27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Алла өмірімді өзгертсін десеңіз...

Ғибратнама
Жарнама

«Я, Алла! Мінезімді көркем ет, кемшіліктерімді жөндеуге жәрдемдес! Мені өзгерт» деп дұға етесіз бе? Бұл – жеткіліксіз.   Өйткені Қасиетті Құранның «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «...Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» делінген. Анық қорытынды біреу-ақ: әуелі ниет, екінші – әрекет. Ал әрекет етуге итермелейтін нәрсе жалғыз: өзіңізден есеп алу.    

«...Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген хакім Абай он бесінші қара сөзінде.

Иә, айтқанға оңай. Ұдайы сөйлеген сөзімізге, жасаған әрекетімізге есеп бергіміз-ақ келеді. Алайда, күйбең тірліктің жетегімен бұл ойды ұмыт қалдырып жататындар көп. Сосын емес, дәл қазіргі сәтте өзімізге-өзіміз есеп беріп көрейікші? Бойыңызды бір сілкіп алып, терең ойлануға септігі тиер деген үмітпен  төмендегі сұрақтарды өзіңізге жолдаймыз, саналы оқырман!

  • Алланы қай кезде еске аласыз?
  • Садақаны соңғы рет қашан бердіңіз?
  • Әке-шешеңізбен емен-жарқын қашан әңгімелесіп едіңіз?
  • Жақындарыңызды қуанту үшін бұл айда не істедіңіз?
  • Отбасыңызға соңғы рет қашан сыйлық жасадыңыз?
  • Осы аптада қандай кітап оқыдыңыз?
  • Көршілеріңізді танисыз ба?
  • Жағдай сұрап туыстарға амандасып шыққан күнді еске түсірсеңіз?
  • Өзіңіздің қабілеттеріңізді дамытатындай жаңадан не үйрендіңіз?
  • Ақшаны қайда жұмсап жүрсіз?
  • Күніне неше сағатыңыз ұйқымен өтеді?
  • Жұмысыңызды адал атқарасыз ба?
  • Өтірікті жиі айтасыз ба?
  • Алға қойған мақсатыңыз бар ма?
  • Балаңызға жеткілікті көңіл бөлесіз бе?
  • Кімді ренжіттіңіз? Кешірім сұрадыңыз ба?

P&S: Ақ пен қараны қақ жарған сахаба Омар (р.а) кезінде былай деген екен: «Есептелер күннен бұрын өз-өздеріңнен есеп алыңдар. Өйткені ертеңгі күннің таразына тартылудан өзіңді бүгін таразылағаның жеңіл. Қайта тірілер күнге көркем іспен сәнденіңіздер. Ол күні майда-шүйденің өзі ескерусіз қалмайды». Ендеше бұл жалғанда есті жанға ескерерлік ең маңызды дүние есеп екенін ұмытпайық.

Мәдина ЖАҚЫП

Бөлісу: