26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тойымсыз көз

Ғибратнама
Жарнама

Кедей бір адам теңіз жағалауында толқынмен жағаға шығып қалған балықтарды теріп жүрді.

Сол жағамен өтіп бара жатқан Хан, кедейді көріп оған мейірімін көрсетпекші болып былай дейді:

- Дәл қазір ілмегіне не түссе, соның салмағындай саған алтын беремін, - дейді.

Біраздан кейін кедейдің ілмегіне ортасы тесік бір сүйек ілінеді. Хан балықшыға:

- Амал қанша енді, нәсібің осыншалық екен – ілмегіңе жеп-жеңіл нәрсе ілініпті – деп, кедейге алтын беру үшін сарайына алып барады.

Сарайға барғанда хан көмекшілеріне балықшыға қолындағы сүйегінің салмағындай алтын беруін әмір етеді. Сүйекті таразының бір жағына қойып, екінші жағына алтын қоя бастайды. Бес, он, жиырма, елу деп алтындарды қоя беріпті, бірақ сүйек орнынан еш қозғалмады. Бір қарағанға төрт – бес алтын салмағындай ғана болған сүйек, қаншама алтыннан да ауыр болып шықты. Таразының бір жағына алтындарды үйе берді. Алтындар таразының кесесінен асып, жерге шашыла бастайды. Сүйектің ауырлығы сонда да басым болады. Хан мұнда бір жасырын құпия бар деп, бір ауылдың данасын шақыртады. Дана кісі сүйекті қолына алып, біраз уақыт көз алмай қарап тұрады да, былай дейді:

- Бұл сүйек тойымсыз бір адамның көз шұқыры. Сіз оны тарту үшін барлық қазынаны қойсаңыз да ол орнынан жылжымайды. Өйткені көз тоймайды. Оны тек қана топырақ тойдырады.

Осыны естіген хан сүйектің үстіне бір уыс топырақ қояды. Сүйек тұрған таразының кесесі сонда ғана жоғары көтеріледі.

Бөлісу: