25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сынақтардан сүрінбеген кедей

Сынақтардан сүрінбеген кедей

Ғибратнама
Жарнама

Кедей жұмысшы бір күні жұмысынан қуылды. Оның үстіне бала-шағасы да үш күннен бері нәр татпаған-ды. Күн көретін басқа табыс көзі де жоқ. Қай жерге барса да «Жұмыс жоқ» деген бір ғана сөзден әбден ығыр болды.

Ішектері шұрқыраған бала-шағаларының жағдайын әйелі де қайта-қайта тілге тиек етіп, құлақ етін жеп бітті. Қайтсін, қолдан келер қайран жоқ! Ең соңында, әйелі келін болып түскенде таққан әдемі орамалын еріксіз күйеуінің қолына ұстатты да:

– Мә, мынаны бір сатып көр. Қаншаға өтсе де мейлі. Бала-шағаны қашанғы аш ұстаймыз. Алла Тағала жомарт қой, бір ретін келтірер, – деді. Күйеуі қысыла-қымтырыла әйелінің сандықта жатқан су жаңа орамалына амалсыздан қол созды. Орамалды екі дирхамға сатып үйіне қайтты. Қолындағы ақшасына жолай базарға соғып, бала-шағасына тіске басар бір нәрселер алмақ болды. Бірақ базарға жақындағанда жол үстінде отырған қайыршыны көрмей өту мүмкін емес еді. Даусы да сүйектен өткендей ащы, зарлы еді. Қайыршы өткен-кеткенге қол созған күйі:

– Алла разылығы мен Пайғамбар сүйіспеншілігі үшін қолымды бос қайтармағайсыздар! Маған көмектесу арқылы Алла Тағаланың мейіріміне қол жеткізгісі келетін адам жоқ па? Өте бір мұқтаж жанмын, – деп тынбастан жалына дауыстап тұрды. Әлгінің сөздеріне шыдай алмай, көп ойланбай-ақ қалтасындағы орамал сатып тапқан екі дирхәм ақшаның бәрін әлгі қайыршының қолына ұстатып кете барды. Алайда беруін берсе де нағыз қиямет-қайым енді басталды. Өйткені, өз бала-шағасының аш отырғаны анау. Алдынан әйелі шыққанда не айтарын ойлағанда, екі беті дуылдап, демі құритындай сезінді. Не болса да көре жатармыз деген оймен алдымен мешітке соғып намаз оқыды. Мешіттен шығып үйіне беттеді. Әкелері кешіккен сайын тіске татыр бірдеңе әкеле жатқан болар деп үйдегілердің де үміті арта түскен. Ішке кіргенде бәрі жәутеңдей бұның қолына қарасты. Әкелері басын төмен салбыратқан күйі болған жайдың бәрін әйеліне жасырмай айтты. Әйелі күйеуін тыңдап болған соң: «Е, бопты. Бар ақшамыз Алла жолында кетсе, қайта Алла оны еселеп қайтарар. Ол асқан жомарт емес пе? Не де болса дұрыс істепсің», – деді қашанғы сабырлы, тақуа әдетіне басып. Таң атқанда әйелі күйеуіне бұл жолы төркіні сыйлаған сағатты берді. «Ал енді осыны сат та, үйге азық болар бірдеңелер әкел», – деді. Күйеуі сағатты алып базарда қас қарайғанша тұрса да, сағатты сұраған жан болмайды. Үйіне бос қайтуға қысылып тұрғанда қолындағы соңғы балықтарын дәл өзі секілді өткізе алмай тұрған балықшыны көреді. Сөйтті де оған жақындап: «Әй, саудагер! Менің сағатымды да, сенің мына балықтарыңды да ешкім алар емес. Кел, одан да екі балығыңды менің сағатыма айырбаста», – дейді. Айғайлай-айғайлай алушы таппай тамағы ауырған саудагер де екі сөзге келместен, екі балығын сағатқа айырбастап тез үйіне қайтқанды жөн көрді. Бұл жолы үйіне қуанып келген күйеуі әлгі балықтардың біреуін пісірмек болып жарғанда ішінен жарқыраған жақұт шыға келді. Бұны көргенде кедей байғұстың есі шыға қуанды. Дереу әйелі екеуі зергерге барып көрсетеді. Зергер бұл жақұттың өте бағалы екенін, егер дәл қазір сатса он төрт мың дирхәмға алуға әзір екендігін айтады. Алла Тағала оларды аяқ асты мол несібеге бөлеп қиыншылықтан құтқарды. Зергерге әлгі жақұтты он төрт мың дирхәмға сатқан күйі үйлеріне құстай ұшты. Әп-сәтте-ақ үй ішінде шаттық орнады. Бәрі отырып Алла Тағалаға шүкір айтысты. Дәл осы кезде есік алдына бір қайыршы келді. Әлгі қайыршы бұларға қарап: «Ей, мейірімді жандар! Алла Тағала сендерге нәсіп еткен нәрседен маған да беріңдер?», – деп жалынды. Бұны естігенде күйеуі бірден далаға жүгіре шыққан күйі: «Біздің бірнеше күннен бері аш отырғанымызды көрген Алла бізге аяқасты он төрт мың дирхәм нәсіп етті. Ақыры Алла Тағаланың разылығы үшін сұрап тұрсаң, мен саған сол ақшаның тең жартысын әкеп берейін. Қазір келем, тұра тұр», – деп үйге кіріп кеткен еді.

Айтқандай жарты ақшасын алып есік алдына шыққанда, үй иесі жаңа ғана өзін күтіп тұрған қайыршыны таппай қалды. Әрі-бері қайыршыны іздеді. Ұшты-күйлі жоқ. Үйіне келді. Неше күнгі аштық ұмыт болып, шұрқыраған балалардың да іштеріне ел қонып, қолға да көп ақша түскендіктен, отбасының бүгінгі қуанышы шексіз еді. Сол күні түнде үй иесі түсінде әлгі есік алдына келіп жоқ болып кеткен қайыршыны көрді. Одан неге күтпей кетіп қалғандығын сұрады. Сонда ол: «Мен жай бір қайыршы емес, Алла Тағала тарапынан сені сынауға жіберілген періште едім. Кешегі орамал сатып тапқан екі дирхамыңды да сен көзің қиып, бала-шағаңның аузынан жырып маған бергенсің. Сол күнгі жақсылыққұмарлығың мен ақ пейілің үшін Алла Тағала саған жақұт сыйлады. Ең соңғы рет тағы сынады. Мен қайыршы кейпінде есігіңнің алдына қайта келдім. Ал сен болсаң дархандығыңа тағы да тәнті еттің. «Алла разылығы үшін» дегенде жаныңды да болса беруге пейіл екендігіңді көрсеткендіктен, Алла Тағала сенің осы бір екінші жомарттығың үшін о дүниеде Жұмағын сыйға тартпақ. Алла разылығын тілеп, неге де болса бара алатын сен секілді мұсылмандар не деген бақытты десеңші?!..», – деп жауап қайырыпты.

материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: