25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шынайы тәубе таудай күнәні жояды

Шынайы тәубе таудай күнәні жояды

Мақалалар
Жарнама

Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

«Тәубе» сөзінің негізгі мағынасы «оралу» дегенді білдіреді. Шариғи тілде – «істеген күнәсына өкініп, екінші рет қайталап істемеуге, жаман іс-әрекеттерді қайталамауға Алла Тағалаға уәде ету, кешірім сұрау» деген ұғымды білдіреді. Бірақ, егер біз Алла Тағала біздің күнәмізді кешіреді екен деп күнде үлкенді-кішілі күнәларды істеуден тыйылмасақ, оның азабы да ауыр болады. Алла Тағала мұндай пендесінің тәубесін қабыл етпейді.

Құранда Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыласыңдар» [1] ,«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң оған тәубе етіңдер» [2],  «Әй, мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар», -  деген [3].

Әбу Бәкір (р.а.) былай деген: «Мен Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Егер Алланың бір құлы күнә жасаса, осыдан кейін дұрыс түрде дәрет алса, сосын екі рәкат намаз оқып, Алладан кешірім сұраса, Алла оны міндетті түрде кешіреді». Кейін келесі аятты оқып берді: «Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар істеген істеріне біле тұра(ол үшін кешірім сұрауға) қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан кешірім және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей керемет!» [4].

Мына бір хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, Алла өзінің разылығы үшін ықыласты түрде жасалған амалдарды қабыл етеді!» [5].

Ибн Аббас ﴾р.а.﴿  былай деген: «Кешірімі сұралған күнә үлкен емес, бірақ оны қайталап жасай берсе кішкентай емес» [6]

Хасан әл-Басри былай деген: «Ей, Адам баласы, күнәға тәубе етуден гөрі күнәні тастау оңай!» [7]

Имам әл-Аузағи былай деген: «Мен Біләл ибн Сағдтың: “Күнәнің кішкентайлығына қарама, кімге қарсы келіп жатқандығыңа (яғни Алланың ұлықтығына) қара!” – деп айтқанын естідім» [8]. Шынында да адам баласы аяқ аттап басқан сайын түрлі күнәләрға кездесуі мүмкін. 

Тәубе ету шарттары

Тәубе ете білу үшін өзіндік шарты бар. Жай ғана «мен істеген күнәм үшін тәубе еттім» деп айта салумен тәубе етілген болып саналмайды. Адамның жасайтын күнәсі екі түрлі болады: 

- Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, зина ету, ішімдік ішу. 

- Пенде ақысына қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, ғайбат айту, ұрлық жасау, ұру секілді.  Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсіне тәубе ету үшін 3 шарт орындалуы тиіс. Қайшы жағдайда тәубесі шынайы тәубеге жатпайтын болады.

- Жасаған күнәсін тоқтатуы;

- Жасаған ісі үшін өкіну;

- Сол ісін енді қайталамауға уәде беру.

Ең жақсы тәубе

 Хазірет Әлі (р.а.) жеткізген хадисте Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алты бірдей жақсы нәрсе (қасиет) бар, алайда, сол алты нәрсе алты түрлі адамның бойынан табылса, тіптен жақсы: Әділдік – жақсы қасиет, бірақ, ол басшылардың бойында болса, тіптен жақсы. Жомарттық – жақсы қасиет, бірақ, ол байлардың бо-йында болса, тіптен жақсы. Тақуалық – жақсы қасиет, бірақ, ол ғалымдардың бойында болса, тіптен жақсы. Сабырлылық – жақсы қасиет, бірақ, ол кедейлердің бойынан табылса, тіпті жақсы. Тәубешілдік – жақсы қасиет, бірақ, ол жастардың бойынан табылса, тіпті жақсы. Ұяттылық – жақсы қасиет, бірақ, ол әйелдердің бойынан табылса, тіпті жақсы» деген [9]

Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне берілген төрт сый

Адам (ғ.с.) былай деп айтты: «Алла Тағала Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне төрт түрлі сыйлық жасады, оларды маған бермеген еді:

1. Менің тәубемнің қабыл етілуі Мекке Мукаррамада болды. Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті қай бір жерде тәубе етсе де, Ұлы Алла олардың тәубелерін қабыл етеді.

2. Мен киінген едім, күнә істеген соң, Ұлы Алла мені жалаңаш қылды. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті болса, тыр жалаңаш күнә істейді. Ұлы Алла оларды киіндіреді.

3. Мен күнә істеген кезде Ұлы Алла әйелімнен мені ажырастырды. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті де күнә істейді, бірақ әйелдерімен аралары бұзылмайды.

4. Мен жәннаттың ішінде күнә істедім. Ұлы Алла мені ол жерден шығарды. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті болса, жәннаттың тысында күнә істейді, тәубе еткен соң, жәннатқа кіргізеді».

Қорытындылай келе, Иә, Раббым, біздерді, Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбетін түрлі күнәлардан сақтап, тәубемізді қабыл етіп, тура жолға бастай гөр! Екі дүние жақсылығын нәсіп ет! Әмин.

Бақдаулет Абдурахманов,

Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана»

мешітінің найб имамы.


[1] («Нұр» сүресі, 31-аят);

[2] («Һұд» сүресі, 3-аят);

[3] («Тахрим» сүресі, 8-аят).

[4]  “Әли Имран” сүресі, 135-136-аяттар». Әбу Дәуіт 1521, әт-Тирмизи 406, Ибн Мәжәһ 1395.

[5] Ән-Нәсәи 3140. Хафиз Мунзири, имам Ирақи және хафиз Ибн Хәжәр хадисті сахих деген.

[6]  Әт-Табари 5/41, Ибн Әби Хатим 3/943. Иснады сахих.

[7]  «аз-Зауажир».

[8]  Ибн Мубарак «әз-Зуһд» 71.

[9]  (Хазірет Әлі (р.а.) жеткізген, Әлі әл-Муттақи, Суюти, Жәмиғу-сағир, 8292-хадис)

  

Бөлісу: