26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

АЛЛАДАН КЕЛГЕН ХАТ

Ғибратнама
Жарнама

Ардақты сахаба хазіреті Омар ибн Хаттабтың (р.ғ.) уақытында бір мұсылман ішімдікке салынып кетеді. Ішімдікке берілгені сонша күн құрғатпай іше беретін жағдайға жетеді.

Көрген кісілер оған: «Қой енді. Мынау қылығыңды бір күні хазіреті Омар (р.ғ.) естісе, нағыз масқараң сонда шығады», - деп оған насихат қылады. Маскүнем болса, олардың бірде-бірінің жанашыр сөздерін құлағына еш ілмейді.

 Бұл маскүнем хазіреті Омардан (р.ғ.) алыс мекенде тұратын. Оның мына жиеркенішті көрінісі бір күні хазіреті Омарға (р.ғ.) да жетеді. Яғни, «Бәленше деген жерде, түгенше деген адамның маскүнемдікке салынғаны сондай, оның өз аяғына тұратындай шамасы жоқ» деген хабар хазіреті Омардың (р.ғ.) құлағын шалды.

Жайсыз жаңалыққа шыдамаған хазіреті Омар (р.ғ.) өзінің хатшысын қасына шақырып: «Маған бір парақ тауып әкел. Сосын мынаны жаз!» - деді де: «Бисмилләһир рахманир рахим. Ха миим. Тәнзилул китәби миналлаһиль азизиль алимь. Ғоофириз-зәнби уә қообилит-тәуби шәдидиль-иқоби зит-таули лә иләһә иллә һуә иләйһил-масирь(мағынасы: «Һа Мим. Бұл – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Алим (шексіз ілім иесі) Алладан бірте-бірте түсірілген кітап. Ол – күнәларды кешіруші һәм тәубелерді қабыл алушы, алайда жазасы қатты, сонымен қатар, теңдесі жоқ жомарттық иесі. Одан басқа Құдай жоқ! Ақырында барлығы Оған қайтады») – деп «Ғофир» сүресінің алғашқы  үш аятын жазғызды. Сосын хатшысына: «Мына хатты дереу ал да, әлгі маскүнем адамды тап! Қажет болса, екі-үш күн қасында отырып, оның мастығынан айыққанын асықпай күт. Айыққан кезінде ғана қолына бер, жазған хатымды мұқият оқысын!» - дейді.

Әлгі хатшы Омардың (р.ғ.) хатын қолына ұстап, маскүнемді жұрт айтқан жерден тауып алып, мүміндердің әміршісі берген аманатты табыстау үшін қасында отырып екі-үш күн, тіпті түнемелеп күтеді. Мұнысы, бес күнге дейін ұзарды. Сонда да маскүнем ішімдігінен бас тартпақ емес. Бірде аяғына тұрып енді жүре бастағанда хатшы оған: «Мұнда келші! Саған хазіреті Омар (р.ғ.) хат жазып беріп жіберді, алып оқышы!», - деді де қолындағы буманы табыс етті.

Маскүнем қолындағы хатты ашып, хазіреті Омардың (р.ғ.) айтуымен жазылған аяттарды оқи бастады. Сөйтті де: «Мынаны маған хазіреті Омар (р.ғ.) жіберген жоқ. Бұл хатты маған Алла жіберді. Ол мені кешірмек. Болды, енді ішімдікті тастаймын, мұнан әрі құрғырды ішпеймін де», - деп сол сәтте тәубеден көзіне жас алып, жасаған қылығынан өзі жиіркене жөнелді. 

Әзірлеген Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

Дінтанушы

Бөлісу: