26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Абай Құнанбаев: “Қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек

Ғибратнама
Жарнама

Абайдың күні бүгінге дейін баспа бетін көрмеген бір өлеңін оқырман қауыммен табыстырайық. Қолжазбаның иесі Сәмен Әлібекұлы деген кісі. Сәмен Тоғжанның «Әлібек батыр» аталған баласынан туған. Сәмен ақсақал 1921 жылы маусым айында Текес ауданының Қаратоғай ауылында дүние есігін ашып, 1998 жылы ақпанда қайтыс болған. 1930 жылдан 1935 жылға дейін Тоғжан медресесінде (кейінгі «Ақжол» мектебі) оқыған. 1944 жылы үш аймақ төңкерісіне қатынасып, орта бағыт армиясында әскер болған кісі. Іле аймақтық сақшы мекемесінде, Текес аудандық ауыл шаруашылық банкісінде қоғамдық қызметте болған. Сәмен дінге тақуа әрі халық арасындағы өлең-жырларды, тарихи деректер мен шежірелерді құнттап жинап, бірнеше қолжазбаны көшіріп сақтаған кісі. Тоғжан ауылында қолжазба көшіріп сақтау дәстүрі әліге дейін бар. Мына Абай өлеңі Сәмен Әлібекұлы сақтаған қолжазбадан шықты. Біз қолжазбаның түпнұсқасына адалдық ету тұрғысынан және оқырмандардың зерттеуіне қолайлы болуы үшін қолжазбаның әуелгі нұсқасын өзгеріссіз жариялап отырмыз.

Сәмен Әлібекұлы сақтаған қолжазбасынан:

 

Қайтер еді, жігіттер,

Тым қымбатты кимесек?

Мақтан үшін бүлісті [1],

Үсті-үстіне үймесек.

Қаладағы байлардың,

Ыңғайына билесек.

Орта кисек ұрса ма,

Біз ешкімге тимесек.

Бұзақылық емес қой,

Құр нақақтан күймесек.

Елтірі мен теріні,

Жақсы қылып илесек.

Әрі жылы, әрі берік,

Жыртылмайды сүйресек.

Керім, кербез кей жігіт,

Жақтырмайды бүй десек[2].

Боламыз ба жазалы,

Шаруаны жөндесек?

Әміркенски мәсі, етік[3],

Парыз болып шықты ма?

Аяғыңды зорлық қып,

Біреу оған тықты ма.

Өңі жылтыр демесең,

Опайкеден [4] мықты ма?

Етігіңнен именіп,

Жауың қорқып бұқты ма.

Пұлды киім борыш боп

Алқымыңнан сықты ма.

Науқас болып немесе,

Қазаққа да жұқты ма.

Орынсыз шашқан ысырап,

Абұйырыңды жықты ма.

Ұрсыңқырап айтамын,

Ерегеспей ұқтың ба.

 

Үш теңгелік сөкінадан,

Мәліскен[5] берік емес пе.

Сыпайы тігіп, жөн пішсе,

Қола кобел[6] емес пе.

Шәй ішпей-ақ сүт ішсек,

Жұтата ма кеңеске.

Бал қоспай-ақ май қоссақ,

Келген қонақ жемес пе.

Мұнша неге құмарсың

Түбі пайда емеске.

Күміс тұрман тағынып,

Мен қалай деп егеспе.

Қарызданып күн сайын,

Шаруа кетті келмеске.

Өкінерсің, көрерсің

Не таңертең, не кеште.

Қымбат ішік, қыл шапан,

Попыраш[7]тарттым мақтанып.

Үстімдегі киімді,

Тігінші тіккен ақша алып.

Күміс баулы сағатым,

Қолымда тұр сақталып.

Резинке калошым[8],

Аяғыма шақталып.

Қуанып өле жаздаймын,

Киіміме мақтанып.

Бәрі борыш өйткенмен,

Бір күн өтіп кетеді-ау,

Іш-қарынды ақтарып".

Өлең түпнұсқада “қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек” деген сөздер бір жол етіліп көшірілген. Яғни, 13, 14 буынды бір тармақ етіп көшірілген. Біз өлеңнің 7, 8 буынды жыр үлгісіне жақын екендігін аңғарып, 7, 8 буынды бір жол өлең етіп реттеп беріп отырмыз. Өлең ұйқасына негізделіп шумақтарға бөлдік. Өлең дәстүрлі шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Өлең түпнұсқада 35 жол. Жыр үлгісі күйінше реттегенде, 65 жол өлең болып шықты.

Түсініктемелер:

[1]  бүліс ـ мақпал қатарлы кездемелердің жалпы атауы.

[2]  бүй деу ـ бұлай айту, бұлай деу. Бұл қазақ тіліндегі ескіден келе жатқан тілдік құбылыс. Фольклорда жиі кездеседі.

[3]  Әміркенски мәсі, етік ـ Әмірқан етік. Сол кезде ауыз екі тілде солай аталатын көрінеді. Орыс тіліндегі зат есімді анықтайтын сын есімді немесе сын есімденген сөздерді орысша қосымшасымен бірге қабылдауـ 19 ғасырдағы қазақ тілінің сөз қабылдаудағы бір құбылысы. Абайдың “самородный сары алтын, саудасыз берсең алмайды...” деген өлең жолындағы самородный (табиғи, қоспасыз деген мағынада, Абай тіліне қосымшасымен енген)сөзы бұл айтқанымызға айғақ.

[4]  опайке ـ бұзау терісінен өңделген былғары.

[5]  мәліскен ـ сырттық қалың мақтаның бір түрі. Өлең мәтініне қарағанда сөкінадан мәліскеннің арзан екендігі байқалады.

[6]  қола көбел ـ бұл сөздің мағынасын дәп басып айту қазірше қйын.Бұл көшірілген қолжазба өлең. Қола кобел емес құла төбел болуы да мүмкін. Ұ Әрпі о болып жазылып,  т әрпәның екі нүктесін қосып тез жазғанда к болып кету ықтималдығы да бар. Құла төбел дегені орташа дегені, бұл да мәтіннің мәнінен алшақ кетпейді. Бұл сөзды ойлы оқырманның талқысына қалдырдық.

[7] попыраш ـ орыс тілінен енген кірме сөз, мағынасы ораулы темекі. Орысша папиростың қазақыланған айтылымы.

 

[8]  разинке калош ـ орыс тілінен қазақ тіліне Абай дәуірінен бұрынырақ енген кірме сөз, қазірге дейін қолданылып келеді.

massaget.kz

Бөлісу: