Алла үшін жасалған қызметтерге нәпсілік ойлар мен армандарды араластырмау өте маңызды. “Қызмет ері” ең көп назар аударатын мәселе – табысты өзінен емес, Раббысынан деп білуі. Ал табысты өзінен деп білсе, масаттану мен тәкаппарлыққа жол ашады. Бұл оның рухани қателігі мен сәтсіздіге болады.
Аят кәримәда былай делінген: «...Тым есірме! Есіргендерді, расында, Алла сүймейді» ("Қасас" сүресі, 76-аят).
Хақ Тағала мұсылмандардың Бәдірдегі жеңістері туралы айтқанда: «(Ей, мұсылмандар!) Оларды (мүшріктерді Бәдір соғысында) сендер (өз күштеріңмен) өлтірген жоқсыңдар, қайта (сендерге медет беріп,) Алла өлтірді. (Ей, Расулым! Бір уыс топырақты кәпірлерге) лақтырғанда сен лақтырмадың, Алла атты. (Және бұны) мүминдерді Өз тарапынан сынау үшін (жасады). Әрине, Алла барлығын толық естіп, біліп тұрады» ("Әнфәл" сүресі, 17-аят) деп, істің шын мәніндегі атқарушысының Өзі екенін білдірген.
Істеген қызметімізге нәпсімізді араластырмай, тек Алла разылығын ғана көздесек, сонда Аллаһтың рахметі мен ілтипаты көрініс табады да, шын табыс іске асады. Тіпті, қолымыздағы мүмкіншіліктеріміз бен қабілетіміз, ынтамыз шектеулі, әлсіз болса да... Құран Кәрімде айтылғандай, Мұса сиқыршылармен кіріскен күресінде өз қабілеті тұрғысынан әлсіз, шектеулі көрінгендіктен ір мезет қорқыныш ұялатқан болатын. Бірақ Алла Тағаланы паналап, Оның әміріне сай әрекет етуінің нәтижесінде иләһи құдірет іске асты. Құдайдың жәрдемі жетіп, сиқыршыларды әлсіз қалдырды... Сондықтан Хақ жолындағыларға тиесілісі – қолынан келгенді істеп, соңын Аллаға тапсыру. Сондай-ақ істің нәтижесі Оның ұлық мұраты мен ілтипатымен ғана іске асатынын білу.
Аталарымыз бұл шындықты: «Маупиық Алладан...» деп қысқа да нұсқа қайырып айтқан болатын. Қысқасы, біз тұқымды топыраққа отырғызамыз, ал оның үлкен шынар ағашына айналуы немесе шіріп жоқ болып кетуі арасындағы тағдыр ұлық Раббымыздың қолындағы іс. Мысалы, қолындағы таяқты жерге тастаған Хазіреті Мұса. Алайда оны жыландарды жұтып жеп жіберетін айдаһарға айналдырған Хазіреті Алла... Сондықтан қапыда қалмай, қол жеткізген нығметтер мен табысқа емес, оны сыйлағанға қарау керек.
Ұтбә бин Ғазуан былай деген: «...Күмәнсіз, дүние өткінші екенін хабарлаған әрі өте тез өтіп кетті. Онан артта қалғаны ыдыстың түбіндегі су қалдығындай ғана болып, иесі оны бір-ақ жұтып іше салады. Сендер бұл дүниеден шегі мен соңы жоқ бір жаққа баратындарың сөзсіз. Сондықтан ол жаққа қолдарыңдағының ең жақсысымен барыңдар... Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге болған жеті кісінің біреуі болған күнімді көрдім. Ағаш жапырақтарынан басқа азығымыз жоқ болатын. Сол жапырақтарды жегеннен ауызымызға жара шыққанды. Жамылатын бір шапан тауып, оны екіге бөліп, Сағд бин Мәлікпен (Ибн Әби Уаққас) бөліскен едік. Ал бүгінгі таңда әрбіреуіміз әрбір қалаға әкім болып отырмыз. Сондықтан мен өз-өзімді үлкен санап, Алла алдында кішкене болудан Аллаға сиынамын...» (Мүслим, Зүһд, 14).
Хазіреті Мәулана бұл мәселені былай тілге тиек етеді: «Отқа қыздырылған темірдегі қызылдықты темірден деп ойлама! Өйткені ол оттың оған уақытша жарық пен қызу бергенінен ғана тұрады. Егер терезе мен үйді жарыққа толғанын көрсең, сен оны жарық деме. Жарық беруші Күн. Күн өзінен шағылысқан сәулелермен мақтанып тұратындарға былай дейді: «Ей, түсінігі жоқ тәкаппарлар! Сабыр сақтаңдар, мен ана таудың немесе мына дарияның артына барып, көкжиектен жоғалайын, сонда шындықты білерсіңдер».
материал «Рухани шыңның ұлы сатысы» кітабынан алынды,
ummet.kz