25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ережеп айының қасиеті

Ережеп айының қасиеті

Мақалалар
Жарнама

Исламға дейін жаһилия дәуірінің кезінде ережеп айы арабтар үшін қасиетті ай болып есептелетін еді. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін. Сол үшін «рәжәб» яғни «ұлықталған» ай деп аталды.

Ережеп айы Құран Кәрімде баяндалғандай, Алланың қасында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт айдың бірі. Бұл жөнінде Жаратқан Хақ Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар» (олар: зүлқағъда, зүлхиджә, мұхаррам және ражәб).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі харам айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зүлқағъда, зүлхиджа, мухаррам. Төртіншісі болса, ражәб». Әрбір мұсылман пендеге бұл айларды қадірлей білуі міндет болып табылады.

Алла Тағала Құран Кәрімде ережеп айында зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар», - деп қайтарған. («Тәубе» сүресі, 36-аят). Имам Құртуби өзінің «Жамиғь» атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде: 

«Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасау әрқашан да тыйым салынғанымен, осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған», - деп ескертті.   

Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) осы аятқа түсініктеме беріп былай дейді:

«Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы ерекше ұлық».

Демек, ережеп айында жасалған күнәнің жазасы ауыр болады, ал оқылған намаз, тұтылған ораза, берілген садақа секілді кез келген құлшылықтың сауабы еселеніп жазылатыны айтылуда.

Ережеп айында орын алған тарихи оқиғалар мәселесіне келер болсақ, ережеп айында исра мен миғраж оқиғасы орын алды. Ғалымдардың басым көпшілігі исра мен миғраж ережеп айының 27-ші түні болды деген көзқарасты ұстанған.

Исра мен миғражды ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлық мұғжизаларының бірі.

Исра – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Иерусалимге жасаған түнгі сапары.

Миғраж – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеті қабат көкке көтерілуі.

«Исра» сүресінің 1-ші аятында осы оқиға жайында баяндалған:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті с.ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін мешіт Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші».

 Алла Елшісіне (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді:

Біріншісі; мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз болды әрі осы миғраж түнінен соң Әбу Бәкір (р.ғ.) «Сыддық» (шыншыл) деген мәртебеге ие болды. Өйткені, мұсылмандардың көбі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) миғражына күмәнданған кезде тек Әбу Бәкір (р.ғ.) ғана сөзге келместен Оның (с.ғ.с) жеті қабат аспанға көтерілгеніне нық сенді.

Екіншісі; Алла Тағалаға ортақ, серік қоспаған жандардың жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші.

Үшіншісі; Бақара сүресінің ең соңындағы екі аяты.

Нәбилер сардары, пайғамбарлықтың мөрі, дінді толық кемеліне жеткізуші Алланың соңғы Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі үшін Аллаға деген шынайы ықыласымен оқыған күнделікті бес уақыттағы әрбір намазы Алланың құзырына көтерген миғражы боп саналады. Олай болса, баршамызға осындай үлкен нығмет нәсіп болған Ережеп айы мен соның ішіндегі Исра және миғраж түнінің қадір-қасиетін лайықты деңгейде дәріптеп, осы берекеге толы уақыт бөлігін сауапты істермен, игі амалдармен безендіруді жазсын!

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

Бөлісу: