25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дін атын жамылған дүмше ағымдар

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Адам үнемі кемелдікті қалайды, кемелдікке талпынады, кемел білім, кемел иман, кемел жар, кемел қоғам, кемел ұрпақ, т.б. Кемелдік ұлы мақсат. Алайда кемелдікке жету үшін қоғам болып, көпшілік болып, ұлт болып, ел болып, үммет болып жұмыла әрекет жасау керек. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ал кері жағдайда ыдыраушылық, бөлінушілік болады. Қай қоғамда бөлінушілік көп болса ол әлсірейді. Әлсіреген қоғам құрдымға қарай бет алады.

 

Алла Тағала Құран Кәрімде бөлінушілікке тыйым салып, біртұтас болуға әмір етіп былай деді:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا ۚ وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنتُمْ عَلَىٰ شَفَا حُفْرَةٍ مِّنَ النَّارِ فَأَنقَذَكُم مِّنْهَا ۗ كَذَٰلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді.» (Әли Имран 103)

Мұндағы «жіп» сөзі–белгілі мақсат пен қажеттілікке жеткізетін себеп. Сол үшін де арабшада қауыпсыздікке «хабл», яғни «жіп» (арқан) деген сөзді де қолданған. Себебі қауыпсіздік қорқынышты кетіретін бір себеп. Бұған қатысты Бани Сағләбәнің зағип бір ақыны айтқан екен:

Егер де тайпаның жібінен қапы қалса,

Саған апарар басқа жіпті алар еді...

Сол сияқты Алланың Құрандағы:

إِلا بِحَبْلٍ مِنَ اللَّهِ وَحَبْلٍ مِنَ النَّاسِ

«...Бірақ Алладан жіп және адамдардан жіп болса басқа...» «жіп» дегені де қауыпсіздік мағынасында. (Әли Имран 112)

Мұндағы «жіпті» Абдулла ибн Масғуд (р.а) –көпшілік деп баяндаған.

Басқа ғалымдар болса– оның Құран, немесе Құрандағы келісім деген. Құран дегендер Қатада, Судди, Даххак және басқалары. Ал келісім дегендер–Мужахид, Ато т.б.

Имам Табари (р.а) Абу Сағид әл-Худриден (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Алланың кітабы, ол көктен жерге шейін созылған Алланың жібі», деген сөзін жеткізді.

Тағы бір топ ғалымдар бұл «жіптің»: «Алланың жалғыз екеніне» деген ықылас деген. Бұл туралы Абу Ғалия мен Ибн Зәйд айтқан.

«Бөлінбеңдер» сөзіне қатысты Имам Абу Жағфар Табари (р.а): « «Бөлінбеңдер» деп Алланың дінінен және Алланың Құран Кәріміндегі айтқан «Аллаға және Елшісіне (с.ғ.с) мойынсұну, арада талас-тартыс туса Алланың және Пайғамбардың (с.ғ.с) дегеніне қайту» деген келісімінен бөлінбеңдер, қарсы шықпаңдар,» деп ашықтады.

Қатада (р.а) «...бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар» деген аятты: «Расында Алла Тағала сендердің бөлінгендеріңді жақсы көрмейді, сол үшін оны ескертіп, алдын алып жатыр. Алайда Ол сендердің Оған мойынсұнып, құлақ асуларыңды, сонымен қатар біртұтас болып көпшілік болуларыңды қалайды. Сол үшін де шамаларың жеткенше өздерің үшін Алланың сендерден разы болғанына разы болыңдар. Расында қүш пен қуат тек Аллада ғана.»

Абу Ғалия (р.а): « «Бөлінбеңдер» дегенді–Алланың жалғыздығына қарсы болмаңдар, осы жолда бауыр болыңдар!» деп ашықтаған.

Әнәс ибн Мәлик (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисін жеткізді: «Расында Исраил ұрпақтары жетпіс бір топқа бөлінді, бір топтан басқасының барлығы тозақта, ал үмметім болса жетпіс екі топқа бөлінеді, біреуінен басқасының барлығы тозақта» деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, бұл біреу кімдер?» деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Көпшілік» деп жауап берді.»

Абдулладан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Әй, адамдар! Мойынсұнып, көпшілікпен бірге болыңдар! Себебі бұл Алланың әмір еткен «жібі». Расында көпшіліктен тапқан ұнамсыз нәрселерің бөлінуден тапқан ұнамды нәрселеріңнен жақсы».

«Алланың берген нығметі» деген болса: Исламның көлеңкесінде бірігіп, топтастырған Алланың нығметі.

«Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» тафсирі: Әй, мұсылмандар, Алланың сендерге берген нығметін еске алыңдар! Шірік жасап жүрген кездеріңде бір-бірлеріңе жау едіңдер. Бір-бірлеріңе қару көтеруші едіңдер. Алайда бір-бірлеріңе бауыр еттік.

Қатада (р.а) «Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» аятын былай тәпсірледі: бір-бірлеріңді өлтіруші едіңдер, әлсіздерге күшім жеттілік жасаушы едіңдер. Сөйтіп Алла исламды әкелді. Сөйтіп сол арқылы араларыңды бауырластырды, араларыңды жарастырды. Ендеше Алланың атымен ант етемін, расында бірігу–береке, ал бөліну–азап.»

Имам Табаридің тафсир кітабынан алынған бұл тафсирде бөлінушіліктің қаншалықты қате, Алланың сүймейтін ісі екенін айтып баяндауда. Себебі бөлінушіліктің түбі жақсылыққа әкелмейді. Алланың жәрдемі көпшілікпен. Көпшілік адасудан алыс болады.

Тарих бойынша көптеген топтар көпшіліктен алыстап түрлі-түрлі топтарға бөлінген. Олар харижиттер, шиғалар, жахмиттер т.б. аттармен ортаға шығып, кейіннен сәулелері сөніп отырған. Бұл топтар әр кезде жаңадан шығып отырады, олардын аман қалатындар да осы көпшілікпен бірге болып Алланың «жібінен» мықтап ұстағандар ғана.

Алла бізді тура жолдан айырмасын. Күнәларымызға мағфирет етіп, мейірімімен жаннатына кіргізсін.

Ummet.kz

Бөлісу: