25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Таурат пен Інжілде Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы айтылған ба?

Таурат пен Інжілде Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы айтылған ба?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Тағала соңғы пайғамбарды бүкіл адамзатқа жібергендіктен, бұрынғы елшілердің барлығы өз үмбеттерінің ақырғы нәбиге сеніп, қолдау көрсетулері жөнінде уәде алған.

Хазірет Али (р.а.) мен хазірет Ибн Аббастан (р.а.) осыған қатысты мынадай риуаят жеткен: «Мұхаммедке иман етіп, қолдау көрсетулері үшін Алла Тағала барлық пайғамбарлардан уәде алған. Сонымен қатар, олардың өз үмбеттерінен, егер ақырзаман нәбиін көруге ғұмыры жетсе, оған иман етіп, қолдау көрсетулері жөнінде де уәде алуларын әмір еткен. Жаратушы Иеміз хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) сипаттарын алдыңғы пайғамбарларға түсірген кітаптарда білдірген».

Яһуди мен христиандардың соңғы елшінің келетінін білгендері сенімді дереккөздерде анық көрсетілген. Таурат пен Інжілде түр-тұлғасын соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп берген, бірақ уақыт өте келе бұл кітаптар өрескел бұрмаланған. Алайда бүгіннің өзінде зерделей қарасақ, соңғы елшіге қатысты көптеген мәліметтерді кездестіреміз.

Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) алдыңғы кітаптарда білдірілген сипаттары аударманың нәтижесінде көп өзгеріске ұшыраса, енді бірде қасақана бұрмаланған, бірақ сол діндердің ар-ұжданы таза ұстанушыларының арасында бүгіннің өзінде Таурат пен Інжілден адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.) жайында нақты сілтемелер тауып, ақиқатқа мойынсұнып жатқандарыда баршылық.

Яһудилердің хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) шынайы пайғамбар екендігін білгендігіне байланысты тарих ғалымдарының пікірі бір арнаға ойысады. Исламнан бұрын ұзақ уақыт бойы көрші қоныстанған мәдиналық арабтар мен яһудилердің арасында қақтығыстар жиі орын алатын. Айы оңынан тумай жеңілістің ащы дәмін татқан яһудилер сонда: «Біздің айтқандарымызды растайтын бір пайғамбардың келетін уақыты таяу. Сонымен бірлесіп бәріңді Ад пен Ирам қауымдары сияқты жоямыз», – дейді екен. Сонымен қоса, соңғы елшінің құрметі үшін Аллаға дұға етіп: «Уа, Жаратқан! Тауратта сипаттаған, ақырзаманда жіберетін пайғамбарыңмен бізге көмек бере гөр!» – дейтін, бірақ олардың көксеген мақсаттары, соңғы пайғамбардың өздерінен шығып, соның арқасында арабтарды жеңіп, әлемге билік құру еді. Ал хазірет Мұхаммед (с.а.с.) олардың дүниені билеуге деген құштарлықтарын қанағаттандырмай, ұлтшылдықты тоқтатып, Алланың құзырында барша адамзаттың тең дәрежеде екенін айтып, жөнсіз мақсаттарын күл-талқан етті және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) араб болуы да оларды іштей қызғандырып, оны мойындамау арқылы жауласты.

Төменде Таураттағы расулаллаға (с.а.с.) қатысты көп сілтемелердің бір-екеуін ғана ұсынуды жөн көрдік.
а). «...Алла Ибраһимге былай деді: «Балаң мен күңіңді ойлап қайғырма. Сараның тілін ал, өйткені ұрпағың Ысқақтан тарайды. Күңіңнен туған ұлың Исмайылды да бір ұлт қыламын. Алла сәбидің дауысын естіді. Періште Ажарға былай деді: «Еңсеңді түзе. Балаңды жоғары көтер, оны іргелі ел етемін» («Тәкуин», 21/12, 13, 17, 18). «...Сара жәбір көрсетіп, ақырында Ажар қашып кетті. Жаратушының періштесі оны шөлдегі бұлақтың басынан тауып былай дейді: «Сенің ұрпағыңды көбейтемін. Көбейгені соншалық – санына жетіп болмайды» («Тәкуин», 16/6-10)

Ибраһим (а.с.) Ажар мен Исмайылды Хижаздың шөл даласына тастап кеткен болатын. Алла Тағала оларға шөлден су шығарып, зәмзәм бұлағымен сусындандырды. Исмайыл ер жеткен соң әкесі Ибраһим келіп қасиетті Қағбаны тұрғызады. Міне, сол жер Мекке, кей деректерде Бекке аталып, Қағба қажылар тауап ететін қасиетті орынға айналды. Исмайылдың ұрпағы өсіп-өне берді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы міндетпен келуі – періштенің Ажарға берген уәдесінің орындалғаны. Ислам діні күн өткен сайын жайылып, замана ағысымен жаңара берді. Алланың Тауратта айтқан ақиқаты жүзеге асты. Қазір де жыл өткен сайын мұсылман үмбетінің саны көбеюде.

