26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әлекке салған бір түйе

Ғибратнама
Жарнама

Аббасилық халифа Харун Рашит (ө.ж. 193/809) бірде түскі асқа түйе етін сұратты. Еттен бір кесіп аузына салғаны сол еді, қасындағы уәзірі Жафер Бермеки сықылықтап күліп жіберді. Аяқ астынан уәзірін күлкі қысқанына таңырқаған Харун Рашит бұның мәнісін білмек болды.

Сол кезде Жафер Бермеки былай деді:

- Уа, барша мұсылмандардың басшысы! Алдыңыздағы мына түйенің етіне бола қанша пұл шығындалды деп ойлайсыз?

- Көп болса төрт дирхәм ақша жұмсалған шығар...

- Жоқ! Сізге өтірік маған шын бұған тұп-тура төрт жүз мың дирхәм кетті.

- Бұл қалай болғаны?        

- Бірде сіз аспазшыдан түйенің етін сұратқан едіңіз. Алайда ол күні ас үйде түйе еті жоқ еді. Мен содан бері сіз сұратып қала ма деп, күн сайын ас үйге түйе етін алғызуға бұйрық бердім. Сол күннен бергі сойғызған түйеге кеткен шығынды есептесек төрт жүз мың дирхәм ақша болыпты. Бір қызығы, сіз сол күннен бері еш түйе етін сұратпай, етке тек бүгін ғана қол салып отырсыз. Халифамыздың бір жеген етінің өзі төрт жүз мың дирхәмға шықты ғой деп менің күлуімнің себебі сол еді...

Бұны естігенде Харун Рашит еріксіз жылап қоя берді. Түскі уақыт келгенде мешітке барып намаз оқыды. Үйіне келген соң тағы да жылады. Артынша Мекке мен Мәдина кедейлеріне, Бағдат мүсәпірлеріне, Басра мен Куфа жарлы-жақыбайларына сансыз дирхәм ақша садақа ғып таратылуын әмір етті. Кейіннен мешітке барып намаз оқытты. Сөйтті де екі көзі бұлаудай болып кешке дейін жылады. Кеш түсе мешітке қайта барып, жамағатқа намаз оқытып үйіне қайтты.

Дәл осы мезет қасына келген Әбу Юсуф қазы оның неліктен егіліп сонша жылағанын сұрады. Халифа жай ғана бір жеке басының қалауы үшін осыншама ақшаның босқа ысырап етілгеніне өкінетінін, сол үшін жылағанын айтты. Әбу Юсуф бұл қылықтың ондағы Құдайдан қорқу екендігін, сондай-ақ көп қып таратқан садақалардың барлығының оған үлкен сауап әкелгендігін айтып қуантып әрі  жұбатты.

Харун Рашиттың қатты мұңайғаны сонша, сол күні таң атқаннан нәр татпаған күйі тек кешкі асқа ғана мойын бұрған еді...(әл-Бидәя уә-н-Нихая, 10/650)

 

«ummet.kz» рухани ақпараттық порталы

Бөлісу: