26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Нығметтің де есебі сұралады

Мақалалар
Жарнама

Бірде саңлақ сахаба Әбу Бәкір (р.а.) ең аптап ыстық күні үйінен шығып мешітке келді. Әбу Бәкірдің (р.а.) мешітке келгенін естіген сахаба Омар (р.а.) да мешітке беттеді.

 

 

Әбу Бәкірді көріп, ол кісіден күннің бет қаратпас ыстығында үйінен шығып мешітке келуінің себебін сұрады. Әбу Бәкір (р.а.) ол кісіге:

- Мұнда келуімнің себебі қарнымның қатты ашқанынан, - деді. Омар (р.а.) да:

-Уаллаһи, мен де қарнымның қабысқанынан осында келдім, - деді.

Сәлден кейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) де мешітке келді. Сосын Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарды (р.а.) көріп, олардан күннің ыстық уақытында мешітке келулерінің себебін сұрады. Ол екеуі:

-Иә, Алланың Елшісі! Уаллаһи, мына ыстық уақытта бізді үйден шығарған нәрсе қарнымыздың қатты ашқаны, - деп жауап берді.

-Мен де осы үшін үйден шықтым, кәне кеттік, - деді Алла Елшісі (с.ғ.с.).

Барлығы бірге сахаба Әбу Әйюб әл-Ансаридің үйінің алдына келді.

Әбу Әйюб (р.а.) күнделікті пайғамбарға (с.ғ.с.) тамақ әзірлеп жеткізіп отыратын-ды. Дәл осы күні өзінің құрма бақшасында жұмыс жасап жүргендіктен тамақ апара алмады. Есік алдынан Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен достарын көрген Әбу Әйюбтің әйелі әдептілікпен оларды қарсы алды. Әбу Әйюб те мұны естіп, бақшадан жүгіре:

-Уа, Алла Елшісі және достары қош келдіңіздер! – деп қуана келді.

Сосын мән-жайды түсініп, қайта бақшаға барып, бір тостақ құрма алып келген қонақтарына ұсынды. Әбу Әйюб (р.а.) қонақтарына құрма жеп, әл-ауқаттанып алғанша бір мал сойып қонақкәде жасайтындығын айтты. Мұны естіген Алла Елшісі (с.ғ.с.):

-Егер мал сояр болсаң, буазын сойма! – деді оған.

Алла Елшісіне құлақ түрген Әбу Әйюб (р.а.) шағындау бір малын сүт пісірім уақыт ішінде сойып, етінен ыстық тамақ әзірлетіп, қарны аш қонақтарына ас әкеліп ұсынды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кесек етті нанның үстіне қойып, үй иесіне былай деді:

-Мынаны Фатимаға апарып бер. Өйткені, неше күннен бері ол да аузына дәм алып, нәр татар ешнәрсе таба алмады.

Келген қонақтар астан алып, бойға күш жиналғанша алдарындағы тамақтан ішті. Мұнан соң Алла Елшісі (с.ғ.с.):

-Нан, ет және құрмалар... Аллаға ант етейін, мұның барлығы қияметте есебі сұралатын нығметтер, - деді. Осы сөзден кейінгі сахабаларының көңіл-күйін көрген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) онан әрі былай деді:

-Алайда Алла берген асты ішерде алдымен «Бисмилләһ» деңіздер. Ал, іштеріңізге ел қонып, тойғаннан кейін «Әлхамдулилләһ» деп айтыңыздар. Өйткені, осылай деу берілген нығметке жетерліктей қайтарым болып табылады, - деді.   

Түйін: Алла Елшісі (с.ғ.с.) ардақты сахабаларына алдарындағы асты мысалдай отырып, мына дүниедегі әрбір нығметтің Алла тарапынан есебі сұралатындығын жеткізуде. Тіршілігін ислам дінімен ұштаған кешегі ата-бабаларымыз да «Судың да сұрауы бар» деп мәнді сөз айтып кеткен. Демек, қолда бар бақ-дәулет пен нығметтің қадірін біліп, оған шынайы шүкірлік ету мұсылманға тән сипат болып қала бермек. 

Әзірлеген Қайырбек ОТЫЗБАЕВ, 

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Бөлісу: