27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Жәннатқа жеңіл кіретін адам

Ғибратнама
Жарнама

Кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досыңа айналдыруға да болады. Кешірімділік қатаңдық пен қатігездіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді. Алайда, Алла Тағаланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Асыл дініміз адамдарды кез-келген уақытта кешірімді болуға шақырады. Ең жаны сұлу адамдар тіпті өзін ренжіткен кісіден өш алатын, сазайын беретін мүмкіндігі болып тұрғанда оны кешіреді. Бұл тұрғыда бізге Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі істері мысал бола алады. Кешірімділік адамдар арасына мейірім шуағын төгіп, мына әлемнің мәнін сезіндіре түседі. Кешірім сұрағанға кешірім ете білу – адамдықтың белгісі. Кешірімді болсаң – кең боласың. Кең болсаң – кем болмайсың. Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді.

Тіпті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі былай баяндалған: «Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли-Имран» сүресі, 3/134-аят) дейді.

Сахих хадистерде мұсылманның мұсылманға үш күннен артық ренжуіне тыйым салынғандығы айтылады. Ал кім бірінші болып ашуын басып, кешірім сұраса – Алла алдында мәртебелі болып, сауапқа ие болмақ. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мейірімге бөлемеген, мейірге бөленбейді», – деген еді. «Қиямет күні бір дауыс: «Сауабы Аллада болғандар шықсын, Жәннатқа кірсін!», – деп жар салады. «Бұлар кімдер?», – деп сұралғанда: «Адамдарды кешірген, кешірімшіл жандар», – дейді. Осылайша көптеген адамдар есепке тартылмастан Жәннатқа кіреді» (Ибн Әбиддуня).

Қандай керемет! Мұсылман өз бауырына деген ашуын басуға өз бойынан күш табады. Бауырын кешіруді өзін төмен қою деп те, өзін масқара жағдайда қалдыру деп те түсінбейді, керісінше, ол мұны белгілі бір жағдайда өзін Алла Тағалаға жақындата түсетін, оны Алланың махаббатына ие ететін жақсы іс ретінде бағалайды. Әнәс (оған Алла разы болсын) былай деп баяндаған: «Бір күні біз Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғанымызда, ол бізге: «Қазір мына жерге Жәннатқа кіретін кісі келеді» – деді.

Сол мезетте бір ансарлық кісі келді. Оның сақалынан дәреттен қалған су тамшылары тамшылап тұрды, ал сол қолында аяқ киімі болғанды. Келесі күні пайғамбарымыз әлгі сөзді қайта айтып еді, кешегі кісі қайта кіріп келді. Одан кейінгі күні осы оқиға тағы да қайталанды. Пайғамбарымыз басқа жаққа кетіп қалған кезде Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (оған Алла разы болсын) әлгі кісінің ізіне түсті де, жетіп алып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып едім, сөйтіп оған үш күн бойы үйге оралмаймын деп уәде берген едім.

Егер қарсы болмасаңыз, осы күндері сіздің үйіңізде болайын?!» – деді. Әлгі кісі онымен келісті. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас былай деп баяндады: «Мен оның үйінде үш күн болдым, бірақ ерекше еш нәрсе көрмедім. Тек көргенім таң намазына дейін түнде тұрып немесе жамбастап жатып Алланы еске алып, мадақтар айтатын. Үш күн өтті, көргеніме риза болмадым. Сонда мен оған: «Әй, Алланың құлы! Мені мен әкемнің арамызда еш нәрсе болған жоқ. Мен тек Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш рет: «Қазір мына жерге Жұмаққа кіретін кісі келеді», – деген сөзін естідім, әрі әр айтқан сайын сіз кіріп келдіңіз. Кейіннен мен сіздің не істейтініңізді білу үшін жаныңызда болғым келді. Сөйтіп сіздің жаныңызда бірге болдым. Алайда, мен сіздің амалдарыңыздан ерекше ешнәрсе көргенім жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сіз туралы не үшін былай айтты екен?» – дедім.

Әлгі кісі: «Мен сіз көрген нәрседен артық еш нәрсе жасамаймын. Алайда, сонымен қоса, мен мұсылманның ешқайсысын алдамаймын, Алланың оларға берген нығметін қызғанбаймын. Және әр түн сайын адамдардың барлығын кешіріп барып көз ілемін», – деді. Сонда Абдулла: «Сіз расында да мына деңгейге осы себепті жеткен екенсіз! Шынында, мұндай деңгейге жету оңай емес», – деді. /Абдурразақ, «Мусаннаф», 20559, Байһақи, «Шуғабул Иман», 6605/

Иә, біздің адамдарға деген өкпе-ренішіміз, оларды ұзақ уақыт кешіре алмауымыз, өзіміз бекерге арқалап жүрген қажетсіз жүкке ұқсайды.  Мына бір ғибратты оқиға осыған жақсы мысал бола алады. Ұстаз бір күні оқушыларға ертеңгі тақырып өмір сабағы екенін айтып, ертесі әрбірі мектепке бір келі картоп ала келуді тапсырады. Балалар картоп алып келеді. Ұстаз әр картопқа ұнатпаған, жек көрген немесе кешірмеген бір адамның атын жазып, артынан пакетке салуды ұсынады.

Кейбірі картопқа бірнеше кісі аттарын жазады, енді біреулері бірнеше картопқа бірден жазады. Ұстаз оқушыларға осы картопты бір апта бойы қайда барса да өздерімен ала жүруді тапсырады. Оқушылар таңғалысады, дегенмен бәрі де айтқанды істейді. Бір аптадан кейін сабаққа келген оқушылар: «Ұстаз, мына картоптарды тастасақ бола ма, ауырлап кетті әрі иістене бастады. Автобусқа, басқа да қоғамдық көлікке отырайық десек, жұрттар тыжырына қарайды әрі шопыр бізді алғысы келмейтінді шығарды» дейді. Ұстаз сонда күлімдеп былай дейді: «Міне, балалар, сендер кешірмеген адамдар сендерге уақыт өте келе осындай жүк болады, сол жүкті барлық жерде алып жүрулерің қажет болады. Сендер бұл жерде таңдау жасай аласыңдар, не өкпе-ренішті жүк етіп осылай арқалап жүресіңдер, не оны лақтырып тастайсыңдар!» деген екен. Иә, Құранда Алла Тағала: «...Жамандықты көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа жақсылық қыл). Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» («Фуссилат», 34) деп сүйіншіледі.   Алла Тағала ізгі амалдарымызды көбейтіп, баршамызға екі дүние бақытын нәсіп еткей!

 

 

 

Дереккөз: Asylarna.kz

Бөлісу: