26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кемеңгер басшы бола білді

Ислам жұлдыздары

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) халифа болған соң Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген ыстық ықыласын суытпай, мойнына жүктелген қызметті атқаруға кірісіп кетті. Ең алғашқы ісі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аяқтай алмаған ісі – Усаманың басшылығындағы әскерді Сирияға аттандыру болды. Сахабалардың кейбіреулері сол кездері пайда болып келе жатқан “жалған пайғамбарлар” мәселесін алға тартып, әскердің жорыққа аттануын кейінге қалдыруды ұсынды. Бұған халифа Әбу Бәкір:

– Аллаға ант етемін, егер жолбарыстар мен қасқырлар Мәдинаға келіп қауіп төндірсе де, Алла Расулының бұйрығын орындаймын. Өйткені, Ол: “Усаманың әскерін міндетті түрде аттандырыңдар” деп кетті,– деп жауап берді.

Хазіреті Омар Усаманың әлі жас екендігін ескертіп, одан үлкенірек біреудің қолбасшы етіп тағайындалуын ұсынғанда:

– Ей, Хаттабұлы! Усаманы Алла Елшісінің өзі қолбасшы етіп тағайындағанын біле тұра бұл әмірді қалай өзгерте аламын?– деп, Алла Расулына шынайы беріл-гендігін көрсетті.

Әскерді аттандырмас бұрын Әбу Бәкір Усамаға Исламның соғыс құқығына байланысты мына маңызды қағидаларын қатаң ұстануын бұйырды:

“Шектен шығып, қиянат жасамаңдар. Уәделеріңді бұзбаңдар. Өлтірілгендердің ағзаларын кеспеңдер. Балаларды, қарттарды және әйелдерді өлтірмеңдер. Құрма ағаштарын кесіп өртемеңдер. Жеміс беретін ешбір ағашты кеспеңдер. Қой, сиыр немесе түйелерді қажеттіліктен тыс соймаңдар. Жолда шіркеулерде құлшылық жасаушыларға тиіспеңдер!” 

Усаманың басшылығындағы әскер Әбу Бәкірдің берген нұсқауы бойынша жүріп кетті. Гректерге кезікпеді. Бірақ кері қайтар жолда діннен шыққан Хуза‘алықтардың бір тобын ойсыратты. Осылайша әрі Алла Елшісінің (с.а.у.) әмірі орындалды, әрі бас көтеріп келе жатқан үлкен бір бәлекеттен мұсылмандар аман қалды. 

Бұл жауапкершілігі мол халифалық істің қиындығы жайлы Әбу Бәкірдің қызы – Айша анамыз (р.а.) былай дейді:

“Бұл міндет – тауға жүктелер болса, оны тас-талқан етерліктей ауыр міндет. Бірақ Әбу Бәкір бұл міндетті Алланың қолдауы мен мұсылмандардың жәрдемінің арқасында ең жақсы түрде атқарды. Халифа болып тұрған кезеңінде Құран мен хадисте ашық бір дәлел табылмаған мәселелерді сахабалармен кеңесіп, келісіп шешетін”.

Хазіреті Әбу Бәкір біреуге жауапкершілігі мол істі жүктеген кезде, сол адамның қабілетіне қарап лайықтыларын қапысыз таңдап тағайындай алатын кемеңгер басшы еді. Мысалы, оның қаржы істеріне Пайғамбарымыздың (с.а.у.) “Үмбеттің сенімдісі” деп атаған Әбу Ұбайда ибн Жаррахты, құқық істеріне әділеттің үлгісі – Омар Фаруқты, жазу және тіркеу істеріне уахиді жазып алушылардан Зәйд ибн Сәбитті тағайындауы бұған айғақ бола алады.

Ол әкімдер мен әскер басшыларына үнемі жазбаша түрде кеңес беріп тұратын. Осындай кеңестерінің бірі Икримаға (р.а.)  жіберген мына хатында көрініс тапқан:

“Істеймін деп уәде берген ісіңді істе. Сөз берсең, оны орында. Ескерту жасаудан қорықпа. Бірақ бұны істегенде нені айтып, нені айтпау керектігін абайла. Кінәліге кінәсінен артық жаза берме. Жазаға лайық болған адамның жазасын беруді кешіктірме”. ("Саңлақ сахабалар" кітабынан)

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: