وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ
«Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Дұғаларыңды қабылдаймын” дейді» (Ғафир 60)
Дұға сөзінің анықтамасы:
«Дұға» – сөзі араб тілінде «шақыру» мағынасын білдіреді. Ал шариғатымыздағы мағынасы пенденің Раббысынан жалбарынып сұрауы тілеуін айтады.
Дұға – құлшылықтың негізі:
Әдетте «құлшылық» сөзін намаз, ораза, зекет, қажылық сынды ұғымдармен ғана баламалап жатамыз. Біле білсек, дұға – ең негізгі құлшылық.
Әбу Дауд Нуъман ибн Баширден пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисін жеткізеді:
إِنَّ الدُّعَاءَ هُوَ الْعِبَادَةُ ثُمَّ قَرَأَ : اُدْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ
«Дұға жасаудың өзі – ғибадат, сендердің Раббыларың: Маған дұға етіңдер (сұраңдар), сендерге жауап берем,– дейді». (Хадисті имам Тирмизи риуаят етті).
Келесі хадисте:
الدُّعَاءُ سِلَاحُ الْمُؤْمِنِ، وَعِمَادُ الدِّينِ، وَنُورُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ
«Дұға – мұсылманның қаруы, қорғаны, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры». (Хадисті имам Хаким риуаят етті).
Құран Кәрімде: «(Мұхаммед с.ғ.с.) оларға:
قُلْ مَا يَعْبَأُ بِكُمْ رَبِّي لَوْلا دُعَاؤُكُمْ
«Егер құлшылықтарың (дұғаларың) болмаса, Раббым сендерді неге бағаласын?…»,-деген. (Фурқан сүресі, 77-аят).
Имам Қуртуби бұл аят турасында: «Алла құзырында сендердің қадірлерің шамалы. Тек егер Оған құлшылық етсеңдер ғана мәртебеге ие боласыңдар. Адамзаттың қадір-қасиетін көтеретін амал құлшылық (дұға ету)»,– деп тәпсірлеген.
Аталмыш аят жөнінде «Фатхул-қадир» тәпсірінде де осы мағынаны баян етеді. Яғни, сендердің дұғаларың (құлшылықтарың) болмаса, ешбір қадір-қасиеттерің жоқ.
Уаһб ибн Мунаббиһ (р.х.): «Тауратта (Мұса пайғамбарға (ғ.с.) түскен кітапта): «Ей, адам баласы, Менің құдіретіммен серт, сені пайда көрейін деп жаратқаным жоқ. Керісінше, сен Менен пайда алуың үшін жараттым. Барлық жалған құдайға емес, Маған құлшылық ет. Мен саған барлық жалған тәңірлерден артықпын» деген сөз бар»,– дейді.
Хузайфа (р.ғ.) айтты:
عَنْ حُذَيْفَةَ ، قَالَ : لَيَأْتِيَنَّ عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لاَ يَنْجُو فِيهِ إِلاَّ الَّذِي يَدْعُو بِدُعَاءٍ كَدُعَاءِ الْغَرِيقِ.
«Адамзатқа сондай бір күн келеді, суға кетіп бара жатқан адамдай дұға еткен ғана құтылады».
Әбу Дарда (р.ғ.) айтты:
جِدُّوا بِالدُّعَاءِ فَإِنَّهُ مَنْ يُكْثِرُ قَرْعَ الْبَابِ يُوشِكُ أَنْ يُفْتَحَ لَهُ
«Дұғадан үміт үзбеңіз, есік те тынымсыз қаққанға ашылады».
Дұға жасау – өзіміздің құлдық орнымыз бен дәрежемізді, шарасыздығымызды және Жаратушының ұлылығы мен құдіретін түсіну болып табылады.
Ғұлама Ибраһим ибн Адһамның өсиеті:
Ибраһим ибн Адһамнан адамдар «Алла тағала: Дұға етіңдер, жауап берем»,-деген. Расында біз дұға етеміз. Алайда, дұғамыз қабыл етілмейді,– деп сұрақ қояды. Бұған ғұлама әрі тақуа Ибраһим ибн Адһам (р.х.):
«Сендердің жүректерің он түрлі амал салдарынан өлген. Ол амалдар: Расында, сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оның хақын өтемедіңдер. Сендер Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған амал етпейсіңдер. Ібіліске дұшпанмын деп жар саласыңдар, бірақ онымен достық мәміле жасайсыңдар. Алла елшісін жақсы көремін деп айғай саласыңдар, алайда оның амалдары мен сүннетін тәрк еттіңдер. Жәннатты жақсы көремін деп айтасыңдар, бірақ жәннат үшін әрекет етпейсіңдер. Тозақтан қорқамын дейсіңдер, бірақ күнәдан тыйылмайсыңдар. Өлім хақ деп айтасыңдар, бірақ дайындық көрмейсіңдер. Өзгелердің айыбын ашумен әлексіңдер, өз айып-қателіктеріңді білмейсіңдер. Алланың ризық-несібесін жейсіңдер, бірақ шүкіршілік етпейсіңдер. Араларыңнан қайтқан кісіні жерлейсіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар», – деп жауап берген екен. (Мунаббихат кітабы).
Ибраһим ибн Адһам (р.х.) ғұмыр сүрген заманда мұсылмандар дініне берік, жүрегінде иманы, қолында Құраны болған заман еді. Соған қарамай Ибраһим (р.х.) өз жамағатына мұсылмандық парызын дұрыс өтемейтіндігін айтып айыптауда. Ал, біздер дінімізді қаншалық білеміз, қаншалықты ғибадат етеміз?
Ең жылдам қабыл болатын дұға:
Муслимнің сахих хадистер жинағында мынадай хадис бар:
مَا مِن عبْدٍ مُسْلِمٍ يَدعُو لأَخِيهِ بِظَهْرِ الغَيْبِ إِلاَّ قَالَ المَلَكُ ولَكَ بِمِثْلٍ
«Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен.
Ал Бұхари: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы»,-деген хадисті келтіреді. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық.
Сонымен қатар, имам Тирмизи: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді.
Бұл амал – өзгеге жақсылық тілеу арқылы, өзіңізге жақсы тілеуді, жүректі тазартуды, мұсылмандармен бауырластықты нығайтуды насихаттайды.
«Хашыр» сүресінің 10-аятында былай делінген:
وَالَّذِينَ جَاؤُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإِيمَانِ وَلا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ
«Олардан кейін келгендер: Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманға келген бауырларымызды кешір! Әрі иманға келгендерге қарсы жүрегімізге жек көрушілік салма! Раббым! Ақиқатында, Сен – өте Мейірбан (Рауф), ерекше Мейірімдісің (Рахим)!».
Дұға жасаудың әдепттері:
Енді ниет-тілегімізді білдіріп дұға жасаудағы әдептер, уақыты мен орны һәм дұға етушінің күйі қандай болмақ. Имам Ғазали (р.х.) бұл мәселеге қатысты «Ихиа уълумуд-дин» кітабында былай жазады:
Біріншісі: Қасиетті уақыттар: Жылдың ішінде арафа күні, айлардың ішінде рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түнгі уақыт ішінде сәресі мезгілі секілді.
Екіншісі: Қасиетті жағдайлар: Әбу Һурайра (р.ғ.): «Аспан есіктері Алла жолында мұсылмандар саптарын түзей бастаған шақта, нөсер жаңбыр жауған уақытта, бес парыз намазға қамат айтылған уақытта ашылады. Осы уақыттардың қадірін біліңдер»,– дейді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Азан және қамат арасында жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген сөзі бар. (Хадисті имам Әбу Дауд, Нисаи риуаят етті).
Үшінші: Дұға жасаған кезде құбылаға қарап және екі қолын көкке көтеру. Хадисте:
إِنَّ اللَّهَ حَيِيٌّ كَرِيمٌ ، يَسْتَحِي إِذَا رَفَعَ الرَّجُلُ إِلَيْهِ يَدَيْهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صِفْرًا خَائِبَتَيْنِ
«Расында Раббыларың Хай (Тірі), Карим (Жомарт), пендесі қол жайса, құр алақан қайтаруға ұялады»,– делінген. (Хадисті имам Әбу Дауд, Термизи, Ибн Мажа риуаят етті).
Төртінші: Биік те емес және бәсең де емес дауыспен дұға ету. Әбу Муса әл-Ашъари (р.ғ.): «Біз Алла елшісімен (с.ғ.с.) Мадинаға келіп жеттік. Қалаға жақын келгенде адамдар такбир айтып, дауыстары көтерілді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, сендер дұға етіп тұрған Зат керең емес, ғайып та емес. Сендер дұға етіп тұрған Зат сендердің мойындарың мен ат-көліктеріңнің мойыны арасында (яғни тым жақын)»,– деген хабар жеткізеді. (Хадисті имам Бұхари, Муслим риуаят етті).
Бесінші: Өлеңдетіп дұға етпеу. Дұға етуші жалбарынушы кейіпте болуы қажет. Сондықтан мұсылман өз тілек-дұғасына сай Құран және хадисте айтылған зікірді пайдаланғаны абзал. Өйткені, онда Алла өзі үйреткен және пайғамбарлар (ғ.с.) тілінен шыққан дұғалар бар. Ал, Алланың таңдаулы құлдарының қалыбынан шыққан сол дұғалар қабыл болған тілектер. Тәубе етуші Адам (ғ.с.) атаның тәубе дұғасын, шипа сұраушы Аюб (ғ.с.) пайғамбардың шипа дұғасын, перзент сүйе алмай жүрген пенде Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбардың қартайған шақта мұрагер сұраған мінәжатын, перзент сүйіп ата-ана болғандар Имранның әйелі, Мәриям ананың шешесі айтқан дұғасын тілегені абзал.
Алтыншы: Дұға жасаушының күйі. Дұға жасаушы байсалды кейіпте Жаратушысынан қорқып сұрауы қажет. Жақсылық сұрағанда құштарлана, жамандықтан сақтауды жалбарына сұрауы керек. Құран Кәрімде:
اُدْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً
«Раббыларыңа жалбарынып және іштей дұға етіңдер...». (Ағраф сүресі, 55-аят).
Жетінші: Дұғасында бек тұру, қабыл болатындығына күмән келтірмеу. Суфиян ибн Ъуяйна: «Дұға жасаудан ешқайсысыңыз тыйылмаңыз, дұға етуді тоқтатпаңыз. Өйткені, Алла Тағала жаратылыстың ең жаманы Ібілістің де, Алланың лағынеті болсын, дұғасын қабыл етіп:
قَالَ رَبِّ فَأَنظِرْنِي إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ قَالَ فَإِنَّكَ مِنَ الْمُنظَرِينَ
«(Ібіліс) ендеше, Раббым маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер,– деді. Алла Ібіліске: расында, саған кеңшілік берілді,– деді»,-деген. (Хижр, сүресі, 36-37-аяттар).
Сегізінші: Тілек-дұғаны тоқтатпау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайлы: «Сендерден асықпағандарыңның және «дұға етем, бірақ қабыл болмай жатыр» деп айтпағандарыңның дұғасы қабыл болады. Қайсы бірің дұға етер болсаң, Алладан көп-көп сұрасын, өйткені сен Жомарттан сұрап тұрсың»,-деген. (Хадисті имам Бұхари, Муслим риуаят етті). Демек, дұғаның тағы бір шарты – сабырлық.
Тоғызыншы: Дұғаны Аллаға мақтау және пайғамбарға салауат айтумен бастау. Салама ибн Аукаъ (р.ғ.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.) дұға жасағанда Аллаға «Субхана Робби әл-Аъла әл-Уаһһаб» (Ұлы да Жомарт Раббым барлық кемшіліктен пәк) деп мақтау айтып бастайтын», – дейді.
Әбу Сулайман ад-Дарани бұл жайлы: «Кім Алладан бір қажетін сұрайтын болса, пайғамбарға салауат айтудан бастасын. Сосын өзінің мұң-мұқтажын айтып мінәжат етсін. Соңынан тағы Алла елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтсын. Алла бұл екі салауатты да қабыл етеді. Алла екі салауат арасындағы тілекті кері қайтармайтын Жомарт»,– дейді.
Оныншы: Дұға етушінің ішкі жан дүниесі. Бұл – дұғаның қабыл болуындағы ең маңызды жәйт. Бұл – тәубе етіп тазару, адам баласына сөзімен және іс-әрекетімен жасаған қиянаты болса кешіруін сұрап, бүтін болмысымен Аллаға бет бұру». (Ихиа уълумуд-дин, 1-том, 443-448 бетте).
Имам Ғазали (р.х.) келтірген әдептерден бөлек тағы бір дұғаның әдебі дұға жасап болғаннан соң бет сипау.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғадан кейін бет сипағанына байланысты және «сипаңдар» деп бұйырған көптеген хадистері бар.
