26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Бұл не деген батпан құйрық?!»

Мақалалар
Жарнама

Құран түскен құт мекенге, Пайғамбар табаны тиген киелі топыраққа, қасиетті Мекке қаласына қажылық ету – әрбір жұмыр басты пенденің арманы. Дегенмен, қажылық – ауыр да машақатты сапар. Үлкен дайындықты, ерекше әзірлікті қажет ететін сапар. Тәуекел деп аттанып кете баратын сапар емес.

 

Тарихтан белгілі, 1874-жылы аға сұлтан Құнанбай қажылық парызын өтеуге аттанады. Сол сапарында Меккеде шеттен келген қажыларға арнап, қонатын үй – Тәкие салғызады. Әкесінің қажылығы жайлы Абайдың:

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бір Құдайдың жолына,

Малды аямай бұлапты, –

деген өлең жолдары осының дәлелі.

Құнанбай қажылығынан бері заман талай өзгерді. Қазіргі таңда, қажылық етушіге қолайлы жағдайлар жасала бастады. Деседе, қазіргі қоғамымызда жеңіл табыс көздеген алаяқтардың таза жүректі жандардың қалтасын қағып,алдап-соғып жатқан жайттары аз емес. Бұған мысал, соңғы кездері әлеуметтік желілер арқылы тегін қажылық сапары жарнамаланып жүргенін айтсақ жеткілікті. Сыйға тартқан сәйгүліктің тісін санамайтын аңғал қазақтардың «Алла парызын өтеңіз, ақшасы керек емес» деп,«ағынан ақтарылғандардың» арбауына осылайша оңай ілігері сөзсіз. Адам саудасы, түрлі жантүршігерлік қылмыстар орын алып жатқан қазіргі қоғамда әр қадамды аңдап басқан жөн ескерген жөн. Сондай-ақ, алыс сапарға аттанбас бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қатысы жоқ, бейресми өкілдерге сенім білдірудің соңы неге соғарын ойланып алғаныңыз да  абзал болмақ.

Қажылыққа жыл сайын төрт миллионға жуық зияратшылар әлемнің төрт бұрышынан ағылып келеді. Ал, бейресми қажылардың саны едәуір көп. Осының өзі, қажылықтың аса ауырлығын аңғартса керек. Бұл  қажылықты ұйымдастырушы мемлекеттің иығына түсетін салмақ. Сол себепті де, Сауд Арабия патшалығының үкіметі арнайы уәзірлік бекіткен. Бұл уәзірлік - Қажылық істері министрлігі.

Азаматтарын қажылыққа аттандыратын мемлекетіміз де бұдан кем әзірлік көрмейді. Біздің елде қажылардың құжаттарынан бастап, қажылық рәсімін шариғатқа сай орындау дайындығы, арнайы жолбасшы және медицина мамандарды қоса жіберу, қажыларды Меккеде қарсы алу сияқты аса керекті жайттардан бөлек, отандастарымыз аман есен барып қайтуы үшін олардың қауіпсіздігі шетелдегі құқықтарының толық қорғалуы сияқты маңызды мәселелер де Дін істері комитеті мен ҚМДБ-ның жіті бақылауында.

Нар тәуекел, қажылыққа бара жатырмыз. Алланың өзі жәрдем етеді дейтіндер де болады. Алайда, тәуекел – толық, жан-жақты қамданып барып, нәтижесі оңды болсын деп ниетпен Аллаға арқа сүйеу екенін естен шығармағанымыз өз өміріміз үшін өте маңызды.

Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дала арабы келіп: «Уа, Алла елшісі! Түйемді бос жібере салайын ба, әлде тәуекел етейін бе? – дегенде: «Түйеңді байла, соңыра тәуекел ет[1]», – деп жауап берген екен.

«Бұл не деген батпан құйрық, айдаладағы жатқан құйрық» демекші, тегін қажылық бұйырды деп, алаяқтарға жем болып қалмаңыздар.

 

Руслан ҚАМБАРОВ

Бөлісу: