26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Лайықты мұрагер

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде әлде бір елде қартайған патша өзінің мұрагерін таңдайтын уақыты жеткенін сезеді. Бірақ ол мұрагерді өзінің балалары мен уәзірлерінің арасынан іздемей, ел арасынан таппақшы болады. Сөйтіп бір күні елінің жастарын түгелдей жиып алып: «Мен қартайдым. Менен кейін патша болатын мұрегерді таңдау керек. Мен сендердің біріңді таңдаймын» дейді. Сол кезде патша балалары өз көздеріне өздері сенбей қалады.

Сөзін әрі қарай жалғастырған патша: «Мен бүгін сендердің әрқайсыңа бір дәннен беремін. Бұл – ерекше өсімдіктің дәні. Ол дәнді бүгін үйлеріңе апарып, егіп, суарып, тура бір жылдан кейін өсіргендеріңді осы жерге менің әкелесіңдер. Мен содан кейін сендердің не өсіргендеріңе қарап, келесі патшаны таңдаймын» дейді.

Ол жиынға Линг есімді жас жігіт те қатысып еді. Ол да бір түйір дән алып, анасына әкеледі. Жігіттің анасы ыдыс тауып, топырақ таңдап, дәнді егуге, күтуге көмектеседі. Әлгі жігіт еккенін күн сайын суарып, күтіп-баптайды. Үш апта өткенде өзгелер дәндерінің кереметтей болып құлпырып өсіп жатқанын сөз етісе бастайды. Ал Лингтің еккен дәнінен ештеңе өнбейді. Арада бір емес, екі емес, алты ай өткенде де ештеңе шықпайды. Бірақ Линг еккен дәнінің өсетініне іштей үмітін үзбей, бір жыл жүреді. Ақыры ештеңе өспейді. Уәделі күн жеткенде патша алдына баратын сәт те келді. Намыстан өртеніп, қолынан іс келмегеніне күйінген Линг «патшаға бармаймын» дейді. Бірақ анасы оған адал, шынайы болуды үгіттеп, топырақ салынған бос ыдысын алып баруға кеңес береді. Анасының ақылына құлақ асқан ұл патша алдына келеді. Өзгелердің өсірген сан түрлі өсімдігін көріп, ұялады. Біреулер оны мазақ қылса, енді бірі аяушылық білдіріп жатты.

Кірген бойда сан алуан жайқалған өсімдіктерді көрген патша, сонау бұрыштағы Лингті байқап қалып, шақырады. Линг болса жазалайтын шығар деп ойлайды. Патша одан есімін сұрайды. Жігіт: «Менің есімім Линг» деп жауап береді. Патша Лингке қараған күйі: «Міне, біздің жаңа патша! Оның аты Линг!» деп жар салады. Линг өз құлағына өзі сенбейді. Ештеңе өсіріп әкелмеген оны қалай мұрагер етпек?

Сол кезде патша: «Мен барлығыңа тура бір жыл бұрын дән тараттым. Оны егіп, өсіруді бұйырдым. Бірақ мен сендерге қалай баптасаңдарда өспейтін қуырылған дән берген едім. Ал сендер оның өспейтінін түсінген соң, ауыстырып қойдыңдар. Араларыңда Линг қана адал, шынайы, азамат болып шықты. Оның бос ыдыспен алдыма келуге батылы жетті. Міне, сол себепті де ол келесі патша болады» деген екен.

Бөлісу: