Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігіне сапары барысында Жидда қаласында Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссамен кездесті.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты арттыру, ортақ бастамаларды жүзеге асыру жөнінде сөз болды. Сондай-ақ доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Исса ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлануымен және Діни басқарманың 35 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы Бас хатшыға алғысын білдіріп, әлемдегі мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту жөнінде пікір алмасты.
«Біздің мақсатымыз – тәуелсіздік алған тұстан бері бейбітшілікті ұстану, әлемде болып жатқан жанжал, дінаралық қақтығыстардың алдын алу. Осы ретте Лиганың атқарып отырған жұмысы орасан зор. Мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту бағытында да көптеген жұмыс атқарылуда. Игі істеріңізге әрқашан сәттілік тілеймін. Алла разы болсын!» деді Бас мүфти.
ҚМДБ Төрағасы Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысын Қазақстанға арнайы шақырып, ортақ жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.