Омар ибн Хаттабтан (р.ғ.) риуаят еткен хадисте. Ол былай деді:
كَانَ رَسُولُ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِي الدُّعَاءِ لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамай түсірмейтін еді». (Хадисті имам Тирмизи риуаят етті).
Ибн Аббас риуаят еткен хадисте былай деді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Алла Тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді». (Хадисті имам Әбу Дәуід риуаят етті).
Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты кең түсіндірме жазған Хафиз ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Мәрам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген, мысалы; Ибн Масғудтан. Сондықтан бет сипауға байланысты хадистердің топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді»,-деген. Ғалым Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «Бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз»,- дейді.
Дұғаның қабыл болмау себептері:
Алла тағала:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Мұхаммед!) (с.ғ.с.) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді»,– деп әмір етеді. ( Бақара сүресі, 186-аят).
Бұл аяттың түсу себебі, имам Табари тәпсірінде көрсеткеніндей, бір кісі пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Мұхаммед! Біздің Раббымыз жақын ба, дұғамызды мінәжат етіп (жәй дауыспен) айтайық, әлде алыс па, дұға-тілегімізді жар салып, айғайлап айтайық па?»,– деп сұрайды. Сонда осы аят түседі.
Құранда Алла Тағала сұраушының тілеуін беремін дейді. Ендеше неге кейбір дұғаларымыз қабыл болмай жатады?
Кісінің дұғасы қабыл болмауына түрлі себептер кедергі. Мұның бірі кісінің жеке басына қатысты болса, бірі сұрап отырған тілегіне қатысты. Кісінің жеке басына қатыстысы – күнәдан тыйылмауы. Ал, дұға-тілекке қатыстысы – Адамды оның өзінен гөрі Алла жақсырақ біледі. Адамның кейде сұраған тілегі сырт көзге пайдалы сияқты көрінгенімен, негізінде, зиянды және пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан, өзіне не пайдалы екенін, ненің қажетті екенін түсіне бермейді.
Сахаба Әбу Сағъид әл-Худрий (р.ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.):
«Мұсылман баласы күнә іс болмаған және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, не қиямет күнге сақтап қояды немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады»,– дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: «Олай болса дұғаны көп-көп жасайық», – дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.) де: «Алла одан да көп (яғни, жомарт)», – деген сөзін риуаят етеді. (Хадисті имам Ахмад, Баззар, Хаким риуаят етті).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұғаның қабыл болмауының негізгі себебін көрсетіп:
«Кісі ұзақ сапар жүріп, үсті-басы, денесі шаң күйде екі қолын көкке көтеріп:
يا رَبُّ يا رَبُّ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامِ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ، وَغُذِّيَ بِالْحَرَامَ، فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لَهُ؟
«Раббым, Раббым!»– деп дұға жасайды. Алайда, жеген асы харам, ішкен сусыны харам, киген киімі харам, хараммен қоректенеді. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болсын», – деген. (Хадисті имам Муслим риуаят етті).
Дұға мен сабыр жеңіске жетелейді:
Имам Манауи (р.х.) «Файдул Қадир кітабында былай деді: «Мұсылманның ең жақсы қаруы – сабыр және дұға, «дұға» – Алла Тағаладан сұрау, дұғаны Одан талап ету. Ал, «сабыр» болса ауырлық, қиындық сынды нәрселерге төтеп беру болып табылады. Ол барша қиындықтарды қамтиды. Онымен барша жеңістерге жетеді. Расында әр нәрсенің өзегі бар, адамның өзегі ақыл, ақылдың өзегі болса сабыр. Кей адамдар айтты: Бүкіл дүниелік әрі ақыреттік биік жетістіктер мен ұлы мәртебелерге тек сабыр арқылы жетеді».
Түйін сөз
Міне, дұға жасауда мән беретін жайттар осы. Алайда, мұсылман тілегі мен қалауын сұрап, қол қусырып отыра бермеуі тиіс. Тек тілімен дұға етіп, үйден немесе мешіттен шықпай отыру – дұға жасаудың тәртібіне қайшы. Жаратушысынан білім сұраған пенде қолына кітап алып ізденуі, ем-шипа сұраған науқас дәрігерге көрініп емделуі, мол астық сұраған дихан қолына кетпенін алып еңбек етуі – негізгі шарт. Демек, дұға етуші берекет көруі үшін әрекет етуі қажет.
Ummet.kz