ә). « Алла адамзатқа Синада жақындады, Саир де байқалды, Фаран тауларында көрінді» («Тәсния», 33/2). Бұның түсініктемесі мынадай:

Жаратушы Иенің Синада жақындауы – Сина тауында Мұса пайғамбарға (а.с.) Таураттың түскені, Саирде байқалғаны – Исаға (а.с.) Інжілді бергені. Фаран тауларында көрінуі – расулаллаға Құранды уахи етуі. Фаран – Мекке маңындағы таулардың көне замандағы атауы. Алла елшісі (с.а.с.) пайғамбарлығынан бұрын Хира үңгіріне жиі баратын. Міне, сол күндердің бірінде алғаш рет уахи түсті. Таурат осы ақиқатты тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Ал Жохан Інжілі өз кезегінде хазірет Исаның (а.с.) хауарилеріне былай дегенін айтады: « Егер маған деген көңілдерің шынайы болса, сөзімді жерге тастамаңдар. Раббым сендерге ақиқат рухы Фарақлитты жібереді. Ол үлкен рух иесі, сендермен бірге болады. Раббым оны менің есіміммен жібереді. Ол сендерге бәрін де үйретеді, айтқанымды қайталайды. Келгенде бірден иман етсін деп қазір әдейі айтып отырмын. Жандарыңда көп бола алмаспын, өйткені әлемнің мырзасы келе жатыр » (Жохан, 14/15, 16, 26, 29, 30).

Иса (а.с.) исрайыл ұлдарының қыңыр мінезін жақсы білгендіктен, соңғы пайғамбардың ерекшеліктерін осылайша жақсылап түсіндіруге тырысқан. Әсіресе, есімінің Фарақлит аталатынын айтқанын баса көрсету қажет. Бұл есімге үлкен зерттеу жасаған ғалым Абдулахад Дәуіт бұл сөздің «көп мақталған», «үлкен», «атақты» деген мағынаға саятынын, «Ахмет» деген есімнің синонимі екенін алға тартқан. Сонымен қатар, сипаттары Хамид, Хаммад, Муиз, Мухлис мағыналарына да тура келеді. Христиандар да бұл сөзді «мақталған», «құтқарушы» мағынасында қолданады. Түйініне тоқтасақ, қараңғылықтың қақпасын Құранның кілтімен ашқан Мұхаммедке (с.а.с.) лайық сөз екені даусыз. Сондай-ақ Хазірет Мәсіхтен кейін Мұхаммед Мұстафадан (с.а.с.) басқа ешқандай пайғамбар келмегеніне қарап, жоғарыда айтылған « Жандарыңда көп бола алмаспын, өйткені әлемнің мырзасы келе жатыр» де ген сөзден, барша адамзатқа пайғамбар болып келетін Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) айтып, сүйіншілеп кеткенін түсінеміз.

Иса (а.с.): «Біз ақиқатты айтамыз. Фарақлит келуі үшін мен кетемін. Ол бүкіл әлемді тура жолға тәрбиелеп, қараңғылықтың тамырына балта шабады. Ақиқат рухы тура жолды нұсқайды. Өз жанынан ештеңе қоспай тек Алланың әмірін айтады...» (Жохан, 16/7-13).

Хазірет Исаның сөздері түгелімен расқа шықты. Кітап иелеріне Исаның (а.с.) дар ағашқа таңылып өлмегенін және анасының пәк екенін айтты. Алла елшісі (с.а.с.) күллі елшілердің ортақ ұстанымындай тәухидті түсіндіріп, Исаның айтқандарын қайталады. Үш құдайлық ұғымның шектен шыққан қате екенін ұғындырып, үмбетіне пайғамбарға сүйіспеншіліктің шариғаттық шеңберінен шығып кетпеуін қатаң ескертті.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: