26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Сөз сатқан» ғалым

Ғибратнама
Жарнама

Ғалым Хасан Басри бір күні жолдастарымен жолда кетіп бара жатып, елге танымал жоғарғы шенді бір төренің баласын жолықтырыпты. Елге үкімі жүріп тұрған басшының баласы маймаңдаған боз жорға үстінде бір топ қызметшілерімен сырнайлатып кернейлетіп кетіп бара жатса керек. Хасан Басри жол ортасында тұрып, аз-кем жөн сұрасқаннан кейін балаға қарап:

- Ей, бай-манаптың баласы! Сендердің нені болсын, кімді болсын ақшамен өлшейтіндерің белгілі. Мұндайға менен басқа ешкімнің жүрегі дауалай қоймас. Саған бір-екі ауыз сөз сатайын, соған келісесің бе? - депті.

- Мейлі, алайын, қаншаға сатпақсыз? - деп сұрайды.

Хасан Басри екі сөзін екі күміске бағалайтындығын айтып, екеуінің арасында мынадай әңгіме өрбиді:

- Өз үйің барма?

-Иә, бар.

- Мирас қалып па еді, әлде өзің салғыздың ба?

- Өзім салғыздым.

- Қанша уақытта салғыздың?

- Оған уақыт көп кетті.

- Күш-қуатың бола тұра неге тезірек салғызбадың?

- Үйге қажетті ауыр ағаштар мен тастарды тасыған малдарға жаным ашыды. Сондықтан оларға көп жүк артқызбадым.

Хасан Басри бұл жолы:

- Ей, елге сыйлы басшының ұлы! Малдарыңа жаның ашығанда, неге өз-өзіңе жаның ашымайды? Оларға қиналмасын деп ауыр жүк артпадың, ал өзің неге мұншама ауыр күнә арқалап жүрсің? Одан да өзіңе неге жаның ашымайды?! -депті.

Аталы сөз балаға қатты әсер еткен еді. Жалма-жан атынан түсіп Хасан Басри хазіреттің қолын алыпты. Сөйтіп сабырсыздана:

- Уа, ақсақал! Екі күмісіңізді қолма-қол берейін, екінші сөзіңізді де айтыңыз, - депті жалынып. Хасан Басри екінші сөзін айтпақ болып:

- Қайда бара жатыр едің? - деп сұрайды.

Бала:

- Мемлекет басшысына барып, жауапты қызмет алмақ едім, - деп жауап бергенде Хасан Басри:

- Қарашы, мемлекет басшысына бара жатырмын деп барынша әдемі киініп, үстіңе хош иістер сеуіпсің. Неліктен? Өйткені мемлекет басшысы мен соның қарамағындағылардың қасына барғанда, ұялып жерге қарамас үшін. Алайда олар да жұмыр басты пенде. Сені мен менен артықшылығы жоқ. Ал енді сенен сұрайын, о дүниеге барғаныңда осыншама күнәң мен кінәларың бола тұра, Алла Тағаланың алдына шығып есеп беруге ұялмайсың ба?.. 

Ғалымның сөзі сүйегінен өткен төре баласы атының тізгінін бірден қызметшісіне ұстатып, өзі бұдан былай өмірін бұ дүниелік өткінші ләззаттарға алданбай, Алла Тағаланың ақ жолына түсіп, тақуалықпен өткізуге табан астында қарар берген екен.

Бөлісу: