жанынан кеткенше жаннаттың бақшасында. Сүннет бойынша зиярат жасаушы адам ауру адамға «ұлы арш иесі Ұлы Алладан саған шипа беруін сұраймын» деп дұға жасайды.

Жаназаға қатысу –бұл парыз кифая амал. Абу Хурайра (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мәйітке жаназа намазға шейін куә болса оған қират беріледі, ал жерленгенге шейін қасында болса екі қират беріледі»–деді. «Қират деген не?»–деген сұрақ естілді. Оған: «Екі ұлы таудай сауап»–деп жауап берді.

Шақырылған жерге бару – егер шақырылған жерде шариғатқа қайшы нәрсе болмаса, ол жерге бару жақсы амал. Ал жаман нәрселер болса, ол жерге баруға болмайды. Үйленудің куәгері болуға шақырса, онда амалдың үкімі уәжіпке де жоғарылайды.

Түшкіргенге жауап беру – Мулла Али Қари (р.а) түшкіргенге ташмит жасауды уәжіп амал деген. Ташмит деген – түшкірген адамға «ярхамукалла» (Алла сені рақымына бөлесін), ал егер бірнеше рет қатар түшкірсе «шәфакалла» (Алла шипасын берсін) деп дұға жасау.

Жақсылық жолында адам өз бауырынан ешнәрсе аянбауы керек. Бұл да оның міндеті. Мейлі ол кішкене ғана амал болса да. Бәлкім бағзы біреулеріміз бұл міндеттерді орындаудың қаншалықты маңызы бар деп сұрауы мүмкін. Оған былай деп жауап берсек болады: әркімнің өз міндетін білуі мен оны орындауы ақыретіне де дүниесіне де пайдалы. Ақыреттегі пайдысы оған ол садақа-сауап болып жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

كُلُّ سُلاَمَى مِنَ النَّاسِ عَلَيْهِ صَدَقَةٌ كُلَّ يَوْمٍ تَطْلُعُ فِيهِ الشَّمْسُ –تَعْدِلُ بَيْنَ الاِثْنَيْنِ صَدَقَةٌ وَتُعِينُ الرَّجُلَ فِى دَابَّتِهِ فَتَحْمِلُهُ عَلَيْهَا أَوْ تَرْفَعُ لَهُ عَلَيْهَا مَتَاعَهُ صَدَقَةٌ - قَالَ - وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ وَكُلُّ خَطْوَةٍ تَمْشِيهَا إِلَى الصَّلاَةِ صَدَقَةٌ وَتُمِيطُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَةٌ

«Барша буын үшін адам күннің арайлап атқан әр күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да – садақа, атына міну үшін біреуге көмектесу немесе қоржынын артысу да – садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да – садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да – садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да – садақа» – дегені жетті. (Бухари мен Муслим)

Яғни, мұсылман адамның әр ісі Алланың назарында, еш нәрсе бос кетпейді, ең кіші нәрсе үшін де сауап жазылады.

Ал дүниедегі пайдасы болса, егер бұл міндеттер орындалса, мұсылмандар арасында бір-бірлеріне реніш аз болар еді, я да мүлдем болмас еді. Себебі әркім өз міндетін білсе барша мұсылмандар ислам көлеңкесінде өзара бауыр болып қалар еді, өзара бөлініп жік-жікке, топ-топқа бөлінбес еді. Шайырлардың бірі осыны өлең жолына түсіріп:

مَاذَا التَّقَاطُعُ في الإسلامِ بَيْنَكُمُ .... وأنتُمُ يا عباد الله إِخوانُ

Барлығың да бір Аллаға құлсыңдар,

Неге сонша қырық пышақ болдыңдар?! – деген екен.

Бұл мұсылмандардың бір-бірінің алдындағы міндеттері. Алла баршамызды өз міндетін орындаған кемел мұсылмандардың қатарына жазғай...

Ummet.kz

Бөлісу: