27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Алланың жоспарлағаны болсын.

Ғибратнама
Жарнама

Кезекті бір дәрісінде ұстазымыз доктор Ато ас-Сынбати мына дұғаны үйретіп, оның маңызы туралы айтып берді: 

"اللهم دبر لنا فانا لا نحسن التدبير"

"Аллаһумма дәббир ләнәә фәиннәә ләә нухсину ат-тәдбирә".

Мағынасы: "Иә Алла! Сенің жоспарлағаның болсын, өйткені біз дұрыс жоспарлай алмаймыз".

Тәфсир кітаптарының көпшілігінде Юсуф (ғ.с) зындандағы оқиғасы жайлы, әсіресе жанындағы екі серігінің түсін жорып берген соң: "Содан Юсуф әлгі екеуінің түрмеден шығады - ау дегеніне: "Қожайыныңа мен жайлы айт (кінәсіз екенімді есіне сал)", - деп тапсырды. Алайда шайтан оған қожайынына Юсуфтың жағдайын айтуды ұмыттырды. Сөйтіп, Юсуф тағы бірнеше жыл зынданда отырды. (Юсуф: 42)  делінген аятты тәфсир ғалымдары екі көзқараспен түсіндірген, бірінші топ  Юсуф (ғ.с) Алладан емес, адамға сүйенгені үшін зынданда тағы да жеті жыл қалды десе, басқалары бұл жерде шайтан Юсуфтың (ғ.с) аманатын тапсырған серігін ұмыттырды дейді. Негізінде Алла біледі, екінші пікір дұрыс. Себебі, ол Алланың пайғамбары. Осыған дейінгі оқиғаларда: бауырлары құдықта қалдыру, уәзірдің әйелі, басқа әйелдер сынағында тек бір Жаратқанға ғана сүйенген болатын. Бұл жерде Алла Тағала осы оқиға арқылы Юсуфтың (ғ.с) жоспарлағаны мен Өзінің жоспарлағанын көрсетуді қалады. Егер Юсуф (ғ.с) жоспарлаған бойынша түрмеден шықса, өзін ақтай алмағандықтан, Мысырдың ең сорлы адамы болып, ең төмен жұмысын ғана (көше сыпыру, аяқ киім тазалау сияқты)  істейді екен.

Ал, Алланың жоспары болып, Мысыр патшасы түс көріп, оны Юсуфтан (ғ.с) басқа ешкім жори алмауы, зынданнан шығарда Мысыр әйелдерінің  оның  адалдығын мойындауы, мемлекеттің қазына уәзірі болып тағайындалуы - оның түрмеден абыроймен шығуына  себеп болады.

Көбінесе біз жоспарлаған нәрсе біз үшін не жақсы, не жаман болуы мүмкін. Сондықтан дұрысын Алла ғана біледі: "Алайда бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін қайырлы болмақ...(Нұр:11) деп келген.

Осылайша, бұл оқиғадан ғибрат алған адамға: "Иә,Алла! Өзіңнің жоспарлағаның болсын, өйткені мен дұрыс жоспарлай алмаймын", - деп айтудан басқа шара қалмауы ақиқат.

 

 

"Нұр - Мүбарак" университетінің докторанты.

Қуат Қабдолда

Бөлісу: