25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір ауыз сөз

Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір ауыз сөз

Ғибратнама
Жарнама

Лұқпан хакім:

«Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Адам сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар: – төрт уақытта төрт нәрсені: намазда – көңілді, халық арасында – тілді, жеп-ішуде – тамақты, біреудің үйіне барғанда – көзді қорға; – екі нәрсені: Алланың ұлылығы мен өлетініңді ұмытпа; – екі нәрсені: біреуге істеген жақсылығыңды, басқаның өзіңе істеген жамандығын ұмыт. Сонау бір ықылым замандардан жеткен абзал абыздың осы өсиеттері әлі сол күйі мәнді, сол күйі өміршең.

* * *

Бірде бір кісі Лұқпан хәкімнен «Осыншалықты әдепті кімнен үйрендіңіз?» деп сұрайды. Сонда ол «Әдепті болуды әдепсіздерден үйрендім» деп жауап берген екен.

* * *

«Данышпандыққа қалай жеттің?» деп сұрағандарға Лұқпан «Өзіме қатысы жоқ нәрсемен ісім болмады. Менен жасырылған нәрсені қазбалап білуге тырыспадым» деп жауап берген екен (Имам Ғаззали, «Ихиа улумид-дин», ІІІ том, 257-бет).

* * *

Лұқпан көбіне-көп көпшіліктен оқшауланып, жалғыз қалып ой теңізіне шомуға тырысатын. Сонда айналасындағы адамдар одан мұның мәнісін сұрайды. Ол «Жалғыздық ойлануға жақсы. Ал ойлану, пікір өрбіту пендені жаннатқа жетелейді» деп жауап қатқан екен (Имам Ғаззали, «Ихиа улумид-дин», IV том, 764-бет).

* * *

Лұқпан хәкім: «Үш нәрсе үш нәрсесіз көрінбейді: Білім – қиын-қыстау кезде немесе ашу қысқан шақта білінеді, батырлық – майдан шебінде анықталады, нағыз достық – мұқтаж сәтте көрінеді» (Имам Ғаззали, «Ихиа улумид-дин», ІІІ том, 401-бет).

* * *

Ешкімді киімі жұпыны екен, түрі ұсқынсыз екен деп төмен санама. Себебі сенің де, оның да Раббыларың бір (Имам Ғаззали, «Ихиа улумид-дин», IV том, 200-бет).

материал «Лұқпан хәкімнің өсиеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: