«Біз шай ішіп отырғанда, еңгезердей бір қара кісі сәлем беріп кіріп келді. Басында тысы жыртылған елтірі тымағы бар, үстіне жыртық қой жүні шекпен, аяғында киізден сырған башмақ, алқам-салқам тоңған кісі сықылды. Абай әлгі келгенге тесірейіп қарады да, Әйгерімге:
- Мынау кім? - деді.
Әйгерім: - Бұл менің қойшым, өзі Көкше, қыстай қой жаюға жалдап алып едім, - деді.
Абай: - Әй, Әйгерім, сен қойды жақсы көресің, қой баққан кісіні жалаңаш қоясың. Тоңған, ашыққан адамда ақыл, қайрат бола ма, бұл да өзіңдей адам емес пе? Мен осында үш қонып, Семейге жүремін, мен жүргенде мына қойшының киімін бүтінде, - деді.
Әйгерім қатты қысылып: - Жарайды, өзім де киім тіккізіп жатыр едім, тез бітірейін енді, - деді. ...
Қойшы шайға тойып, терлеп, кейін барып отырған соң Абай:
- Ей, Көкше, енді ертегі айтшы? - деді.
Қойшы: - Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын?
Абай: - Сені кім кедей қылды?
Қойшы: - Мені кедей қылған Құдай-дағы.
Абай: - Не, Құдаймен бұрыннан араздық, өштігің бар ма еді?
Қойшы: - Жоқ.
Абай: - Ендеше неге Құдайдан көресің?
Қойшы: - Мал бермеген соң, айтқаным ғой.
Абай: - Құдайдың елге үлестіріп жатқан малы бар ма еді?
Қойшы үндемеді.
Абай қойшыға қараған көзін аударып, біз жаққа қарады да:
- Міне, біздің қазақтың көбінің сөзі осылай келеді. Бұл – зор адасқандық. Жас шағынан жалқаулыққа салынып алады да, талап қылып, талпынып, алысқа барып еңбек қылып мал таппайды. Мұндай адамдар ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды. Ол жоқшылықты, кедейлікті Құдайдан көреді. Құдай оған еңбек қып, мал таппа деп пе? Осы уақытта үлкен қалаларда, зауытта жұмыс істеуші жұмысшылар бастарын қосып, байға ақымызды жегізбейміз десіп жатқандар бар. Олар Құдайдан мал сұрамайды. Аянбай еңбек қылып, оны күш қосып бірігіп жоқтап алады. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, - деді».
Дәулетияр Бітімбайұлы – Абайдың үлкен баласы Ақылбаймен көрші тұрған, осы әңгімені тыңдап, жазып алған адам.
«ummet.kz»рухани – ақпараттық порталы