27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Бір жылдық қателіктер жуылатын күн

Ғибратнама
Жарнама

Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Бұл ай Құран Кәрімде айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл мұхаррамды «Алланың айы» деп сипаттаған. Имам Нәсәи риуаят еткен хадисте ардақты сахаба Әбу Зарр (р.а.): «Уа, Расулалла! Түннің қай бөлігі қайырлы, айлардың қайсысы абзал?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түннің қайырлысы – соңғы бөлігі, айлардың абзалы – өздерің мұхаррам деп атайтын Алланың айы» – деп жауап берген.

Мұны мұхаррамның рамазаннан кейінгі абзал ай деп түсінген жөн. Айша анамыздан (р.а) жеткен хадисте ол былай деген: «Рамазан парыз болмай тұрып (адамдар) Ашурада ораза тұтатын еді және сол күні Қағбаға (жаңа) жабу жабылатын. Ал Алла Рамазанды парыз еткен кезде Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім онда (яғни Ашура күні) ораза тұтуды қаласа, ораза тұтсын, ал кім оны тоқтатқысы келсе, тоқтатсын», – деді». (Бұхари)

Мұхаррам айының оныншы күнін яғни, Ашура күнін оразамен өткізу сауапты іске жатады. Бұхари мен Муслимнің «сахих» жинақтарында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай дерек келтіріледі: Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза ұстап жүргенін көреді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз», – деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз», – деді. Сөйтіп пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы күні ораза тұтып, мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырады.

Ашура күні мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оны күні ораза ұстайтындығын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл біз үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олай болса Мұсаға сендерден гөрі мен жақынмын», – деп, мұсылмандарға осы күні ораза тұтуға бұйырады. Бірақ кейінірек рамазан оразасы парыз етілген соң: «Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын», – деп ерікті ораза санатында қылдырады. Мүслім риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл күнде ораза тұтудың артықшылығы жайында: «Ашура күнінің оразасы өткен жылғы күнә-қателіктер үшін кәффарат (өтем)», – деген. Бұл күн Ашура күні деп аталады. Ашура сөзі оныншы деген мағынаны білдіреді. Яғни мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Білім иелерінің түсіндіруінше, Ашура оразасы Мұса пайғамбарға қатысты, ал Арафат күнгі ораза Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қатысты.

Сондай-ақ, Мұхаррам айындағы құлшылық тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айды Алла қасиетті еткендіктен зұлымдық атаулының барлығынан аулақ болып, керісінше Алланың разылығына жетелер қандай да бір ғибадат түрлерін мейлінше көбірек орындауымыз тиіс.

ummet.kz

Бөлісу: